Жоғары биліктен бастап төменгі шенділерге дейін сөзді қазақша бастағанымен, аяғын ресми тілдің астына жығып беретіні ғана өкінішті. Бұл енді «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген дүние ғой. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр: Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін айтқан болатын. Қалай? Қайтіп?

Сөйтсек, Президент астарлап болса да көп нәрсені жеткізіпті. «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.

Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.

Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет», – деп еді Президент.

Осы орайда күні кеше Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы барлық оқушылар Мемлекеттік тілде білім алу керектігін айтты. Бұл Azattyq Rýhy сайтына берілген сұхбаттан үзінді. Демек, президенттің саяси мақсаты ақырындап жүзеге асуға бет алды деген сөз.

Министр Аймағамбетов ата-аналарды балаларын мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге беруге шақырды. Оның айтуынша, қазір қазақ тілінде оқытатын мектептер бәсекеге қабілетті, бұған ҰБТ нәтижелері бойынша жоғары көрсеткіштер дәлел. – Біз үшін ең маңызды міндеттердің бірі – мемлекеттік тілде оқытуды басым ету. Мұнда ешқандай пікірталас болмауы керек, өйткені ол Мемлекеттік тіл, сондықтан біздің еліміздің азаматтары мемлекеттік тілде оқытылуы керек,- дейді Асхат Аймағамбетов.

Бұл енді көкейге қонатын мәселе. Бүгіндері елімізде қазақ халқының саны бейресми мәліметтерге сүйенсек, 70 пайыздан асып кетіпті. Демографиялық өсімге де көңіл толады. Және балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқан өзге ұлттар аз емес. Себебі бәрі де саясат желінің қай бағыттан соғып тұрғанын жақсы біледі. Демография демекші, жақында ҚР Премьер-министрі А. Маминге «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Ж.Әшімжанов пен А.Сарым депутаттық сауал жолдағаны еске түседі. Онда: «2021 жылғы 29 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында халық санағын ұйымдастыру мәселелерін мазмұндық жақтан байыту керектігін айта келе, арнайы жұмыс тобын құруды тапсырған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілігімен санақты ұйымдастыру жөнінде құрылған арнайы комиссиясының бірінші отырысы да өтті. Яғни ұлттық санақ биыл, 1 қыркүйекте басталып жалғасы қазан айына жоспарланып отырғаны айтылады. Ал биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде өткелі отырған бұл халық санағына ерекше екпін беруіміз қажет.

Ұлттық санақ – тек жан басы мен мал басын, жынысы мен тұрмысын қағазға түсіріп, қандай әлеуметтік топтар барын білу үшін ғана емес, саяси-тарихи әлеуметтік өзгерістерді сараптау, демографиялық жағдайды бағамдау, тілдік және діни қатынастарды зерттеу, ішкі-сыртқы миграция мен ассимиляцияны анықтау арқылы болашаққа бағдар, санақ мәліметтерін интеграциялап белгілі бір межеге саяси жоспар құру. Демек, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы барлық оқушылар Мемлекеттік тілде білім алуы керектігін айтуының астарына үңілсек, Елбасы мен Президент саясатының жемісін беретін кез жақындап келеді. Тек сол күн тезірек келсе екен!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз