Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр күзде Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау саласындағы екі түйткілді мәселені жедел шешу жөнінде тапсырма берген болатын.
Біріншісі дәрі-дәрмек алуға қатысты кредиторлық қарызды өтеу болса, екіншісі Орталық теміржол ауруханасы мен оның корпустарының апаттық жағдайына байланысты тез арада шешім қабылдау керектігі ескертілген болатын.
Осыған орай, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қазір бұл мәселелер шешілгенін жеткізді. 2013-2016 жылдары қалалық онкология орталығы «СК Фармация» ЖШС-іне 1,3 млрд теңге берешек болып қалған. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы республикалық бюджет есебінен бұл қарызды толығымен жапты. Ал Орталық теміржол ауруханасы 2018 жылдың 14 мамырында ғана республикалық меншіктен қала әкімдігінің балансына берілген екен. 2019 жылы 30 желтоқсанда оның екі клиникалық корпусында жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 230 млн теңге бөлінген. Апатты деп танылған үш корпус биыл 1 қаңтардан бастап жабылды.
Ал Орталық теміржол ауруханасы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының 400 мың тұрғынына қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Бұл ауруханаға түсетін жүктемені азайту мақсатында 30 кереуетке арналған инсульт орталығын ашу туралы шешім шықты. Науқастар осында емделіп болған соң көпсалалы медициналық орталықта сауықтырылады.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында денсаулық саласын дамыту бағытында медициналық қызметті қолжетімді ету бойынша жаңа жобалар жүзеге аса бастады. Денсаулық сақтау: «қадамдық қолжетімділікті» қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде денсаулық сақтау мекемелерін тұрғындардың үй-жайына жақындата түсу мақсатында 12 «Үйдегі дәрігер» нысаны ашылды. Тағы осындай 10 нысанды ашу жоспарланып отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.