ЖОҒАРЫ СОТТЫҢ ҚАЗАҚШАҒА ҚАДАМ БАСҚАНЫ МАҚТАНЫШ ПА?

0
1406

Мемлекеттік тіл проблемасы тәуелсіздік алған жылдардан бері күн тәртібінен түспей келеді. Оған себеп, әкім-қаралардың, шенді-шекпенділердің мемлекеттік тілге шекесінен қарап, тіпті менсінбеуінен туындағандай. Биік-биік мінберлерден қасиетті қазақ тілі туралы қаншама «отты сөздер», «жалынды ойлар» айтылмады десеңізші? Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сай сүйекті сырқыратар пікірлер айтқан. Бірақ нәтиже аз еді. Бір заманда Үкімет президент тапсырмасымен мемлекеттік тілді дамыту үшін миллиондаған қаржы шығарғаны да есімізде. Ол да сенім биігіне көтеріле алмай пұшайман халге түскені белгілі. Алайда уақыт өте келе өршіл намысты, асқақ рухты азаматтар билік сатысына көтеріліп, ана тілдеріне деген құрметін көрсете бастады. Соның бірі Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» демекші, Нұр-Сұлтан қаласында «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша Жоғарғы Сотта бейнебайланыс арқылы республикалық деңгейде өткен кеңесте сот төрағасы Асанов: «Мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая береді» деп елді бір қуантты.
Сонымен Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілге деген бетбұрыс жақсылық нышаны. Аталмыш жиында істерді қарау кезіндегі тіл қағидатын қолдану, мемлекеттік тілдегі сот актілерінің стандартын қалыптастыру және судьяның сот шешімдерін сапалы түсіндіру мәселелері бірінші кезекте қаралды.
«Республика халқының 70% — қазақ тілді азамат. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз. Екіншіден, жаза білуіміз керек. Сот жүйесіне қойылған ең бірінші міндет — сотқа деген сенім. Ал сенім қай кезде болады? Егер әр шешім мен үкім заңды және негізді болса. Онымен танысқаннан кейін судьяның неге сондай шешімге келгенін логикалық тұрғыдан әрбір адам жақсы түсінсе, бұл сотқа деген оң көзқарасты қалыптастырар еді. Тараптар әр уәжіне нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сот шешімімен келісіп, жоғарыға шағым түспейтін болады», — деді Кеңестің ашылуы салтанатында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов.
Сондай-ақ, Ж.Асанов судьяларды бос уақытта қазақ тіліне көңіл бөліп, шешендік өнерді меңгеруге шақырды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Жоғарғы Сот өткен жылдан бастап сот шешімі мен үкіміне қойылатын талаптарды күшейтіпті. Оны біреу білсе, біреу білмес. Нормативтік қаулылар да қабылданыпты. Ендігі жерде мемлекеттік тілдегі сот актілерінің сапасын арттыру басты мәселенің бірі болмақшы.
«Сот шешімдеріне қарап, жұрт соттың жұмысына баға береді. Қате жазылған бір түйір шешім қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төгеді. Осы мәселені басқа біреулер бетімізге баспай тұрып, ең алдымен, өзіміз айтайық дедік. Бірақ, қызметте өсем деген судьялардың шешімдерін ертең Сот сапасы жөніндегі комиссия мұқият қарайтын болады. Егер іс бойынша заңсыз шешім қабылдаса, ондай судьяға сөзсіз жол жоқ. Ал, мемлекеттік тілді жетік білмесе, ол да үлкен кедергі болмақ», — деді Жоғарғы Сот төрағасы.
Осы орайда ол бүгіннен бастап сот актілеріне тұрақты мониторинг жүргізіле бастайтынын атап өтті. Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, хаттама толтырылды.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.