Қордайдағы оқиғаға байланысты «Қамшы» порталына сұхбат беріп, өз пікірін білдірген танымал саясаттанушы Расул Жұмалы: «Өз басым Қордайдағы жанжалға «тұрмыстық кикілжің себеп болды» дегенге сенбеймін. Тұрмыстық жанжал деп бағалау — шиеленістің сылтауы ғана. Қазақ-дүнген арасындағы жанжалға бір ғана себепті айту жеткіліксіз, оған бірнеше жыл бойы қордаланып жиналып қалған мәселелер себеп болғаны кәміл. Шындығында жанжалдың түп тамыры тым тереңде жатыр. Меніңше, бірінші себеп — қазіргі ауыл-аймақтың жағдайы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыссыздық мәселелерінің себебінен жастар арасында ашу-ыза пайда болуы.

Екінші себеп – тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы біздегі ұлттық және ұлтаралық саясаттың, елді біріктіретін ұлттық, рухани құндылықтардың формальді түрде жүргізіліп келгендігі. Шындықтың бетіне тура қарап айтсақ, аталған мәселелермен тиісті органдар, парламент, Қазақстан халық ассамблеясы, билік және зиялы қауым атүсті айналысқан деу орынды.  Мұндай жағдайда Қордай ауданындағы жағдай еліміздің кез келген өңірінде орын алуы әбден ықтимал. Дәл осыған ұқсас жайттар Қарағандыда да, Жаңаөзенде де, Тенізде де болған еді ғой. Тиісті органдардың бір-екі адамды жауапқа тартып, бірнеше шендіні жұмыстан қуып, мәселені жылы жауып қоюының кесірінен осындай оқиғалар араға уақыт салып қайталанатынына Қордай оқиғасы айқын көз жеткізді. Ал, ұлтаралық келісім мәселесі — өте кешенді әрі ұзақ мерзімді қамтитын проблема. Біздің елде ұлттық саясат, оның ішінде мемлекет құраушы ұлт — қазақ халқының тиісті мүдделері ескерілмей келеді.  Мемлекет құраушы тетіктері ретінде әділдік, қолжетімділіктің жоқтығы, қоғамдағы әділетсіздік, заңдық шешімдерін таппай жүрген мәселелер, заң органдарына деген халықтың сенімсіздігі мен жемқорлықтың кесірінен халық арасында реніш,  ашу-ыза пайда болуда. Оның нәтижесін Қордайдағы оқиғадан көріп отырмыз. Қазір де бұл. Билік оқиғаның себептеріне үңіліп, оны болған оқиға ретінде мойындауға қауқары жетпей, оқиғаны жылы жауып қоюға әрекет етіп жатқандай көрінеді. Әкімшілік қызметкерлері, аудандық, облыстық құқық қорғау органдары осы жанжалдың алдын алуына болар еді. Құқық қорғау органдары бұрындары орын алған кикілжіңдерді елемей, әкімшілік те оған көз жұма қараған. Бұл ауылдағы дүнгендердің «тайраңдауына» себеп болған сынды.

Бұл оқиғаға әркім әртүрлі реңк беруі мүмкін. «Ұлтаралық қақтығыс» деген де пікір айтылып қалды. Жастардың ашуға булыққаны – шындық десек те,  оларды «шетінен бәрі арандатушы», болмаса «оларды біреу үгіттеген» деушілік, меніңше,  жауапкершіліктен қашу деп есептеймін. Осындай ескі көзқарас өзгермесе, Қордайдағы жағдай басқа да аймақта қайталануы әбден мүмкін. Соңғы 10 жылда қазақ-қытай, қазақ-түрік, қазақ-армян, қазақ-шешен арасындағы мәселелер болды. Мұндай оқиғалардың қайталанып тұрғаны инерцияның сақталып отырғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл мәселенің себептерімен күрестің жүрмей отырғанын көрсетеді. Мәселен, дүнгендер бірнеше жыл бұрын Масаншыда біздің туды өртеді. Сол облыстық әкімшілік, аудандық әкімшілік, ІІМ, Жоғарғы сот, Парламент, Қауіпсіздік кеңесі  өз міндетін дұрыс атқара алды ма? Әй, қайдам. Қордайдағы оқиға елдегі мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысқа ұшырағанын көрсетті. Мемлекет тарапынан мәселелерді шешуге құлық, қауқар болмағандықтан осындай мәселелер орын алады. Бұл жерде қоғамды кінәлап, айыптаудың еш қисыны жоқ. Егер аталған органдар өз қызметін уақытылы әлі дұрыс атқарса, мұндай жағдай болмас еді. Маған салса, Қазақстан атауын «Қазақ елі» деп өзгерту дұрыс сынды. – Себебі, «қазақстандық» деген атау қоғам арасында бұрмаланып, қате қабылдануда. Осылайша кейбір этникалық халық «қазақстандық» деген ұғымға теріс мән беріп, «біз қазақ емеспіз, қазақ тілін оқып, толықтай үйренбесек те болады»  деп ойлайтын сияқты. «Қазақ» пен «қазақстандық» екі бөлек әлем секілді. Қоғамның біртұтастығы тұрғысынан бұл дұрыс емес. Тіпті қазір кейбіреулер «қазақстандық ұлт» дегенді алға тартып жүр. Бірақ ұлт болу үшін оның тарихы, тілі, ділі болу керек қой. Ұлы даланың байырғы халқы, мемлекет құраушы халқы қазақ болғандықтан, мемлекеттің атауын өзгерткен жөн. Осы мәселеде бүкіл халық бірігу керек. Әр ұлттың өз тілі, діні, дәстүрі бар. Оған біздің мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Ұлтты мемлекет ішінен біріктіретін ең негізгі алғышарт – мемлекет құраушы ұлттың мүдделерінің ескерілуі. Мысалы, Ресейдегі орыс тілінің мәртебесі биік. Ресейді ел етіп отырған – орыс тілі. Ал бізде жоғары деңгейден бастап, төменгі деңгейге дейін қазақ тілінің мәселесі әлі де ескерілмей келеді. Бұған «қазақстандық» деген ұғымның еркін қолданылуы да әсер етуде. Әу бастан атау дұрыс болса, өзге ұлттарға өз мәдениетінімізді, тілімізді, дәстүрімізді сыйлата алар едік. Өзге елдің азаматтары біздің азаматтарымызды «қазақ» деп қабылдайды. Олар  «қазақ балуаны», «қазақ әншісі» деп жиі айтады. Ал өзіміз болсақ, «қазақстандық балуан», «қазақстандық әнші» деген атауды қолданамыз. Ендеше, қателік өзімізден де бар екенін мойындауға тиіспіз.

Ермек Сахариев 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз