Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іскеру асырудың аралық есебін берді және министрлік алдына қойылған міндеттердің қалай орындалып жатқанын баяндады. Аурулардың алдын алу маңызды екенін және ұлттың дені сау болуы үшін азаматтардың маңызды рөл атқаратынын айтқан Елбасы: «Денсаулықты жақсартуға адамдардың өзін тарту қажет. Адамның денсаулығы тек 10-15 пайыз медицинаға тәуелді. Одан басқасы түгелдей адамның өзіне байланысты»,— деп, тұрғындар арасында саламатты өмір сүру салтын насихаттау мәселесіне тоқталып, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу міндетінің маңызды екенін айтты. Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту ісінде қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып, ауруларды жаңа пайда бола бастаған кезде анықтаудың маңыздылығына тоқталған министр: «Барлық көрсеткіш бойынша ахуал тұрақты. Өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді. Ана өлімі азайып келе жатыр. Бала өлімі де бірнеше жылдан бері азаю үстінде. 2012 жылдан бері Қазақстанда тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту бағдарламасы іске асып келеді. Ол өте жақсы нәтиже беріп отыр. Өйткені, 2,5 млн адамға 50 шамалы ауруға, оның ішінде артериалды гипертония, қант диабеті және онкологиялық ауруларға қарсы дәрілер берілді»,— деген деректерді алға тартып, Мемлекет басшысына алғашқы медициналық көмек көрсетудің сапасын көтеру және денсаулық сақтау саласына цифрлы технологияны енгізу ісіндегі жұмыстардың нәтижесін баяндады. Дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мәселелеріне ерекше тоқталған мемлекет басшысы: «Менің бағаға қатысты мәселені шешу жөнінде берген тапсырмамнан кейін Фармация комитетінің төрағасы, «СК-Фармация» компаниясының басшылығы және бес облыстың басқарма басшылары ұсталды. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі шарттар жасасудағы заңнан тыс әрекеттер нәтижесінде орын алады», – деді. Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан президенті министрге алға қойылған міндеттердің уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді және денсаулық сақтау саласына, соның ішінде дәрі-дәрмектерді сатып алу үрдісіне тиісті бақылау орнатуды тапсырды. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев Елжан Біртановқа өзі басшылық ететін салаға дербес жауап беретінін ерекше қадап ескертті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз