ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин елорда маңын мекен еткен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, жергілікті әкімдердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту үдерісін тексеріп, халықтың жағдайын өз көзімен көріп қайтты.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезінде «Үкімет пен әкімдер мәселені популизмге жол бермей, нақты шешуі тиіс», — деп атқарушы биліктің халықпен етене жұмыс істеуі керектігін ескерткен еді.
Осы орайда Асқар Мамин Үкіметтің жаңа құрамдағы алғашқы жиынында: «Біздің құрам айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірнеше міндеттер жүктеп отыр. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын жақсарта аламыз», — деп Үкіметке жүктелер міндеттің жеңіл емес екеніне тоқталған болатын.
Жұмысын тұрғындардың тұрмысымен танысудан бастаған Асқар Маминге Астана әкімі Б. Сұлтанов Елорданы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Қаланың жекелеген аудандарын орталықпен біріктіретін, сондай-ақ жолаушыларға барар жерлеріне қысқа уақыт ішінде жетуге мүмкіндік беретін жеңіл рельсті көлік жолын салу мәселелерімен таныстырды. Қала басшысы саяжай үйлерін сүріп, олардың орнына муниципалдық тұрғын үйлер салып, көпбалалы және әлеуметтік мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту үшін аумақтарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Қабанбай батыр орталық қала магистралін кеңейту перспективаларын талқылады. Іске асып жатқан ірі жобалардың бірі — қала көшелеріндегі көліктер ағынын шектеуге ықпал ететін «Астананың оңтүстік батыс айналма жолы» магистральді трассасының жұмыс сапасымен танысты.
Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин «Қараөткел» ауылын Астана қаласының теңгеріміне беру үдерісі туралы, Қоянды кентін дамыту және Целиноград ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын іске асыру жөнінде баяндады. Мұнда халықты су деңгейінің көтерілуінен қорғау мақсатында бөгет салу және «Ильинка» кентінен шығыс жаққа қарай орналасқан жеке тұрғын үйге инженерлік желілер жүргізу мәселелері қаралды.
Сапар барысында Үкіметбасы «Пригородный» тұрғын үй кешені, «Өндіріс тұрғын алабы және «Ильинка», «Қоянды» секілді халық көп шоғырланған қала маңындағы кенттерді аралап, дәрігерлік амбулаториялар мен білім беру ошақтарының жұмысына зер салды. Жұмыс сапарының қорытындысына сәйкес Премьер-министр Астана, Ақмола облыстарының әкімдеріне және тиісті министрліктерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз