Фото ғаламтордан алынды

Күндер мен айлар, жылдар өтеді жылжумен,
Қара жер тоймас ғұмырын адам қылғумен.
Өмірдің қалай өткенін білмей қаламыз
Қапылып жүріп қарбалас ырду-дырдумен.
Адамның уақыт ғұмырлық жасын ұрлаумен,
Балалық, жастық шақтар өткен соң зырлаумен
Артқа қарайсың есіңді жиып, көз салып
Ішіңді осып, ауыртып мысық тырнаумен.
Шүкірлік етіп, бүгінгі күнге жеткенге,
«Салауат», дейсің амалсыз көніп өткенге.
Жансебіл жанбыз үйреніп қалған біз деген
Тайқы маңдайдан тағдыр тағасы тепкенге.
Адамдар қатал қасқыр боп кеткен қоғамда,
Жан бағу қиын бұлыңғыр алды заманда.
Қиянат артып, әділдік қалған әдіре
Өмірде құнсыз болады екен бағаң да.
Өз елін жеуден шендіні көріп семірген,
Ел-жұрттың көңілі қалған сияқты өмірден.
Түк емес екен қарныңның кейде ашқаны,
Қадірің қашса – азап сол екен кемірген!
Қиянат көрмей парақор әкім-қарадан,
Бұл күйді бастан кешірмесі анық әр адам.
Халық – бозторғай, билік – тұрымтай боп отыр,
Зәбір көрсетіп елге өзіне қараған.
Ашып айтатын кез келді мұны ашынып,
Болды ғой билік халықты қара басынып.
Үлкенді қойып көне алмай мұндай қорлыққа
Жастар көп жатқан бүгінгі күні асылып.
Суицид деген – дерті боп алды қоғамның,
Ғұмырын қиған шалғыдай сансыз адамның.
Ковидтің өзі түк емес оның қасында,
Сондықтан дағы зарымды айтып, шағам мұң.
…Індеттен қорқып, шыға алмай қалған түрмеден
Күндер мен айлар, жылдарым қымбат сүрмеген.
Елінің қамын жемейтін билік бүгінгі
Шар сынды тура ішіне ауа үрлеген.
…Не демес сырттан ел-жұрттың жайын білмеген…

ЕРМЕК САХАРИЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз