Бейжің қырыққабаты кәдімгі орамжапыраққа қарағанда әлдеқайда шырынды және жұмсақ. Сондықтан ол қосылған салаттардың дәмі тіл үйіреді. Жеңіл әрі тез даярланатын осы салатты дайындау үшін бізге 400 грамм Бейжің қырыққабаты, 200 грамм шұжық, 1 дана болгар бұрышы, 100 грамм қалбырдағы консервіленген жүгері, 3 ас қасық майонез, 1-2 ас қасық күнжіт дәні, ас тұзы мен бұрыш керек болады.
Дайындалуы: Бейжің қырыққабатын алдымен төрт бөлікке бөліп, ұсақтап турап аламыз. Шұжықты ұзыншалап, жіңішкелеп кесеміз. Болгар бұрышын жуып, дәнінен тазартып, ұзыншалап тураймыз да, қалбырдағы жүгерінің суын төгіп тастаймыз.
Осы аталғандардың үлкен ыдысқа салып араластырып, тұз бен бұрышты қалауымызға қарай сеуіп, оны майонезбен араластырамыз. Ұсақтап туралған көк пиязбен салатты көркемдеп, үстінен күнжіт дәнін ретімен қойып шығамыз. Міне, осымен салатымыз дайын. Асыңыз дәмді болсын!
Бетті дайындаған —
Жұлдыз Әбіл

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз