Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы жылу орталығына барып, жөндеу және құрылыс жұмыстарын тағы да бақылады. Қала әкімі, жауапты басқарма өкілдері мен мердігер компания басшыларының есептерін тыңдады. Қазір мұнда барлығы 216 адам екі ауысымда тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы облыс пен «Кентау-Сервис» МКК-нің №5 Жылу энергия орталығының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.
– Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Жұмысты сапалы атқару маңызды. Елдің сенімін ақтау керек. Әрбір қазандықтағы жұмысты жүйелеп, жылыту маусымына дайындаңыздар. Мәселе қатаң бақылауда тұр, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кентау қаласындағы жылу орталығында 1956 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тозу деңгейі 85%-дан асқан. Сондықтан биыл 6 қазандықты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде №8, 9, 10, 11 қазандықтардың жұмыстары толық аяқталды. Қалған екі қазандықта (№7, 12) құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі қазандықта (№5, 6) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Бүгінде жылыту маусымына 6 қазандық дайын. Төрт қазандық қайта құрудан өтсе, екі қазандық ағымдағы жөндеуден өткен. Кентау қаласын тұрақты жылумен қамту үшін 3 қазандық жеткілікті, 3 қазандық резервте болады.
Қазір қоймада 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна көмір тасымалдауға келісімшарт түзіліп, тасымалдау жұмыстары басталған. Жалпы Кентауды жылумен қамтитын көмір уақтылы жеткізіледі.
Сондай-ақ Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленіп, бюджеттік өтінім министрлікке ұсынылған.