ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ МАҚТАНҒА ЕЛТІМЕЙ, ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

0
1221

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс болып өтті. Осы мәжілісте Қазақстан Президенті «Бас қала егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы. Бүкіл әлемге Назарбаев моделі немесе Қазақстан жолы деп мойындалған стратегия дәл осы шаһардан басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған астана жылдан жылға дамып келе жатыр. Бүгінде еуразияның жүрегінде орналасқан елордамыз ірі саяси-экономикалық, мәдени және білім орталығы болып қалыптасты», – деді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласын ары қарай дамытып, жаңа белестерге шығару алдағы негізгі міндеттердің бірі екендігіне тоқталды. «Біз бірінші кезекте, елорданы газдандыру мәселесін ойластыруымыз керек. Өйткені, қыста қандай күйде болатынымыз өздеріңізге мәлім. Бірінші кезекте қала тұрғындарынан ыңғайсыз, дипломатиялық корпус өкілдерінен, қаламызда тұратын шетелдіктерден ыңғайсыз. Ал біз өзімізді халықаралық хаб, глобал-сити, Еуразия орталығы, Еуразия жүрегі тағы басқа деп көрсетеміз. Яғни, сөзіміз бен ісіміздің арасы жер мен көктей. Бұл дұрыс емес» деп мақтанға елтімей, жұмыс істеу керектігіне баса назар аударды.

Қазір Қарағанды, Астана және солтүстік аймақтарға жетуі тиіс «Сарыарқа» газқұбыры төселіп жатқаны мәлім. Газ құбыры Астанаға жылдың соңында жеткізіледі деп жоспарланған. Ал Астанада қыста жеке сектордың көмір жағуына байланысты қаланы ыс басып тұрады. Бірақ қала биыл да газға қосылмайтын сыңайлы. Өйткені қала әкімшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 15 қазаннан бастап көмір алуға көмек берілетінін айтқан еді.

Осы жиында мемлекет басшысы тіл мәселесіне де назар аударуды ұмытпады. Оған мына сөзі дәлел. «Бизнеске кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою қажет. Кәсіпкерлер үшін инженерлік желілерге қосылу айтарлықтай проблема болып отыр. Жер учаскелерін жалға беру аукциондарында коммуникацияларға қосылуға техникалық мүмкіншіліксіз жиі ұсынылып жатады. Немесе құрылыс барысында бұрын берілген шарттар өзге шартқа өзгертіледі. Мысал келтіре кетейін, «Premium Development Life Park» ЖШС-да электр көзіне қосылуда проблема болды. Атауы өте қызықты екен. Жалпы, бұл компанияның атауы неліктен қазақ тілінде болмайды? Біз жаңа компанияларымызды ең алдымен, қазақ тілінде атауымыз керек. Бұл мәселені назарға алу керек»,—деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТОҚАЕВ АСТАНА АРХИТЕКТУРАСЫНА СЫН АЙТТЫ

Жаяу жүргіншілер жолағы да президенттің назарынан тыс қалмады. «Елорда тұрғындарының төрттен бірі қоғамдық көліктің бағдар кестесіне көңілдері толмайтындығын білдіреді. Себебі көптеген бұралаң бағдарлар жолға кететін уақытты ұзартып жібереді. Сонымен қатар елордалықтар салондардың тарлығы мен лық толы болатындығын атап өтеді. Автобус бағдарларының жүктемесі мен сұранысына сараптама жасау, жүктемесі ең көбін анықтау және әсіресе қауырт уақытта оларды қосымша автобустармен күшейту қажет»,—деді Президент Астана қаласының архитектурасына қатысты сыни пікірін де жасырмады. «Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Бұл, бірқатар ауданда ретсіз, бейберекет құрылыстарға алып келеді. Көшелер мен ғимараттарды рәсімдеудің бірыңғай үйлесімді стилі жоқ. Сіздер елорданы көру үшін арнайы келген туристердің пікірлерін естіген де шығарсыздар. Толықтай алғанда, олар әрине, оң пікірлер. Бірақ қалада эклектиканың да жоқтығын атап өтеді. Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Жасыл өскін аз. Жалпы қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтындай сезім қалыптасады. Қожайыны жоқ»,—деді Қ.Тоқаев. Президент бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше мәрте айтқанын еске салды. «Алыстан сәулетті ғимарат жаман көрінбейді. Ал жақын келіп қарасаң, «шаршап« қалғаны көрініп тұрады. Қожайын керек. Ең алдымен, аудан әкімдері қожайын болуы тиіс. Олар кабинетте отырмай жаяу жүріп, тұрғындарын, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігін, белгілі бір ғимаратта тұрып жатқан адамдардың өмірін білуі қажет. Кабинетте кешкі сағат 6-7-ден кейін қажетті құжаттарға қол қою үшін отыруға болады. Кеш болмай тұрғанда қала көшелері мен ғимараттарын рәсімдеудің бірыңғай дизайн-кодын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің әкімдікке қатаң тапсырмам»,— деді Мемлекет басшысы. Ауыз су мәселесі де діттіген жерге дөп тиді. «Қала тұрғындары ауыз су сапасы мәселесін бірнеше мәрте көтерді. 20 қыркүйекте әлеуметтік желі арқылы азаматтар судан шығып тұрған жағымсыз иіске шағымдана бастады. Бірақ елордалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан түсіндіру бір аптадан кейін, 27 қыркүйекте ғана болды. Неліктен шұғыл әрекет етпейді? Біреулермен жауабын келісе ме?»,—деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы елордадағы ауыз сумен байланысты проблеманы барынша жедел шешу қажеттігіне назар аудартты.

Нағашыбай Қабылбек

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.