«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе ХАКІМ АБАЙҒА ҚҰРМЕТ осыдан басталса игі

0
458

(Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы талқыланды)

Білім беруді заманға сай дамыт!

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласын талқылауға арналған жиын болып өтті. Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев мақала туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды.
– Төрімізге жаңа енген 2020 жылы халқымыздың данышпан перзенті, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы халқаралық деңгейде, оның ішінде ЮНЕСКО аясында атап өтілетіні белгілі, – деді Т.Балықбаев. Бұл исі қазақ жұрты үшін зор мақтаныш. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай жырларын оқу челленджін өзі бастап берсе, бұл бастамаға біздің еліміздің азаматтары ғана емес, алыс-жақын шетел адамдары да кең қолдау көрсетіп, әр тілде Абай жырларын оқып, еліміздің мерейін өсірді. Енді, міне, жаңа 2020 жыл есік ашар-ашпас-та Президентіміз Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында терең мағыналы мақала жариялап, ұлы тұлғаға деген жүрекжарды ойларымен елді елең еткізді. Мемлекет басшысы Абай мұраларына терең үңілу, оны ой-санадан өткізу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ой-тұжырымдарға сәйкес келетінін айтты.
«Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтар-ға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үдерістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған». Осылай деп жазған Президент Қ.Тоқаев Абайдың үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғаны, осы идеяны барынша дәріптегені оның шығармаларынан анық байқалатынын айтады. Ал ілгерлеудің негізі білім мен ғылымда. Сондықтан Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін жан-тәнімен қалады.
Қалың елі қазағының қамын жеген Абай өз кезінде қазақтың балалары жас кезінде оқымай, өкініп қалмас үшін оларды білім-ғылымға үндеді, «Ғылым таппай мақтанбауға, орын таппай баптанбауға» шақырды. «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде оқу оқып, білім алудың мәні әкім болып елге үстемдік ету емес, халыққа шын беріліп қызмет істеу, жанашыр болу екенін меңзейді.
«Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге… –
Немесе:
«Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегіңде болсын көз»…
Және де:
«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз», – деген өлең жолдары хакім Абайдың жас ұрпаққа деген өлмес-өшпес өсиеттері.
Ол өзінің терең философиялық толғамдарға толы «Қара сөздерінде» де ілім-білімнің өмірдегі мән-маңызы туралы ой тербейді. Мысалы, «Ғылымды үйренгенде, ақиқатты білу мақсатымен үйрену керек, біліміңді біреумен керісіп, біреуді күндеу үшін пайдаланба. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен… Адамның білім-ғылымды көбейтуге екі қаруы бар, бірінші – ойласу, пікір алысу, екінші – барлық күшті жұмсау, алған білімін сақтау, қорғау» (32 сөз), – деген Абай ұлағаты бүгінгі жастар үшін де өте маңызды. Абайдың «Толық адам» туралы ілімі де қазақ жастарынан зор адамгершілік иесі, әдепті, мәдениетті, жан-жақты білімдар азамат болуын талап етеді. Сондықтан данышпан Абайдың жастарды ілім-білімге шақырған ойлары қазір де аса өзекті. Президенттің бұл сөзі шынымен-ақ бүкіл зиялы қауымға, оның ішінде білім саласының қызметкерлеріне терең ой салуы тиіс.
Президент Қ.Тоқаевтың аталған мақаласы «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сияқты бөлімдерден тұрады. Алғашқы тақырыпшада хакім Абайдың білім-ғылым туралы ой-толғамдарынан туындайтын қазіргі заманғы білім және ғылым жүйесін дамыту мәселелері қарастырылады. Ал «Мемлекет ісінің мүдделесі» тақырыпшасында Абай мұраларының бүгінгі мемлекетті дамытудағы рөлі сөз болады. Келесі бөлімде Абай айтқан жаңа қоғамды орнықтыру мәселесі көтеріліп отыр. Сонымен бірге «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлімінде Абайдың жаһандық ой-сананы дамытуға қосқан үлесі туралы айтылады. Олай болса, Президент еңбегінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталуы бекер емес. Өйткені үстіміздегі ғасырда біз қазақ мемлекетін ең озық елдер қатарына енгіземіз десек Хакім Абайдың ақыл-парасаты мен ғибратты сөздеріне иек артуымыз керек.
Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі кемелдіктің көрінісі», – деген еді. Сондықтан біз университетіміздің әрбір студенті Абай ілімімен терең сусындап, одан өмірлік тәлім алуы үшін қажырлылықпен еңбек етудеміз.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек…
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», — деп жас қауымды білім-ғылымға үндеген хакім Абай өнегесі өз халқын әлі де өркениетке жетелей бермек.
Ректор Т.Балықбаев одан әрі 85 жылдан бері Абай есімін иеленіп келе жатқан еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнында мерейтойға байланысты биыл атқарылатын іс-шаралар туралы айтып берді.

«Толық адам»
ілімі ұшпаққа
жеткізеді

Университеттегі «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Жабал Шойынбет: «Президент өз мақаласында Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн дейді. Біз қазір жаңа кезеңге, тәуелсіздік алған жаңа Қазақстанға айналдық. Ал Қазақ елі өз уақытына, өз заманына сай өсіп – өркендеуі үшін оны алға жетелейтін – интеллектуальды ұлт болу керек. Хакім Абай адамның өзін-өзі тануға, ғылымға, білімге басымдық беруінің қажеттілігін өлеңінде де, қарасөзінде де үнемі айтып отырды. Сондықтан «Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темір қазығына айналуы қажет», хакім Абайды оқудан, өлеңін жаттаудан жалықпауға шақырды. Президент бұл жерде Абай шығармаларын қайта-қайта оқыған сайын мән-мазмұнын терең ұғына бастайтынымызды аңғартып, «Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген» дегенді айтады.
Мұхтар Әуезов негізін салған, бірақ заман-қоғам қыспағынан кезінде кең көсіліп айта алмаған зерттеуін бүкіл шығармашылық ғұмырына арнап жан-жақты зерттеп, талдап берген, бүгінде тоқсанға толып отырған абыз-абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы. Ол хакім Абайдың «Толық адамы» туралы: «Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкер¬шілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық бо¬ласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы», деген болатын.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының абайтанушы ғалымдары профессор М.Мырзахметұлының жетекшілігімен «Толық адам» ілімін зерттеумен әрі оны оқу үрдісіне қосумен айналысып келеді. Біздің ғылым жолындағы ізденісіміздің дұрыс бағытта екеніне Президенттің мақаласын оқығанда тағы да көзіміз жетіп, алдағы жұмысымызға тың күш, жаңа ойлар туындаған әсерде болдық. Елімізге, оның болашағы жас ұрпаққа пайдалы іс жасап жатқанымызға қуандық.
Өз сөзінде Саясаттану және әлеуметтік-филосо-фиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Жомарт Симтиков: «Президент Абай шығармаларындағы мемлекетшілдік туралы ойларды бүгінгі заманғы мемлекет басқару ісімен салыстырып, терең мағыналы сөз айтқан, деді ол. – Абай меңзеген әділетті қоғам орнату мәселесін Қ.Тоқаев бүгінгі мемлекеттік қызметтің темірқазығы ретінде алып отыр. Тек әділетті қоғамда ғана заң үстемдігі мен құқықтық қатынастар жүйесі салтанат құрады. Қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған құқықтық аспектілермен бұл тұжырым үйлесімін табуда. Бүгінгі таңдағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдама дәл осы Абайдың әділетті қоғам идеясының ХХІ ғасырдағы жалғасы іспеттес. Хакім Абайдың «мемлекетшілдік» мәселесіндегі ұстанымдары бүгінгі таңдағы жалпы өркениетті мемлекеттер қағидаларымен толықтай үндестік табады.
Университеттің «Рухан жаңғыру» жобалық кеңе-сесінің директоры, профессор Борасын Иманбердиев Президенттің мақаласы Хакімнің 175 жылдық мерейтойын өткізудің, мемлекетімізді жаңа ғасырға сай жаңаша дамытудың және бүгінгі жастарды Абай тағылымында тәрбиелеудің нақтылы бағдарламасы болып табылатынын атап көрсетіп, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің биылғы мерейлі мерекеге байланысты белгілеп отырған жоспарына тоқталды.

 
 

«Қазақ сахарасының
Парижі»

Педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Әлмұхамбетов Президент мақаласындағы ұсыныстар мен тұжырымдарды толық қолдайтынын айта келіп, өз көзімен көрген қызық бір жағдайды ортаға салды.
— Осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын Министрлер кабинетінің жауапты қызметкері ретінде Хакім Абайдың 150 жылдығына байланысты мерейтой басталардан 2 күн бұрын Семей өңіріне келдім. Той өткізілетін алқап сап-сары болып күйіп кеткен, бұдыры жоқ безерген құла дала. Көңіл құлазытады. Ақ боз үйлер тігіле бастағанда кенеттен аспан түнеріп, ақ нөсер төкті дейсің. Бұл Алланың нұры болар, 2 күн бойы тоқтаусыз жауған жауыннан кейін әлгі сап-сары құла дала жап-жасыл түрге еніп, жайнап шыға келді. Бұл алқапта 1,5 мыңнан астам ақбоз үйлер қатар-қатар сап түзей қалғанда айнала ғажайып сән-салтанатқа бөленді. Мерейтойға өз еліміз бен ТМД мемлекеттерінен, шет елдерден келген қонақтарда қисап жоқ. Алаңда Абай әндері шырқалып, қыз-жігіттер алтыбақан тепсе, бір шетте бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, тағы бір алаңда балуандар күресі сияқты ұлттық ойындарымыз қызып жатты. Қызылды-жасылды ұлттық киім киген қыздарымыз бен жігіттеріміз қызғалдақтай құлпырады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қалай, Абай атамыздың тойы сізге ұнады ма?» — деген сұрағына ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас хатшысы Федерико Майор: «Бүгін қазақ сахарасының Парижін көріп тұрғандай күйдемін», – деп ризашылық сезімін білдіргенде жүрегіміз аттай тулап, көзімізге жас үйірілді. Мерейтой аяқталып, ел тарқап, барлық ақбоз үйлер жиналған соң әлгі өңір сап-сары күйге қайта енді. Осы керемет Алланың Абайға берген үлкен сыйы ғой деп ойлаймын мен әлі күнге, – деп профессор Берікжан Әлмұхамбетов сөзін аяқтады. Сондай-ақ ол университеттегі Абай музейіне өзінің жеке кітапханасындағы Абайдың 1948 жылы шыққан шығармалар жинағын, М.Әуезовтің «Абай» романының алғашқы басылымын сыйға тартатынын айтты.
Бұл жиында университеттің бүкіл ұжымы Президент мақаласына бірауыздан қолдау білдірумен бірге хакім Абайдың тағылымдарына құрмет көрсетті.

Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.