Ата-бабаларымыз бізге мирас етіп қалдырып кеткен ұлан-ғайыр жеріміздің көркі Швейцариядан бірде-бір кем емес. Бурабайлы Көкше Альпілерден артық болмаса осал емес. Алатау, Тарбағатай таулары, Арал теңізімен қоса Алакөл, Балхаш көлдері және жер жаннаты Жетісу, керек болса Бетпақдаладай шөлді аймақта Мойынқұм, Қызылқұмдар да орналасқан.

Керек болса, қойнаулары Менделеев кестесіндегі элементтерді түгел қамтыған қазба байлықтары бар ұшы-қиыры шексіз жерімізді мақтан етеміз. Тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басында Президентіміздің өзі: «Біздің бар байлығымыз Орталыққа — Мәскеуге кетіп жатыр, тек 20 пайызға жуығы ғана республикамызға тиесілі болатын, әлі көресіңдер, он-он бес жылдан кейін байлығымыз жағынан Кувейттен де асып кетеміз», — деп еді ғой. Енді 30 жылға тақап қалды емес-пе, сол Кувейт қайда, біз қайдамыз? Шындығына келгенде, Жаратқан Иеміз тарту еткен қазба байлықтарымыздың қызығын кімдер көруде? Қара алтынымыз батыс елдері мен Қытайға, мысымыз кәрістерге, көмір-теміріміз үнділік алпауыт пен т.б. иеліктеріне өтіп, хан-талапайға түсті. Орасан зор қазба-байлықтарымыз бола тұра шетелдерге 170-180 миллиард АҚШ долларындай қарызбыз…
Есесіне Ким, Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Митталдай жатжұрттықтарды қисапсыз байытып «арандары ашылған айдаһарларға» айналдырдық. Олардан қалысқылары келмей Тимур Құлыбаев пен Болат Утемұратовтай қандастарымыз да байқуатты миллиардерлердің қатарынан табылды. Жер асты байлықтарынан қарапайым халыққа дәнеңе де бұйырмай, бүгінде жоқшылықты жұмыссыздық пен дағдарысты — қиыншылықтың күйін кешуде. Сондықтан да амалдың жоқтығынан жергілікті халықтың көбі, кей дерек көздеріне қарағанда 9 миллиондай адам түрлі деңгейдегі Банктерге жоғарғы пайызбен несиеге шырмалып, қарыздардың қамытынан құтыла алмауда. Өркениетті деген мұсылман елдерінде өз халқына шындап жаны ашыйтындай басшыларының бар екендігін естігенде, шіркін, біздің билік неге олардан үлгі алмайды деп еріксіз армандайды екенсің.
Мәселен бір мұнайға ғана телміріп отырған Арабияның жетінші королі Салман Азиз әл Сауд қазір 83 жаста екен. Ол 2015 жылы билікке келгенде халқына ерекше қамқорлық жасапты. Сонымен де ол елінің үлкен алғысына бөленген адам. Әлі күнге әлемдегі ең қолы ашық патша саналады. Сонда Салман Азиз әл Сауд не істеген дейсіз ғой? (А.Қарашевтың Фейсбук парақшасынан. 12.01.2019 жыл.) Ол Сауд Арабиясының королі болып сайланған жылы 20000 сотталған адамға рақымшылық жасады. Одан бөлек 30 миллиард АҚШ долларын бөліп, банктерде 1 миллион риалға дейін несиесі бар қарапайым Араб азаматтарының кредиттерін кешірді. Әрине, мұндай жомарттықты жұрт жылы қабылдады. Сондай-ақ, король Араб елді мекендерін газдандыру мен ауызсу мәселесін шешу (20000 аса халық тұратын Шу ауданының орталығы Төле би ауылында әлі күнге дейін аспандаған бағаның кесірінен тұрғындардың газға қосылуы мен сапалы ауызсу мәселесі шешілмей келеді. М.У.) жұмыстарымен де айналысты. Король болмай тұрған кезінде ол әлемдегі бір қалыпты ең ұзақ уақыт басқарған мэр ретінде де белгілі. Ол Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласын 1963 жылдан 2011 жылға дейін 48 жыл басқарды. Осы уақыт арасында Эр-Рияд қаласының тұрғыны 160000 адамнан 7 миллион адамға дейін өсті. Халқы үшін өлшеусіз жақсылық жасаған Салман Азиз әл Саудқа қарапайым жұртшылығының дән ризашылығымен қоса өзгелер қызыға қарайтын шығар. Алысқа бармай-ақ, кеше ғана Кеңес Одағының «шекпенінен» бізбен бірге тәуелсіздік алған Грузия елінен де біршама жақсылықты хабарлар естіле бастады. Халқы Қазақстаннан 4 еседей кем, қазба байлықтары да мардымсыз Грузияның беделді бір ғана кәсіпкері 500000-дай отандастарының банкілеріндегі қарыздарын кешіріп, рақымшылық жасағандығын өткен жылы баспасөз беттерінен оқыдық. Біздің елімізде де қалың жұртшылыққа осындай жақсылық жасауға неге болмасқа? Шетелдік банктер мен офшорлық аймақтарда қаншама миллиардтаған қаражаттарымыз қармалып жатыр. Кейін олар иелеріне бұйырады ма, әлде бұғақталады ма тағы белгісіз. Сол қаржылардың біраз бөлігін алдыртып осындай халықтық игі шараларға пайдаланғанда жұртшылықтың алғысына бөленер еді ғой. Бірнеше ондаған-жүздеген миллион теңге несиелік кредит алғандарға емес, бір миллион теңгеге дейін ғана қаржылық несие алған қарапайым қарашаға ғана рақымшылық жасауға болатын шығар. Тіптен, көпшіліктің зейнетақы сақтау қорының өзінен екінші деңгейдегі банктерге жүздеген миллиардтаған теңге бөлініп келгенімен пайдасы шамалы болып тұр. Сол ауқымды қаражатты банктердің өзіне емес, жоғарғыдай несиелік кредиттерге қарызданған қарапайым жандардың есепшоттарына түсетіндей жағдай жасалуы керек еді. Биліктің дағдарысты — қиыншылықтағы халыққа жақсылықты-рақымшылық жасап кешірімді-ризашылығын алулары өздері үшін, келешек үшін керек!

Мәкен  Уақтегі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз