Тараздағы қандастар елден қуылмайды. Көші-қон қызметі арқылы тіркеуге тұрып, кейін ықтияр хаттары жарамсыз деп танылған Қытайдан келген 251 қазақ құжаттарын қайта рәсімдеп жатыр. Себебі, былықты құзырлы мекеме өкілдерінің өздері жасағаны расталып, ата жұртты аңсап келгендер елден шығарылмайтын болды. Сөйтіп, олар заңды түрде Қазақстанның кез келген өңіріне уақытша және тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндік алды. Автобусқа лық толы азаматтар Алматыдан арнайы Таразға келіп, әзірше уақытша және тұрақты тіркеуге тұрды. Ал бұған дейін мұндағы бірде-бір жанның ән айтпақ түгілі, ата жұртта жер басып жүрудің өзі мұң болған. Яғни Қытайдан қоныс аударған 251 қандастың ықтияр хаты жарамсыз деп табылып, түгелдей елден қуылуы тиіс еді. Осы жылдың 19 шілдесінде берген сұхбатында Қанат Берікбол атты қандасымыз: ««Біз жина дегенді жинадық. Бер дегенін бердік. Енді бір жылдан соң құжат жарамсыз дегендері бізге қажет емес. Мен Қазақстанға азаматтық алайын деп келдім. Мен Қытайға қайта кетейін деп келгенім жоқ. Азаматтық керек маған»,— деген болатын. Қандастар Қытайға барудан қатты қорқады. Айтуларынша, сол елдің қатал заңы бойынша ескертусіз елден кетіп, қайта оралғандарды түрмеге жабады екен. Ал төлқұжат есебінде берілген ықтияр хаттың жарамсыз екені тұрғылықты жер бойынша анықтама алу кезінде белгілі болған. Ал бұл кезде жалған құжат жасады деген күдікпен қалалық көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы мен бір инспектор және тағы үш делдалға қатысты тергеу жүріп жатқан. Ақыры бұл ұйымдасқан топтың кінәсі сотта дәлелденіп, көші-қон қызметінің басшысы 7 жарым жылға сотталса, инспектор 4 млн 200 мың теңге айыппұлмен құтылған. Сондай-ақ делдалдың біреуі 5 жылға абақтыға жабылып, екеуі рақымшылық аясында бостандыққа шыққан. Бүгінде 50 оралманға Қазақстанда уақытша және тұрақты тіркеуге тұруларына заңды түрде рұқсат берілсе, тағы үшеуі азаматтық алып үлгерген. Өзгелері де құжат рәсімдеу машақатымен көші-қон полициясын жағалап жүр. Жамбыл облысы көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Арай Айымбек: «Қытайдан келген 251 азамат – өзіміздің қандастар. Сондықтан қазіргі таңда оларды Қазақстанның аумағынан шығарып тастау немесе жазалау іс-шаралары қабылданып жатқан жоқ. Керісінше ЖО көші-қон қызметі басқармасы оларға құжаттарын заңдастыруға көмектесіп жатыр», — дейді. Қытайдан келген азаматтардың жалпы саны 251 болса, оның тең жарымы әлі күнге қолдағы ықтияр хаттың жарамсыз екенін білмейді. Өйткені, олар кезінде Тараз қаласына тіркеуге тұрып, кейін әр өңірге тарап кеткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз