sdr

ҚР БҒМ ҒК «Философия, саясаттану және дінтану» институтында көпшілікті әрдайым толғандырып жүрген көкейкесті мәселеге орай басқосу жиыны өтті. Алқалы пікірталастың тақырыбы:  «Бірлігі мен әртүрлілігі тұрғысынан шығыс пен батыс мәдениетінің диалогы: көне заман, орта ғасыр, жаңа және қазіргі уақыт» атты халықаралық ғылыми конференция.  Диалогты ұйымдастырушылар ҚР БҒМ ҒК «Философия, саясаттану және дінтану» институты мен  Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, «Санкт-Петербург Кәсіподақтар гуманитарлық университеті» атты жоғары кәсіби білім мемлекеттік емес білім мекемесінің Алматыдағы филиалы жанындағы Антиктану Орталығы, М.П.Мусоргский атындағы Урал Мемлекеттік консерваториясы (Ресей Федерациясы, Екатеринбург қаласы).

Жиынды «Фиолософия, сясаттану және дінтану» институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ақан Бижанов ашып жүргізіп отырды.
— Батыс пен Шығыс диалогы бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ, ол бұрыннан да бар мәселе. Ол проблема ежелгі екі империя — Қытайдың Цин империясы мен Рим империясы арасында да болған. Ұлы Жібек жолы сол өркениеттің көрінісі. Ол кезде Америка болмаған. Бүгінде ақпарат құралдарына көз жүгіртсеңіз, қазіргі жағдай күрделі. Осы орайда Қазақстан мен Орталық Азия елдері өз таңдауын жасап, бір жағына шығуы керек. Саяси тұрғыда келсек, батысқа бет бұрудамыз. Жалпы, «5+1» деген не? Ол Орталық Азия мен Америка дейді кей сарапшылар. Ал біз Ресейдің ежелгі көршісіміз. Ал көршіні ешкіммен, ешқашан айырбастай алмаймыз. Біз үшін «5+1» деген Қазақстан мен Орталық Азия және Ресей деп көрсетер едім. Өткен ХХ ғасыр өте ауыр кезең болды. Бір ғасырда талай зобалаң бастан өтті. Содан сабақ алуымыз керек. Ал мына үстіміздегі ғасырда сондай қиын кезеңдердің бетін аулақ етсін. Мен «3+1» дегенді айтар едім: Ол Ресей-Қытай-Америка және Қазақстан мен Орталық Азия. Біз болашақтан нені күтеміз? Бізге ежелгі жақын көрші керек пе, жоқ әлде алыстағы, мұхиттың арғы жағындағы ел керек пе, осыны жақсы ойлауымыз керек. Философ-ғалымдар бұл мәселені зерттесін, — дейді конференцияға қатысқан қоғам қайраткері, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.
Өз кезегінде «Санкт-Перербург Кәсіподақтар гуманитарлық университеті» атты жоғары кәсіби білім мемлекеттік емес мекемесінің Алматыдағы филиалы жанындағы Антиктану Орталығының өкілі, ғалым М. Әбішев: Батыс та емес, Шығыс та емес, адамның екі ұлы бар. Міне осы екі өркениет өзара тіл табысуы тиіс. Аймақтық, саяси, экономикалық әрқилы көзқарас өзара келісімге келуі шарт. Қазіргі әлемдегі текетірес асқынып тұр. Мәдениеттің жақындасуы, өзара ықпалдастық адамзатты ілгері дамытуы тиіс,- деген ойын ортаға салды.
Конференция Шығыс пен Батыс мәдениеттері-нің диалогында бұл тақырыпты олардың ерекшеліктері тұрғысынан ғана емес, бір-біріне өзара ықпал ету тұрғысынан қарастыруға үндейді. Осы мақсатта, Қазақстан, сондай-ақ Шығыс пен Батыс өркениеттерінің тарихи тағдыры контексінде, қазақстандық және шетелдік зерттеулердің нәтижесін жүйелеуге талпыныс жасалып отыр.
Сондықтан да конференция алдына қойып отырған ауқымды мәселелер мен талқыланатын проблемалардың түп-төркіні де өзекті:
— Қазақстан кеңістігіндегі мәдениеттердің шығыстық және батыстық тұжырымдымаларының диалогы: ерте заманнан қазіргі уақытқа дейін;
— Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзара қатынастары тарихындағы дінаралық диалог проблемалары;
— Көне заман, орта ғасыр, жаңа және қазіргі уақыттағы Шығыс пен Батыс мәдениеттердің бірлігі;
— Шығыс өркениетінің мәні мен ерекшеліктері: көне заман, орта ғасыр, жаңа және қазіргі уақыт;
— Батыс өркениетінің мәні мен ерекшеліктері: антик заманынан қазіргі кезге дейін.
Конференцияға белгілі отандық және шетелдік ғалым-философтар, саясаттанушылар, дінтанушылар, тарихшылар, мәдениет және білім саласының қызметкерлері және басқалары қатысты.

Саясат БЕЙІСБАЙ,
«Философия,
саясаттану және дінтану» институтының
бөлім жетекшісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз