Дарға асылған баланың құны 1000 теңге ме еді?

0
1631

Халықтың жүрегін ауыртатын көп мәселенің  бірі  адамдар арасындағы суицид екенін жасыра алмаймыз. Оның  ішінде оң-солын танып үлгермеген  қаршадай баланың да, бозбала жігіт пен бойжеткен қыздың да өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасуы ата-ана үшін де, жақын жандар үшін де орны толмас қайғы-қасірет екені белгілі. Ақпарат шұғыл тарайтын уақыт қой. Жуырда бір отбасының ержеткен 10 сыныпта оқитын ұлы қорасында асылып қалғанын ақпарат құралдары таратып үлгерді. Есі шығып кеткен анасы: 

— Балам өте тәлім-тәрбиелі, сабағын да жақсы оқитын. Жуырда әкесінен 3 мың теңге сұрады. Біз берген жоқпыз. Сөйтсек мектептің ересек балалары ұлымнан ақша талап етіп, мазалап, тіпті «есепке» қойыпты. Оны бере алмаған балам өз-өзіне қол жұмсады, — деп бода-бода болып жылап ағынан жарылды.
Әдеттегідей мектебінің басшысы мен ұстаздары абыройларын қорғап «шыр-пыр». Бұл қоғамымызға сыналай кіріп, өскелең ұрпағымызға дерт болып жабысқан суицидтің түп-тамырын зерттеп, саралап, себебін біліп жатқан ешкім жоқ. Баланы өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлегені үшін біреу жазасын алыпты деген хабарды да естіп көрмеппін. Мектепте баланы ұрсу, ұялту арқылы жәбірлеп, жігерін құм етіп, оны өмірден бездіретін жағдайлар болған жоқ деп те ешкім айта алмайды.
Ғаламтордың осы дертке қатысты бетін ашып қалсаң жаның түршігеді. Күні кеше ғана Өскеменде 22 жастағы жас жігіт мектептің ауласында асылып қалыпты. Тексерулер жүргізіліп жатқан көрінеді. Жастығын, жарқыраған өмір күндерін қалайша өз еркімен қиып, о дүниенің қараңғы тұңғиығына айырбастағанын түсіне алмай далмыз. Қиыншылықты жеңе білуді, кедергілерден өте білуді үйретпеген, уақыттың келе-келе жанды жараны емдей алатынын түсіндірмеген ата-ана мен жақын дос-жарандары, туған-туысқандары болмағаны өкінішті-ақ. Әзірше, «әттеген-ай…» деген сөзден басқа айтары жоқ, қоғам шарасыздық танытып отыр. Бұндай жағдайлар жиілеп кеткені соншалық бүкіл жаһандық қоғамдық мәселеге айналды.
Сонда суицид — емі жоқ ауру ма? Ал шын мәнісінде осы сөзге сілтеме жасау дағдыға айналып бара жатыр. Әрбір қайғылы жағдайдың өзіндік себеп-салдары, көміліп ашылмай қалатын «жұмбағы» бар екенін мойындамай нәтиже болмайды. Біздің елімізде психологиялық-дәрігерлік көмектің деңгейі өте төмен. Оқу орындарындағы психолог мамандарының да білімдері дүмбілез. Көп жағдайда бұл маманның иелері «күн көріс» қамымен жүрген кездейсоқ адамдар. Бұрқыратып бәрі дұрыс деп жазған қағазбастылықтың астарынан шыға алмай, көміліп жүреді.
Біраз жылдар өтсе де осы бір жүрек ауыртқан оқиға есімнен шығар емес. Сырттан көшіп келген бесінші сынып оқушысы мектепте ересек балалар тарапынан ақша талап еткен бопсалауға ұшырайды. Әкесі жұмыссыз, әрең күн көріп отырған отбасы баласының күнделікті сұраған ақшасын бере алмайды. Баланың өмірінің құны бір мың теңге болды. Оны осы халге жеткізген бұзақы балалар да, мектеп ұжымы да ешбір жаза алған жоқ. Олардың кінәсін дәлелдейтін бірде-бір адам табылмады.
Кей кезде «мектепте ақша жинайды», — деп ата-аналар 100, 200 теңгені айтып, көз шығарып, жаға жыртысып жатады. Мен осыны дұрыс деп айта алмаймын. Сынып болған соң неше түрлі ішкі мейрамдары болмаушы ма еді? Өсіп қалған ұлдар 8 наурызда қыздарға бірігіп сыйлық алады екен. Аналарына, ұстаздарына арнайтын сый-құрметтері бар. Бұл да жақсы тәлім-тәрбиенің бірі. Бірігіп сынып болып киноға, концертке, циркке бару үшін де тиын-тебен керек. Осыны жете ұға бермейтін, оқушы баласының беделіне нұқсан келтіріп, келсін-келмесін ұстаздарға қара күйе жағып, ғаламторға хат жариялап жатқан пысық ата-аналар жетерлік. Бауырыңда өскен балаңның да талап-тілегімен санасып, сыйлау қажет болған заманда өмір сүріп жатырмыз.
Үлкендердің барлық іс-әрекетіне бала көп жағдайда басқаша көзбен қарайды. Оның да жан-дүниесінде айналасындағы қым-қиғаш тіршілікке деген өз көзқарасы қалыптасады. Егерде отбасында кикілжіңі көп әділетсіз жағдайлар орын ала берсе, бала жүрегі де жаралы болады.
Дәрігерлердің айтуынша, өзіне-өзі қол салу тұқым қуаламайды. Өзіне-өзі қол жұмсауға психикалық бұзылысы бар адамдар және сонымен қатар сау адамдар да барады. Олардың жан-дүниелеріндегі күйзелістен, шешімі табылмаған күрделі мәселелерден, депрессиядан құтылудың жалғыз жолы — өмірден өз бетінше көшу сияқты болып көрінеді. Өзіне-өзі қол салу туралы қалжың ретінде айтқан адам да сол іс-әрекетке түбінде барады. Он адамның тоғызы өзінің алдағы істейтін іс-әрекеті туралы жолдастарын хабардар етеді екен. Менің жақсы бір құрбым болды. Күйеуі жақсы қалжыңбас жігіт еді. Бір қиыншылық басына туа қалса: «Азар болса кете салармыз», — деп тамағын кесіп көрсететін. Оны жолдас-жорасы қалжыңға балап күлетін де қоятын. Айтқанын жасады. Жазықсыз жаламен қызметтен босатылған күні үйіне келіп, әйелі жоқта қорасында асылып қалды. Кейін ақ-қарасы анықталып, аты ақталды. Алайда өзі жоқ, үш баласы жетім қалды. Әлі күнге шейін осы оқиғаны жақын жандары өкінішпен еске алады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Менің өлгім келеді» деген сөзге көп адамдар көңілін өзіне аударғысы келіп тұр деп ойлайды. Олай емес, бұл адамның көңілін қара бұлт басып, тығырыққа тіреліп, күйзеліске, депрессияға түскенде ғана айтылатын сөз. Бұл сөзді естіген адам дереу секем алуы керек. Жылы-жылы сөйлеп, ол адамның көңілін аулап, жан дүниесіндегі түйткілді мәселесін білу — нағыз жанашырлықтың белгісі. Қазіргі кезде адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынастары да сатулы болып кетті. Қым-қиғаш тірліктің илеуінде жүріп, көп жағдайда кездескен адамға бірауыз жылы сөз айтуға құлқымыз жоқ. Кеудесінен көзі көрінбейтін, менмен, әлдекімге қол ұшын берсе тағынан түсіп қалатындай безбүйректігі бар таныстарымызды да арамызда жоқ деп айта алмаймын. Қарапайым сыйласымды да, қамшының сабындай қысқа өмірдің қымбаттылығын да адамдар ұмытып жүреді.

Өз өмірін қиюға ерікті түрдегі әрекетке барып аман қалған адамға жасалатын қазақтың ырымын бір емші балгер апамыз айтып отырушы еді. Қара қойды немесе қара тауықты алып, сол адамның көзінше бауыздап, құдайлыққа шалу керек екен. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Осы мақаланы жазып болмай жатып, Талдықорған қаласының төртінші шағын ауданындағы балалар алаңында бір ер азамат асылып қалыпты деген хабарды естідім. Бұл қоғамдық дертке айналған өз еркімен өмірден көшу жалғасып жатыр.

 

Нұрила Бектемірова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.