Абай 38-қара сөзінде: «Я хирс дүниеліктен қауымының көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса, нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуестен әрбір арзун нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпен болса керек.» (ІІ, 203). – деп, бос салғырттық, мазмұнсыз-мақсаттан алшақ болуға шақырып адамдардың нәпсіден тыйылудың ел үшін үлкен маңызына арнайы тоқталып тағлым-ғибрат жолымен түсіндіргендігін көреміз. Ол сөздікте де;
«(һауас-ун) әуес – 1) құмарлық, елігушілік, әуесқойлық; 2) қиялилық, делқұлдық» …«(һауан) һауа – 1) сүйіспеншілік, махаббат; құмарлық, ынтықтық, қызығу; 2) елес, еркелік, назданушылық, орынсыз тілек; 3) менмендік, дандайсушылық» (Н.Д.Оңдасынов. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. (Қазақ тіліндегі араб сөздері) 2-том жалпы редакциясын басқарған академик Ә.Т.Қайдаров. Алматы «Мектеп» 1989. 286 б. 204-бет).
Абай айтқан һәуас парсының «һәвас» сөзі; 1) әуесқойлық, ынтықтық, 2) әсерлі тілек, 3) таңдану, 4) ынта, ықылас, қалау, (Персидско-русский словарь: В 2-х тт.Свыше 60 000 слов. – М.: Рус. Яз., 1985, Т.ІІ. 864 с. стр. 733) хауас, хауаси болып келіп тұр. Арабта «һауас-ун» – екі мағынада беріледі; 1) әуес, елігушілік, әуесқойлық, 2) қиялилық, делқұлылық екі сөздіктің де бірінші айшықтарында айтылғаны әуестік деген ұғымға дұрыс келеді.
Абайдың 38-қара сөзінде адамның көңіл-күйі «һәуа», «һәуас» – «әуестен» дейтін сөзден шығып келетін «һәвәс – құмарлық, әуесқойлық» (Жеменей Ислам. Парысша-қазақша сөздік. – Алматы: «Зерде», 2003, 448 бет. 438-бет), ынтықтық, қалау, ынтызар болу тағы басқа синонимдік тізбекті құрап,. Парсының және түркінің «һәвәс» һауас деген сөзімен сәйкес келіп тұр. Мұнда «һавас» арабтың сөзінен алынған әуестену, құштар, ынтығу, қызығу сияқты мәндес сөздерден іздесек «қас» сөзі тым, нағыз, қаса, өте, аса, ерекше сөздерінің баламасы болса керек-ті. «Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» (І, 22) деген Абайдың бұл өлеңінен алынған мысалдағы «қаса» сөзі заһириді (сыртқы бес сезімді) көзбен көру сезімі арқылы орындалып тұр.
Тағы да бір сөздікке жүгініп көрейік: «Хаос [гр.] – в древнегреческой мифологии – зияющая бездна, наполненная туманом и мраком, из которой произошло все существующее» (Словарь иностранных слов. – М.: Русский язык, 1980. – 624с. стр.558). Мазмұны: Хауас грекше – көне грек мифологиясында – үңірейген тұңғиық, тұманмен қапталған және қараңғылықтың пайда болуы.
Адам бойындағы «һәуасты» қанағаттандыру жолында адамның мәнсіз өмірге риза болуы. Хауасты құмарлықпен шатастыруға болмайды, ол – нәпсінің шектен шыққан түрі. Нәпсісін тыйған адамдардың қарасын жылдан-жылға азайту қай қоғам болса да мүдделі. Абай 38-қара сөзінде «һәуа һәуастан әрбір арзуи нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар бола ма екен деген үмітпен болса керек.» (ІІ, 203-204) – деп мәселені ашық қоятыны бар.
Сайдалы Уразалиев,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ,
«Абайтану» ғылыми-оқу орталығы
ф.ғ.к., доцент

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз