ГОЛОЩЕКИН МЕН МИРЗОЯНҒА АРНАП «ПАРК» САЛЫНСА ЕКЕН…

0
1061

Қарағандыдағы армян ылаңы кезінде Арменияның «Armenianreport.com» деген сайты қазақ ұлты туралы оттаған мақала жариялағаны естен шыға қоймаған шығар. Авторы — Тевос АРШАКИЯН деген біреу. Сонда ол қазақ ұлты туралы «настоящий фашизм», «безграмотных и бескультурных», «диких сородичей» т.б. дей келе, «олар көшеден Мирзоянның атын алып тастамақ екен», — деп бір кіжініп еді ғой.
Шынында бұрын Мирзоянның атында Алматыда көше бар еді. «Сол көшенің атын өзгерту керек», — деп біраз қазақ азаматтары аттандап пікір айтқанбыз. Жақында көрдім, қала әкімшілігі Мирзоянның атын біздің сөзімізден әлдеқашан бұрын-ақ жойған екен. Алматы ғана емес, Астанада да Мирзоянның аты жазылған тақтайша «мусорға» әлдеқашан лақтырылыпты. Әкімшілікке, ономастикалық комиссияға рақмет, әй, кейде біз де ақпаратты анықтап алмай жатып, қызды-қыздымен асығыс айтып жібереміз-ау. Әрине, оның зияны жоқ. Басқа қалаларда Мирзоянның аты өшірілмеген көшелер болуы мүмкін.
Алматыдағы көшенің Мирзоян аты жойылып, орнына ұлы ғалым Шапық Шөкиннің есімі қойылыпты. Көзім түскені сол, қуанып кеттім. Қуанышымды көшеде кетіп бара жатқан апаймен бөлісейін деп айтып едім, ол апай тіпті селт етпеді.
— Өзгертсе өзгерткен шығар, — деді немқұрайлы.
— Апай, сіз Мирзоян дегеннің кім екенін білесіз бе? — деп сұрадым, оның бетін бері қаратпақ болып.
— Білмеймін, естуім бар.
— Ол қазақты ашаршылыққа ұшыратқан Голощекиннен кейін Қазақстанды басқаруға келген армян. О да Голощекиннен қалыспаған. «Халық жауы» деп, көп қазақты атқызып жіберген.
— Ол ит сондай ма еді! — деп, сонда ғана тұтанып кетті әлгі апай. Менің де атам «Халық жауы» боп атылып кеткен. Осы ит екен ғой сонда атқызған.
— Қай жылы атылып еді?
— 1938 жылы.
— Міне, — деп, Мирзоянның Сталинге 1937 жылғы желтоқсанның 2-сіндегі жазған хатын смартфоннан көрсеттім, ол осы аса құпия хатында бұған дейін Кремль берген жоспар бойынша 1-категориямен 8 мың адамды, 2-категориямен 8 мың адамды репрессияға ұшыратқанын жазыпты. Енді ол аз болғандай, тағы да 1-категориямен 600 адамды, 2-категориямен 1 мың адамды ұстауға рұқсат сұрапты. Сіздің атаңыз 38-жылы атылса, оны Сталиннен өтініп сұрап алған Мирзоян.
— Не дейді? Категориясы несі? — деді әлгі апай үрейленіп.
— 1-категория — ату, 2-категория — түрмеге жабу шығар. Әлде, екеуінде де атты ма екен, әйтеуір аман қоймаған.
— Сұмырай екен! Көрінде өкірсін екеуі де! Ашаршылықта қырылған туыстарымыз да бар.
— Ендеше сол екі сұмырайға арнап әкімшілік парк ашайын деп жатыр екен.
— Е-е, о ненің құрметіне? Қазақты қырғаны үшін бе?
— Иә, қазақты қырғаны үшін.
— Онда мен митингіге шығам! Аштық жариялаймын!
— Тұра тұрыңыз, ол парк басқаша парк болатын көрінеді.
— Қандай?
— Қап-қара тастан құбыжық қып екеуінің мүсінін қояды екен. Жан-жағына тақта тастар орнатылып, оған ол екеуінің зұлымдық істерін әшкерелеген сөздер мен цифрлар қашап жазылады екен.
— Сосын? Сосын қайтеді екен?
— Жыл сайын сол паркке «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» халық жиналатын болады. Әкім де барады. Митинг болады. Сонда бұлардың қылмыстары айтылады. Жастарға тарихи шындық түсіндіріледі. Әйтпесе жастар бұлардың кім екенін біле бермейді. Сіз де білмей тұрсыз. Сол жерде алдын ала қара батпақ дайындалады. Барған адамдар сосын әлгі екі сұмырайдың беттеріне қара батпақ лақтырады. Ол батпақ солай жуылмай келесі жылға дейін тұра береді, — деп қиял-ғажайыпты соғып жібердім.
— Жақсы идея екен мынау, қашан салады екен ол паркті? — деп дүрдиіп шықты апай.
— Жақында дейді ғой.
— Тезірек салса екен! Мен онда екі есе лақтырар едім батпақты, — деп көзі жайнап кетті.
…Ол апай қазір менен естіген осы әңгіменің майын тамызып, маңайына айтып та жүрген шығар. Сіздер естіген жоқсыздар ма?

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.