«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» тақырыбымен өткен дөңгелек үстелде сайт атауларын орыс тілінде жазған мемлекеттік органдарды сынаған экс-депутат Оразкүл Асанғазы: «Жақында ғана министрлік сайттарын қарап шықтық.

Басқаны былай қойған кезде осы «Рухани жаңғырудың» басында отырған министрлік домендері көрші мемлекеттің тілінде. Тек қана екі-ақ министрлік (Әділет министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) атауы қазақ тілінде жазылған. Қалғаны Ресейдің қол астында жүрген сияқты, Кеңес Одағы тарамаған секілді. Сонда қандай жаңғыру? Сол министрліктер «Рухани жаңғыруға» қатысты күнде кемі екі жиналыс өткізеді. Әр адам министрлікте жұмыс істей ме, еш жерде жұмыс істемесе де өз шаңырағында, бір жерде жұмыс істесе өзінің ұжымына, қоғамда жүрген болса, жүрген жеріне өз рухын алып баруы керек. Тіл деген – ұлттың рухы. Рух жаңғыру үшін қазақ тілін дамыту керек, ал бұл – латынға өту. Ұлттың бір-ақ көрсеткіші бар, ол – ұлттың тілі. БҰҰ-да тек ұлтпен айналысатын құқықтық комитет жұмыс істейді, олар барлық тілді санайды. Сол тілде сөйлейтін ең соңғы адам өлсе, сол ұлтты өлді деп есептейді. Қазір күніне екі тіл өледі. Бұрын 9000 тіл болған, қазір 7000 қалды. Оның 5000-ы өлуге жақын, сол тілде сөйлейтін соңғы бес адам, он адам, жиырма, мыңға дейін адам қалған. Мыңнан астам адам сөйлейтін 2 мың ұлт бар. Соның ішінде қазақ тілі тәуелсіздік алғанда 158-орында болды.

Қазір 70-орында. Тілдердің көрсеткішін сол тілде сөйлейтін адам, оқу орындары, мәдениет ошақтары, кітапхана саны және т.б. параметрлер бойынша анықталады. Сол себепті Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі құптарлық іс. Елуге жуық түркі елінің 26 пайызы араб әліпбиімен, 17-ақ пайызы (Ресейдің қол астындағы түркі елдері) кирилл әліпбимен жазады. Азбен болуымыз керек пе, көппен бе? Біздің негізгі бағытымыз — экономикасы дамыған бәсекеге қабілетті 30 елге кіру. Сол 30 елдің 23-і латын әліпбиін қолданады. Осының өзі-ақ қандай таңдау жасау керектігінің дәлелі болса керек»,—  деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз