Керуен келді
кернейлетіп…

Халықаралық «ЕХРО — 2017» көрмесіне әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында 2017 жылғы 20 мамырда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.А.Құлмұхамедтің қатысуымен «Көне Тараз» тарихи мәдени орталығынан салтанатты түрде жөнелтілген «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені 26 шілде күні «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы «Ғашықтар саябағына» ат басын тіреген еді.
Екі ай бойы жол жүрген салтанатты керуен Елордаға 26-30 шілдеде өтетін Астанадағы Жамбыл облысының мәдени күндері қарсаңында келген болатын. Оларды «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы саябақта Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев және Жамбыл өңірінен шыққан зиялы қауым өкілдері күтіп алды. Ел ішінде «Ғашықтар саябағы» аталып кеткен бұл орын нағыз ортағасырлық базарға айналып шыға келді. Мұнда «Көне Тараз әлемі» тарихи-мәдени экспозициялық кешені ашылды және киіз үйлер тігіліп, Жамбыл облысы аумағынан табылған көне жәдігерлер қойылды. Қолдан жасалған әшекей бұйымдар, музыкалық аспаптар, жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шығарылды. Айша бибі мен Қарахан, немересіне ертегі айтып отырған әже және құс ұшырып, тазы жүгірткен аңшылардың сәні мен салтанаты жарасқан керуені Астана тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.
«Бұл бір естен кетпейтін ерекше сапар болды. Біздің керуен «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне арналады. Мамыр айында Тараздан Астанаға сапарға аттандық, бізді әрбір ауыл қуанышпен қарсы алды. Күткен үмітіміз де 100% ақталды. Барлық Қазақстан халқын ЭКСПО көрмесінің өткізілуімен құттықтаймын. Сондай ауқымды шараға үлес қосып, керуенмен Астанаға келуім де мен үшін үлкен мәртебе. Аспанымыз бүгінгідей ашық, жарық болсын!» — дейді керуен қатысушысы, ақ кимешекті әжей Тамара Әбдікәрімова.
Керуен басшысы Нұралы Абдуллаев алға қойған мақсаттарының орындалғанын, Астанаға ерекше тарту жасағандарын атап өтті. Оның айтуынша, керуен қатысушылары Таразға көлікпен қайтады және түйелерге де арнайы көлік қарастырылған.
26-30 шілде аралығында Астанадағы Жамбыл облысының мәдени күндері қарсаңында елордалық тұрғындар мен қонақтар облыстық филармония ұжымының «Әулиеатадан ән шашу» бағдарламасын, облыстық қазақ драмалық театрының «Қыз Жібек» саунд-трегін, А.Бекбосынның «Домалақ ана», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектакльдерін, «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Ғасырлар әуені» концертін және Д.Таңатаров, Қ.Нұртас, И.Расылхан сынды танымал әншілердің қатысуымен өткен «Бір әуен, бір өлең» кешін тамашалады. Мәдени шаралардың көпшілігі «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңындағы «Ғашықтар саябағында» өтті. Сонымен бірге, 28-30 шілде күндері жамбылдықтар «Қазақстан» спорт кешені аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына 245 тонна экологиялық таза, жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін ұсынды.

Этноауылға
шеберлер келді

Астанадағы «Этноауыл» дәстүрлі мәдени қалашығында Жамбыл облысының мәдени күндері аясында бірқатар концерт ұйымдастырылып, ақындар айтысы және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ел астанасына ұлттық қолөнер бұйымдарын арқалап келген шеберлер көрмеге қатысып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына шеберлік сабақтарын да өткізді.
Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаеваның айтуынша, бұл жолы көрмеге 25 шебер келіп, ағаштан, жүннен және саз балшықтан жасалған ұлттық бұйымдарын жұртшылыққа ұсыныпты.
— Бүгін көрмеге 25 шеберіміз келді. Онда негізінен ағаштан, жүннен және саз балшықтан жасалған қолөнер бұйымдары қойылды. Әсіресе, қазақ киіз үйінің 10-12 есе кішірейтілген үлгісіне қызығушылар көп болды. Біз осы кішірейтілген киіз үйді тігуден шеберлік сабағын өткіздік. Яғни, қазақ киіз үйін тігудің жалпы барысын, оның жабдықтарының атауын көрсеттік. Қазіргі кезде балалар киіз үйдің не екенін білмейді. Біз балаларымызға орыстың құрастырмалы үйшігін алып бергенше, осындай таза ағаш пен киізден жасалған киіз үйлерді көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Сол үшін де біз облысымызда мектептер мен балабақшаларға осыны жалпыластырып жатырмыз, — дейді Эльмира Ермекбайқызы.
«Этноауылда» өткен Жамбыл облысының мәдени күндері аясында «Тараздан тағзым» атты хореографиялық композиция болып, онда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі, Шу ауданының «Әсем әуен» атты фольклорлық ансамблі, Байзақ ауданының «Саркемер сарыны» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, соңында ақындар айтысы мәреге жетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз