«Qazaqstan dauiri» газетінің 10 сауалына
СҚО әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың қайтарған жауабы

«Батыр» атты
«К-704» тракторлары құрастырылады

— Өңірлеріңіз аграрлы облыс болып саналады. Жергілікті диқандар мол өнім алумен бірге пайдалы болу үшін, осы саланы жер жағдайына байланысты қалай дамыту керек деп ойлайсыз?
— Солтүстік Қазақстан облысы — аграрлы өңір болып саналады. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 500 млрд. теңгеден асып жығылды. Күзгі орақта 5,3 млн. тонна бидай қамбаға құйылды. Алайда соңғы жылдары біз ауыл шаруашылығын әртараптандыруға көп көңіл бөліп келеміз. Бидай алқаптарын азайтып, майлы дақылдардың үлесін көбейтіп жатырмыз. Былтыр оның көлемін 1 млн. гектарға жеткізіп, олардан 1 млн. тонна өнім жинап алдық. Бидайға қарағанда майлы дақылдардың нарықтағы құны 3 есе қымбат. Сондықтан диқандар үшін күнбағыс, рапс, зығыр өсіру — тиімді бизнес. Биыл облыста соя бұршағын еге бастаймыз. Үстіміздегі жылы 10 мың гектар аумаққа осы дақылды егу жоспарланған. 2020 жылы оның көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайтамыз. Майлы дақылдардың негізгі бөлігі Қытайға экспортқа жөнелтілетін болады.
— Агроөнеркәсіп кешенінің ауыл шаруа-шылығы техникаларымен жабдықталуы қалай? Қазақстанда, оның ішінде облыста жасалған техникалар агроқұрылымдар үшін қолжетімді ме?
— Облыста ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Алдағы көктемгi егiс науқанына 13,6 мың техника жұмылдырылмақ. Биыл диқандар 30 млрд. теңгенiң 1600 жаңа техникасын сатып алуды жоспарлап отыр. 2018 жылы агроқұрылым өкілдері 1560, 2017 жылы 1269 техника сатып алған болатын.
Бiз бұрынғы «Қазтехмаш» зауытының аума-ғында ауыл шаруашылығы техникасын жинайтын жаңа кәсiпорын ашуды жоспарлап отырмыз. Таяуда немiстiң «CLAAS» компаниясымен келiссөздердi тәмамдаймыз. Бiздiң делегация Германияға барды, олардың өкiлдерi бiзге келдi. Ауыл шаруашылығы министрiне кiрiп шықты, барлық инстанцияларды өттi. Бұл компания комбайн, трактор және егiн себу кешендерiн жинайтын әлемдiк көшбасшы.
Облыс орталығында Ресеймен бірлескен кәсіпорында «Батыр» атты «К-704» маркалы тракторлар құрастырылады.
Осының барлығы ауыл шаруашылығы техникаларының өзіндік құнын арзандату, аграрлық сала қызметкерлерін қолжетімді заманауи техникалармен қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан шаралар.
— Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және Кеңес одағы дәуірінде облыс қорғаныс мақсатындағы зауыттарымен әйгілі болды. Әлемге қатерлі «Қанатты ракета» қондырғыларының СҚО-да шығарылғаны белгілі. Сол зауыттардың қазіргі жағдайы қалай?
— Облыс орталығындағы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» мен «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-ларда қазір жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 6,7 млрд. теңге бағытталды. Бiздiң екi зауыт соңғы 10 жылда алғаш рет жаңарту жұмыстарына қаражатты тiкелей республика бюджетiнен алып отыр. Қазiр зауыттар қондырғыларды жеткiзумен айналысуда. Жуық арада 300 жоғары өнiмдi жаңа қондырғы алынады. Кәсiпорындарды жаңғыртудың арқасында еңбек өнiмдiлiгi артып, өнiм шығару екi есеге көбеймек. С.М.Киров атындағы зауыт бойынша үлкен жоспарлар бар. Бiз бір жыл бойы осы кәсіпорын бойынша жұмыс істедік. Жуырда зауыт 13 млрд. теңгенiң тапсырысын ұтып алды. 2018 жылы өндiрiс көлемi 4,6 млрд. теңгенi құраса, биыл 20 млрд. теңгеге жетпек. Яғни, 5 еседей өседі.

Көпбалалы
отбасылар баспанамен қамтамасыз етіледі

— Кезінде «Дала кереметі» атанған «Биохим» іске қосылар-қосылмаста тоқтап қалғанын БАҚ арқылы жақсы білеміз. «Қазақстанда теңдесі жоқ» деген кәсіпорынның бүгінгі жағдайы туралы не айтасыз? Тоқтап тұрған кәсіпорынды іске қосу мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
— Бұрынғы «Биохим» аталған, ұзақ жыл тоқтап тұрған “Bio operations” зауыты 8 жылдан кейін қайта іске қосылды. “Bio operations” — еліміз және оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы үшін стратегиялық маңызға ие өндіріс ошағы. Зауытты қалпына келтірудің жалпы инвестиция көлемі 11 миллиард теңгені құрады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна бидай өңдей алады. Өндіріске тек жергілікті шикізат пайдаланылады. Былтыр крахмал мен балауыз шығаратын цех іске қосылды. Биыл зауыт биоэтанол өндіре бастайды. Биоэтанол бензиннің октан санын көбейтіп, экологиялық таза өнім қылады. Еліміздің мұнай өңдеу зауыттары биоэтанолды қолдана алады. Отандық мұнай зауыттарының «Еуро-5» бензинін шығаруға көшкенін ескерсек, отандық биоэтанолға сұраныс жоғары болады.
— 2018 жылы қараша айында Сіздің облыста өткен Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістеріне арналды. Қызылжар өңірінің туристік әлеуеті қалай? Туризмді дамыту үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
— Былтырғы жолдауында Елбасы iшкi және сыртқы туризмді дамытуға баса көңiл бөлдi. Мемлекет басшысы Айыртау ауданындағы Шалқар көлiнiң бай әлеуеті бар екендiгiн айтты. Президенттiң тапсырмасы бойынша Имантау-Шалқар үздік он туристік аймақтың қатарына кірді. Айта кету керек, былтыр туризм нысандарына апаратын көлiк инфрақұрылымын жаңарттық. Жолдарды жөндеуге 2017 жылы 1 млрд. теңге бөлiнсе, өткен жылы 3,2 млрд. теңге бағытталды. 150 шақырым жол жөнделiп, туристердiң жол уақыты бiраз қысқарды. Шалқарда автокараванинг туризмі бағытын дамытып жатырмыз. Биыл инвесторлар атақты «Шалқар су» санаторийін қайта қалпына келтіреді. Бұл бағытқа 1 млрд. теңге жұмсалмақ. Елiмiздiң тұрғындары Шалқар және Имантау сынды облысымыздың көрiктi жерлерiмен таныса алады. Айта кету керек, бұл курорттық аймаққа көптеген ресейлiк туристер келедi. Тек былтырдың өзінде туристердiң саны екi есеге ұлғайды. Біз өңiрде экотуризмді дамытуға да көп көңiл бөлеміз. Солтүстiк Қазақстан таза экологиялық өнiм шығаратын өңiр, тиiсiнше терiскейдiң экологиясы таза. Облыста 2 мыңнан аса мөлдiр көл, 700 мың гектардан аса орман бар.
— «Петропавловск news» порталы: «Қазақстанның солтүстігінде Президенттің тұрғын үй құрылысы бағдарламасы орындалмай қалуы мүмкін», — деп дабыл қақты. Көне шаһарды жаңғырту жұмысы қалай жүргізілуде. Сонымен бірге облыс орталығындағы апатты тұрғын үйлер мәселесі қалай шешілуде? Баспана кезегінде тұрғандарға жалдамалы тұрғын үй салу мәселесі жөнінде не айтасыз?
— Петропавл қаласын дамыту бағытында көп жұмыстар атқарылуда. 2015 жылдан 2018 жылға дейiн қала бюджетi 1,5 есеге — 28-ден 41 млрд. теңгеге дейiн өсті. Соңғы 5 жылда қаланың дамуына 158 млрд. теңге бөлiндi. 2018 жылы барлық негiзгi көшелер жөнделдi, 112 аула абаттандырылды. Биыл аулаларды жөндеуге тағы 500 млн. теңге бөлiнбек. Қала көшелерiне 2 мыңнан аса энергия үнемдегiш шам орнатылды, 2617 ағаш егiлiп, 8 саябақ қалпына келтiрiлдi. Құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа қазақ театры ғимараты мен облыстағы ең үлкен «Достық Молл» сауда үйi қаланың көркiне айналмақ. Облыс орталығында «Жас Өркен» жаңа шағын ауданы бой көтердi. 640 ескi және апатты үй сүрiлдi. Жаңа ауданда 2 мың пәтер салынуда. Петропавлда көп жылдар бойы апатты үйлердiң мәселесi шешiлмей келдi. Былтыр көпқабатты 3 апатты үй сүрiлдi. Биыл тағы көпқабатты 4 апатты үйдi бұзуды көздеп отырмыз. Облыс орталығының дамуына «Шығыс», «Орман», «Жас Өркен» шағынаудандары серпiн бермек. Құрылысқа инвестиция құямыз деген кәсiпкерлер баршылық. Жалпы, 2019 жылы 2 240 пәтер салынып, 8 мың облыс тұрғыны баспанаға ие болмақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 518 пәтер дайын, биыл осы мақсатта барлығы 851 пәтер сатылады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек басты назарда болады. Қазiр облыста 341 көпбалалы отбасы пәтер кезегiнде тұр. Оның тек жартысы биыл баспанаға ие болады. Биыл 226 пәтерге шақталған 3 үй саламыз. Бiр жылдың iшiнде осындай отбасылардың 50 пайызын баспанамен қамтамасыз етеміз.

Дәрігерлерге көтермеақы төленеді

— Бір кездері су құбырларының ұзақтығы жөнінен облыстарыңыз Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Жергілікті тұрғындардың ауызсумен қамтамасыз етілуі қалай?
— Ауызсу мәселесін шешу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. 2018 жылы 5,4 млрд. теңгеге 185 шақырым су желілері тартылды. Соның арқасында 25 мың адам тұратын 38 ауылда таза ауызсу мәселесі шешілді. Ауыл тұрғындарының орталықтандырылған су жүйесіне қол жетімділігі 81,9 пайызға дейін ұлғайды. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. 2019 жылы 24 мың тұрғыны бар 30 ауылға таза ауызсу келеді. Тиісінше, қаржыландыру 36 пайызға өсіп, 8,4 млрд. теңгеге жетпек.
— Өңірлеріңіз қатерлі ісік көрсеткішінен республика бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Емдеу мекемелерінің қалыптасқан жағдайы туралы не айтасыз? Дәрігер тапшылығы қалай шешілмек?
— Облыста медицина саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша, облыс орталығында көпсалалы аурухананың құрылысы басталмақ. Осының арқасында өңiрде медициналық қызметтiң сапасы артады.
Аурухананың жанынан дәрiгерлерге арналған 200 пәтерлiк тұрғын үй салынады. Кадр мәселесiн шешу үшiн М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де медицина факультеті ашылды. 2019 жылы медтехника алу үшiн 4 млрд. теңге қарастырылған. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп. Биыл облыс орталығының шағынаудандарында 3 отбасылық-дәрiгерлiк амбулатория ашылады. Қазiргi мақсат — амбулаториялар жергілікті тұрғындарға жақын жерде орналасуы тиiс. Бiз осы шағынаудандарда амбулаториялар ашып, 5-6 дәрiгердi бекiтемiз. Бұл мекемелер салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасатын болады. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесi де басты назарда. Қазір облыста 1434 дәрiгер, 5 мың медициналық қызметкер бар. 2018 жылы өңірге 58 жас маман келдi, оның 31-i ауылға жұмысқа орналасты. Облысқа дәрiгерлердiң келуiне жағдай жасау мақсатында 1,5 млн. теңге көтермеақы берiледi. Былтыр мұндай көмектi 40 дәрiгер алды. Биыл бұл үрдіс жалғасын табады.

Оңтүстік аймақтан
450 отбасы көшіп келді

— Көші-қон мәселесі жөнінде облыс-тарыңызда теріс сальдо қалыптасқан. Оны шешу үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
— Қазiргі мемлекеттiк саясат халықтың әл-ауқатын арттырып, облыс тұрғындарының санын көбейтуге бағытталған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оң өзгерiстердi байқап отырмыз. 2017 жылмен салыстырғанда облыстан көшiп кеткен адамдардың саны 15%-ға азайған.
Көптеген жастарымыз облыста қалуда. Шекаралық аймақтарға барып оқитын түлектердiң саны 13%-ға қысқарды. 2018 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ гранттар санын 342-ден 1072-ге дейiн өсiрдi. Жергiлiктi бюджеттен 75 грант бөлiндi. 2018 жылы оңтүстік аймақтардан 1,5 мың адам немесе 450 отбасы көшiп келдi. Биыл тағы 2 мың адам келедi. Болашағы бар ауылдарда биыл қоныс аударушыларға арналып 600 тұрғын үй салынады. Осы ауылдарға жол, мектеп, амбулатория жөндеуге, ауызсумен қамтамасыз етуге тиісті дәрежеде қаржы бағытталады.
— Облыстарыңызда елді мекендер мен көше атауларын ауыстыруға мораторий жарияланған деген сөз рас па?
— 2018 жылы облыстық ономастикалық комиссияның 4 отырысы өтті. Бұл отырыстарда 5 ауылдық округтің, 4 ауылдың, елді мекендердегі 228 көшенің атын ауыстыру туралы шешім шығарылды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады.

«Qazaqstan dauiri»  газеті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз