Әскери институтта генералдың мерейтойы атап өтілді

0
1209

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында генерал-майор Алмасбек Әбдірахмановтың 80-жылдық мерейтой кеші өтті. Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері мен РЭжБӘИИ курсанттары қатысты.

Мерекелік кеш генерал-майор Алмасбек Әбдірахмановтың өмір жолы туралы деректі фильм көрсетумен басталды. Мерейтой иесіне армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хаты мен ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың грамотасы табысталды. Қызметтес болған генерал мырзалар ақжарма тілектерін білдірді, 1 курс курсанты Қанат Дастан генералға жыр жолдарын арнады.

Генерал мырзаның тұтас өмір жолы Отанға, еліне адал қызмет етуге арналды. Әлі күнге дейін сол қалпынан танған емес. Адалдық пен әділдікті ұстаным еткен Алмасбек Сейітұлының ғұмыры соңынан ерген ұрпақтар үшін үлгі болып қала бермек, – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының бірінші орынбасары полковник Талғат Әжібаев.

Генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов Қарулы Күштердің қалыптасуының басында тұр, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы еңбегі ерекше. Әскери қызмет еткен жылдарында Алмасбек Сейітұлы взвод командирінен бастап ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасарына дейін басшылық қызметінің барлығын өткерген. Қазақстан әскері құрылған жылдары Қарулы Күштердің штаттық құрылымын жасауға атсалысқан, бірқатар әскери заңнамаларды жобалауға үлесін қосқан.

Генерал А.Әбдірахмановтың өзі мың жарымға жауық қазақ баласын Кеңес Одағының үздік әскери оқу орындарына жібергенін мақтанышпен есіне алады. Бүгінде олар генерал, полковник т.т әскери атағында қазақстандық армия қатарында әскери қызмет өткеріп келеді.

Кеш соңында сөз алған мерейтой иесі болашақ офицерлерге арналған ақыл-кеңесін айтты, ағалық ақылын жеткізді.

Отанды сүйіңдер, оған адал қызмет етіңдер. Өздеріңе жүктелген істі жауапкершілікпен тыңғылықты орындап, өмірлік ұстанымдарыңа берік болыңдар. Бұл өмірде Отанға, халыққа адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ, – деп сөзін аяқтады генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

фото Р.Тұрсынзаданыкі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.