«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді бүгінгі байламды ой. Әлбетте дәл қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, әкім-қаралар мен басшы біткендер бұқарамен тығыз байланыс орнатуға барын салып жатыр. Сондай-ақ өткен жылға өлшем жасап, есепте емес ел есінде қалар игі істерін електен өткізіп, әкімдердің халық алдында есеп беру науқаны да басталды. Алғашқылардың бірі болып Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қара халықпен қауышып, мұң-мұқтажына, ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.
Ең әуелі шаһар басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы Қ.Тұрысов атындағы №53 орта мектепте №1 аймақтың тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
Жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов пен кеңес мүшелері, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов және аймақтан сайланған облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты. Алдымен қала әкімі жыл бойына атқарылған жұмыстармен таныстырды.
— Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттемелерін орындау мақсатында, бірінші кезекке, біз Тараз қаласын халыққа жайлы, заманауи технологиялар енгізілген қауіпсіз де ыңғайлы ортаға айналдыру міндетін қойдық. Жалпы жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты динамика қалыптасты, ол туралы өзімнің баяндамамда толығырақ тоқталуға рұқсат етіңіздер. Экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 275 млрд. 280,2 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 35 млрд. 57,1 млн. теңгеге артық өнім өндірілген. 2015-2019 жылдары индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында, яғни индустрияландырудың екінші кезеңінде 20 млрд. 124,5 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 360 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал 2020-2021 жылдары жалпы құны 22 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 76 млрд. 523,1 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 105,6 пайызды құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 млрд. теңгеге өсіп отыр, – деген шаһар басшысы өзге саладағы жетістіктерді де жіпке тізді.
Айқындай айтсақ, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында бюджеттерден 9 млрд. 996,5 млн. теңге қарастырылып, бұл қаржыға бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Оның ішінде «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету жобасы, «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары, және 4-Тараз энерго орталығынан басталатын М-24 жылу магистральдарының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған.
— Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлармен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылады. Осы мақсатта 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын, «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптары, «Құмшағал» станциясы және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауызсумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес «Тектұрмас» этно-тарихи кешен құрылысының 2 кезеңінде «Көне қамал ғимаратының», «Атлах шайқасы» барельефі, жасанды сарқырама, Талас өзенінің жағасын абаттандыру құрылыстары басталатын болса, осы кешеннен «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніне дейінгі аспалы жолдың техникалық экономикалық негіздемесі әзірленетін болады. Сонымен қатар «Қазақ хандығы» және «Мамыр» саябағында «Алаш» мұражайларының, жаңа 15 мөлтек ауданында Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары басталатын болады. Бұдан бөлек, «Мамыр», «Түрксіб» және Ы.Дүкенұлы атындағы саябақтары қайта жаңғыртылатын болса, «Жас түлектер», Қант зауыты аумағындағы «Даңқ» аллеясы ағымды жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, «Үшбұлақ» каналының және Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі скверінің 2 кезеңдері іске асырылады, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Ел не деді?

Баяндама тыңдалғаннан кейін тұрғындар микрофонға жақындап, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жарыссөзге шыққандардың алғашқысы қала тұрғыны Жұлдызай Жапаева болды. Ол №2 мөлтек ауданындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, ПИК жұмысына қатысты бірнеше сауал жолдады. Бұл орайда шаһар басшысы тұрғын айтқан мәселелерді қағазға түсіріп, жеке қабылдауына келуді сұранды. Ал «Байланыс» ПИК төрағасы Рано Кенжеханова Рысбек батыр көшесіндегі № 4,6,9 үйлердің шатыры ауысқанымен толық жөндеу жұмыстары аяқталмағанын айтты. Сондай-ақ ол Рахимова көшесіндегі жатақханаларда жылудың қысымы төмендігіне шағымданды. Бұл орайда қала әкімі жауапты сала маманын ортаға шығарып, мәселені шешуді жіті тапсырды. Сондай-ақ қала тұрғыны Ақерке Бозбалаева пәтер кезегі 2006 жылдан бері жылжымайтындығын, сол жылы 4944 болып тұрған ол биыл тек 4052 болғандығына наразы екендігін жеткізді. Бұл сауалға Айтқазы Дәулетқұлұлы: «Қазіргі таңда жер телімдері қала бойынша жоқ. Жер беруді доғардық. Өйткені мемлекет тарапынан сатып алатын жерге қыруар қаржы керек. Оның үстіне қалада бос жерлер жоқ. Ал үй кезегіне келер болсақ бүгінде қала бойынша 19083 адам кезекте тұр. Оның ішінде 1921-і көпбалалы аналар болса, 9902-сі әлеуметтік осал топ иелері, сондай-ақ жетімдер мен мемлекеттік ұйым жетекшілері бар. Жалпы сіз жер қатынастар бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына жолығып, мемлекеттік бағдарламаларды көріңіз. Бүгінде «Бақытты отбасы», «7-20-25» сынды тиімді бағдарламалар арқылы тұрғын үйге қол жеткізіп жатқандар көп» деп байыппен анық та, қанық жауап қайырды.
Жарыссөзге шыққан зейнеткер, қала тұрғыны Пернебек Сырғалиев болса шаһар басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова газеттің инстаграм әлеуметтік желісінде жүргізілген тікелей эфирден түскен сауалдарды шаһар басшысына жолдады.
Биылғы есептік кездесудің ерекшелігі – қаланың жаңа әкімі Айтқазы Қарабалаев барлық бөлім басшылары мен жауапты сала мамандарын тұрғындар танысын, білсін деген мақсатта халыққа қарама-қарсы отырғызып, ел алдында олардың жауапкершілігі мол екендігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы: «Қаланың келбеті күннен-күнге адам танымастай өзгеріп келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, нәтижесі де көз алдарыңызда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз. Бірақ біздер шалғай елдімекендер мен саяжайлардың жағдайын ұмыт қалдырмауымыз керек. Қалаға қосылған барлық саяжайлардың мәселелері назардан тыс қалмайды. Сондықтан барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек»,– деді.

Әкім:
Көптің тілегі ескерусіз қалмайды

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың халық алдындағы есепті кездесуі №2 аумақтық округтегі Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп қабырғасында жалғасын тапты.
— Өткен жылы Тараз қаласы халқының табиғи өсімі 7431 адамды құрады немесе 9161 нәресте дүниеге келді. Қайтыс болғандар саны 1730 адам. Есепті кезеңге халық саны 357 827 адамды құрайды. Өткен жылы 1 ана өлімі тіркеліп, 2018 жылдың деңгейінде қалыптасып отыр. Нәресте өлімі 74 оқиғаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға өсіп отыр. Шаһардағы ақ халаттылар осы мәселеге назар аударуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Міндетті түрде әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартатын болады, – деп бастады мұндағы есебінде шаһар басшысы баяндамасын.
Шаһарда білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде. Мысалы Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 3016 балаға өскен. Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орта бал 99,05 құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 14,75 балға артқан. Өткен жылы қалалық бюджеттен 146,9 млн. теңге қаржы қарастырылып №18 балабақша күрделі жөндеуден өткен. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайын нығайту мақсатында 2019 жылы 10 мектепке робототехника кабинеттерін алуға 87,8 миллион теңге, 4 IT кабинеттерін алуға 39,8 миллион теңге және 3 лингофондық кабинеттерге 17 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде мектептердегі модификациялы сыныптардың саны 116 бірлікке жеткен. Қазіргі таңда қалада апатты және үш ауысымды мектептер жоқ, дегенмен кейбір мектептерде орын тапшылығы туындаған.
— №1 лицейдің қуаттылығы 1140 орын болса, нақты 1688 оқушы білім алуда. «Шалғай-Қарасу» алқабының оқушылары №17,21,29,52 мектептерге қатынап оқыса, «Казарма» алқабының бастауыш сыныптары «Шөлдала» алқабында орналасқан №59 мектепке, ал жоғарғы сыныптағы оқушылар №19,55 мектептерге қатынап оқуда. Ағымдағы жылы №1 лицейге 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттың және «Шалғай-Қарасу» тұрғын алқабында 600 орынға арналған мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кейбір мектептерде басқада күрделі мәселелері шешуді қажет етеді. Олар №7 және 22 мектептерге 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттардың құрылысы, «Казарма» алқабында 180 орынды мектептің, «Барысхан» тұрғын алқабында 600 орынды мектеп құрылысының сметалық құжаттамалары әзірленуде, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Баяндама соңында қала әкімі Мемлекет басшысы саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, алдағы уақытта да алға қойған жоспарларды еңсеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Барлық сала бойынша жеткен межелер мен атқарылған жұмыстар көпшілік назарына слайд арқылы ұсынылды. Шаһар басшысының есебін тапжылмай тыңдаған округ тұрғындары өз аумақтарына қатысты бірнеше мәселе бойынша сауалдарын қойды. Ең әуелі Оразбек Өскембаев есімді тұрғын өзі тұратын маңайдағы көпшіліктің тілегін жеткізді.
— Біздің «Хамукат» алқабын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі көптен бері күн тәртібінен түспей келеді. Жолдарымыздың жағдайы нашар болғандықтан қоғамдық көліктер бұл аумақпен жүруді доғарды. Сол себепті ең болмаса тас жол салып беруіңізді сұраймын. Сондай-ақ кейбір бұрылыстарда белгілер жоқ. Аумақта жол апаттарын болдырмау үшін жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі туындап отыр. Тағы бір маңызды мәселе, жақында «Хамукат» алқабында жекеменшік балабақша ашылған болатын. Ішінде барлық жағдай жасалған. Алайда балаларын бұл балабақшаға әкелуге көбінің қалталары көтере бермейді. Осы жайттарға назар аударсаңыз, – деді Оразбек Өскембаев.
Осылайша қала әкімі Айтқазы Қарабалаев халық алдындағы есепті жиынын бастап кетті. Мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ал қорытынды жиын Тараз шаһарында өтеді деп күтілуде. Жаңа әкімнің жұмысына жауапкершілікпен қарап, қара халықтың ортасында жүргені бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Саян Тілеужан,

Жамбыл облысы

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз