Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар елді мекенінде жаңа балабақша ашылды. «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов арнайы қатысты. Ауыл ақсақалдарымен бірге осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жергілікті кәсіпкер, бөбекжайдың құрылтайшысы Римма Қожагелдиеваға алғысын білдірді.
195 орындық «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасы ауылдың 23 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдауды жоспарлап отыр. Бөбекжай заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Арнайы спорт, ән-әуез залдары және әдіскер, психолог, логопед, басқа да кабинеттері бар.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленген. Бүгінде Түркістан облысы балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуда жоғары көрсеткішке қол жеткізген өңірлер қатарында.