Биыл 14 қазанда көрнекті жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова 60 жасқа толды. Оның «Менің үкім» деп аталатын ең алғашқы әңгімесі 1976 жылы 6 сынып оқып жүрген кезінде «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрген екен. Сонан бері қарай қолынан қаламын тастамаған еңбекқор жазушы қазір қазақ әдебиетінің танымал тұлғаларының қатарынан өз орнын алды.
Роза Мұқанова – 1964 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көлденең ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін тамамдаған. Қызмет жолын Орталық мемлекеттік мұрағаттың «Әдебиет және өнер» бөлімінен бастаған жазушы содан бері қарай Қазақстан Жазушылар одағының Аударма коллегиясында аға редактор, «Жазушы» баспасында аға редактор, 1998-2007 жж. − ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бас маман, Астана қ., ҚР Парламент Сенатында жауапты қызметкер болып түрлі мекемелерде жалғастырып келеді. 2011 жылдан қазірге дейін Қазақ Ұлттық Өнер университетінде студенттерге дәріс оқиды.
Жазушы Роза Қажығалымқызының қаламынан туған әңгімелер мен хикаяттар, драмалар мен аудармалар оқырман қауымға кеңінен таныс. Қазірге дейін «Жарық дүние», «Дүние кезек», «Құдірет кие», «Шатыр астындағы Мен» қатарлы әңгімелер мен хикаяттар жинағы, «Сарра», «Бопай» қатарлы драмалық шығармалар жинағы баспадан шыққан. Ал аудармашы ретінде Рабғүзидың атақты «Қисса-с-ул әнбийя» кітабын қазақ тіліне тәржімалап, 2001 жылы «Санат» баспасынан басып шығарды. Оның драмалары еліміздің танымал театрларында сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Биыл жазушының 60 жасқа толған мерейтойына орай БАҚ саласында кеңінен насихатталып, жан-жақтан құттықтаулар келіп жатыр. Осы қатарда астаналық қаламгердің мерейтойына байланысты Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің құттықтауын жолдапты.
– Бүгін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Роза Қажығалымқызы Мұқанова 60 жасқа толды. Сезімтал, сырлы және дара шығармалары арқылы Роза Мұқанованың есімі әдебиетсүйер қауымға кеңінен танылған. Оның «Жарық дүние», «Дүние кезек» және «Құдірет-Кие» әңгімелер жинағы талғампаз оқырмандардың жоғары бағасына ие болды. Сонымен қатар, «Мәңгілік бала бейне», «Шатыр астындағы Мен» және өзге де қойылымдары сахна төрінде зерек көрерменнің көкжиегін кеңейткен өміршең туындылар болып табылады.
Роза Қажығалымқызын 60 жылдығымен құттықтай отырып, төл әдебиетіміздің дамуына қосып жатқан зор үлесі үшін алғысымды білдіремін. Әлі де бай шығармашылығыңыздан қол үзбей, асыл қаламыңызды қолыңыздан түсірмей, терең де телегей, көркем де көкжиегі кең туындыларыңыз халық қазынасын молайта берсін!» – делінген құттықтау хатында.