Клубын 20 жыл іздеген ауыл

0
277

Біздің Аққыр ауылының шаңырақ көтергеніне биыл 55 жыл. Қызылқұм шөлінің төскейінде ақшаңқаң шағала үйлері бой түзеген ауылдың көркі шынында да кімді де болсын таңдандырып, тамсандыратын еді. Жетпісінші жылдары заманауи тұрғыдағы сымдай тартылған түп-түзу көшелері, қос жиегіндегі ағаштары, жарқыраған шамдары, ауылдың сыртын көмкерген бау-бақшалары біздің мақтанышымыз болатын. Аудан, облыс тұрғындары ауылымыздың көркін тамашалауға арнайы келетін, үлгі-өнеге алатын. Самсаған техника, қырық мың қойы бар бай ауыл. Рухани жағынан да атағы алысқа кетті. Үрмелі аспаптар және домбыра оркестрлері, көркемөнерпаздар ұжымы дейсің бе, әйтеуір аққырлықтар өнерімен бүкіл ауданды тәнті ететін. Наурызды дүрілдетіп тойлайтынбыз. Бірақ тоқсаныншы жылғы ауыртпалық біздің ауылдың да шаңырағын шайқалтып кетті. Алдымен ауыл тұрғындары өз қолдарымен салған клуб өртенді. Техника да, мал да тоналды.

 

 

Қаншама ауыртпалықтар, қиыншылықтар болса да, елдің біразы көшкенмен де біз ауылымыздың көркін, өзін сақтап қалдық. Шүкір, ынтымақ-бірлігіміз бар. Ол бар жерде береке де, мереке де болмақ. Жақсылықта да, жамандылықта да біргеміз. Ауылымыздағы әр үйге ауызсу кіргізілді. Тек аяқсу мәселесі толық шешілмей тұр. Кей жылы молынан келсе, енді бір жылдары арығымызда бір тамшы да су болмай қалады.

 

 

Иә, клубымыз өртеніп кетті. Онымен бірге ауылымыздан ән де, сән де кетті. Бұрын жастарымыз кешке сол клубты жағалайтын. Наурызды да сол жерде өткізетінбіз. Концерт, спектакль қойылатын. Енді мінеки, оншақты жылдан бері клубтың жұрты ғана қалды. Хат жазбаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ десек те болады. Талай әкім, депутаттар уәде берді. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей, жақында бір жылы хабар естідік. Болашақ клубымызға қаржы бөлініпті. Енді біздің уайымымыз сол бөлінген қаржыны біреулер жолай қақшып кете ме деген күдік ой. Бұрын ондай бұра тарту болған. Біздің асфальт жолымызға бөлінген қаржыны… Жә, аузы күйген үрлеп ішедінің кебі ғой баяғы. Егер ондай  бола қалса, онда бізге енді ешкім өкпелемес деп ойлаймыз!

 

Қызылорда облысы,

Жалағаш ауданы,

Аққыр ауылының тұрғындары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.