Ұлттық кеңес не дейді?

0
2036

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заңнамаларға енгізілетін өзгерістерді пысықтау керек»
«Парламент бар ғой, ал Ұлттық кеңес не үшін қажет?» немесе «Ұлттық кеңес заң ұсынса, Парламент онда не істейді?» деген сауалдар әлі де көпшілікті мазалап жүр. Ұлттық кеңес Парламент жұмысын мүлдем қайталамайды. Өйткені Парламент – заң шығарушы орган. Онда салалық мәселелер талқыланып, сол үдерістерді реттеуге бағытталған түрлі құқықтық нормалар қарастырылады. Ал Ұлттық кеңес консультативтік орган, мұны естен шығармау керек. Бұл жерде сарапшылармен тұрақты түрде кездесіп, өзекті әрі өткір тақырыптар бойынша пікір алмасып, соларды жүзеге асыру мақсатында ұсыныстарды қабылдайды. Ең бастысы Ұлттық кеңес – еліміздегі саяси диалогты дамытатын жаңа арналардың бірі. Парламент бұғып қалатын мәселеде ұлттық кеңес бүгешектемей айтарын айтады деген сенімдеміз.

Аталмыш кеңеске мүше болатын тұлғаларды іріктеуде біраз қиындықтар, көпшілік арасынан үлкен келіспеушіліктер туғызғаны даусыз. Біреулер «кеңес мүшелері арасында халықпен митингіге шыққан адам жоқ» десе, енді бірі қоғамдық күштердің, қоғамдық топтардың лидерлері кездеспегеніне наразы болды. Бұған қатысты пікір білдірген Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин: «Көпшілік ұлттық кеңес мүшелерін ғаламторда дауыс беру арқылы іріктеу қажет деген пікірді айтты. Бірақ бұл шешім күмән тудырды. Неге десеңіздер, егер интернет арқылы кеңес мүшелерін таңдайтын болсақ, онда миллиондаған тіркелушілері бар инстаграм жұлдыздары, шоу бизнес өкілдері кеңеске мүше болып шыға келер еді. Танымалдылық керек, бірақ кәсіби біліктілік
одан да маңызды», – деп атап өтті.

Қоғаммен диалог жүргізу – мемлекеттің жиі қолданатын тетіктерінің бірі. Сол тетіктің бүгінгі негізгі мақсатына мемлекет саясатының өзекті мәселелерін жұртшылық саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау кіреді. Тәуелсіз ақпарат тарататын Азаттық радиосы Ұлттық кеңес құрылғаннан кейін халық арасында аталмыш кеңестен не күтетіндіктерін білу мақсатымен сауалнама жүргізді. Көптің көкейінде жүрген сұрақтар сансыз. «Ұлттық кеңес мүшелері неге мына мәселелерді көтермейді?» дейтіндер де бар. Сауалнама барысында есімдерін атамайтындығы белгілі. Десе де жалпы халықтың басым көпшілігі: «Зейнетақыны көбейтсін. Менің жасым 70-те, 25 жылдық стажым бар. Ал алатын зейнетақым елу мың теңге ғана» десе, бірі «Жұмыс жоқ. Жалпы жұмыс табылатын болса да айлық аз», ал енді бірі «Қаншама жастар жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Тәуелсіздік алғалы да отыз жылдың көлемі болды, бірақ баспана мәселесі әлі шешімін таппаған»,— деп қынжылады. Яғни олар Ұлттық кеңестен дәл осы мәселелердің шешімін табуды сұрайды, соны күтеді. Халық кеңес мүшелеріне үлкен үміт, зор сенім артады. Дегенмен ескере кететін бір жайт бар. Ол: кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді ғана емес, сондай-ақ он жылдық, мың жылдық үлкен мәселелердің де шешімін табуға ұйымдастырылған алаң екендігі. Әрине, баспана, зейнетақы, жалақы мәселелері де өте маңызды. Әйтсе де Ұлттық кеңес бірінші кезекте жүйелі сұрақтармен айналысу керек.

Саясат Нұрбек:
Біліміміз бар. Билігіміз жоқ

 

 

BTS Digital білім беру жобаларының басшысы Саясат Нұрбек өзі мүшелік ететін Ұлттық кеңесте білім беру мәселесін көтеріп жүр. Ол: «Қазіргі негізгі сұрақ: жоғары білімді қаржыландыру моделі, мемлекеттік тапсырыс. Биыл екі мың грант иеленушісіз қалып, қызық жағдайға түстік. Мұндай жағдайға қаржыландыру моделі дұрыс болмағандықтан түседі. Негізінен ЖОО-ның басшысы, субъектісі мен объектісі дұрыс болу керек. Субъектісі – студент пен оқытушы, объектісі – жұмыс беруші. Институционалды дұрыс құрылымдар жасауымыз қажет. Білім саласындағы негізгі құжат, ол – диплом. Жастар не үшін оқиды? Диплом қағазын алып, жұмысқа тұру үшін оқиды. Басқа кәсіби емтихан да, сапаны арттыру емтихандары да жоқ. Мәселен, британдық немесе англосаксондық жүйелердің ішінде дипломмен жұмысқа қабылдамайды, олар салалық қауымдастықта кәсіби емтихан ұйымдастырады. Яғни медицинада оқыған студент дәрігер болуы үшін тек қана диплом жеткіліксіз, бітіруші студент жұмыс беруші тарапқа барып кәсіби емтихан тапсырады. Мұндай жүйені біздің елімізде де қолданса, жақсы болар еді. Онда парақорлықтан да арылар едік. Себебі бұл жерде пара беру мағынасыз, студент өз біліктілігін дәлелдеуі керек. Кәсіби емтиханды тапсырған маман (егер ол пара беріп жұмысқа орналасса) жұмыс барысында сауатсыздығын көрсетіп, қате жіберетін болса, сақтандыру моделінде жұмыс берген кәсіби институт (кепілдік берген жұмыс беруші тарап) осы қателіктің төлемін өтейді. Осындай екі институтционалды шешім парақорлықты жояды. Өйткені екі жақтан да амалсыз ақшаны төлейтін болса, одан пайда жоғын түсінеді. Сондықтан студент оқу керек, ал жұмыс беруші мықты кадрларды алу қажет.
Жалпы халық бізге көп үміт артуы мүмкін, алайда біз де пендеміз. Біліміміз бар, бірақ билігіміз жоқ. Бір нәрсе: бізде таза ниет бар», – деп сөзін тұжырымдайды. Ұлттық кеңес мүшелерінің алдында, жалпы кеңестің алдында тағдыршешті талай міндет тұр. Олар «әр түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатымен жұмыс жүргізуі қажет.

 

Адвокат Айман Омарова:
Адвокаттарымыз  тәуелсіз  болу керек

 

Ұлттық кеңеске мүше болып, күрмеуі қиын күрделі мәселелерді көтеріп жүрген адвокат Айман Омарова: «Еліміздің басты байлығы – адам. Адам құқықтарын қорғау – басты міндетіміз. Адвокаттардың тәуелсіздігіне назар аудару керек. Біздің еліміздегі адвокаттар бәрінен қорқып жүреді. Олар өз мүдделерін қорғаумен алысып жүр. Құқық қорғаушылар өздерімен әлек болмауы керек. Адвокаттар елдің мүддесін қорғау қажет. Және де БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізілгені жөн. ҚР Қылмыстық кодексіндегі 130-бапта жала жабу туралы айтылады. Оны алып тастау керек. Себебі журналистер ешкімнен қорықпай, ақпаратты еркін жариялау қажет. Менде 13 журналист бар. Мен олардың құқығын қорғап жүрмін»,–дейді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған А.Омарова азаматтардың құқығын қорғау және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қарастыруды ұсынған. Сондай-ақ қорғаушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 174-бабына түзетулер енгізу туралы да өз ойын айтты. Мемлекет басшысы А.Омарованың бастамасының маңызды екенін атап өтіп, кемсітушілікке қарсы заңнама нормаларын енгізгенде шетелдік тәжірибені қолдану қажеттігін ескеруді жөн санады.

 

Кинорежиссер Ермек Тұрсынов:
Ең алдымен біз мәдениетті болайық

 

 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында мәдениет мәселесіне қатысты өткір пікір білдірген кинорежиссер Ермек Тұрсынов: «Ұлттық кеңес – қажетті алаң. Мен әр түрлі елдерде болғандықтан, проблемасыз ел болмайтындығын білемін. Біздің еліміздегі негізгі мәселе қандай? Біз «алдымен экономика, сосын саясат» деген лозунгты ұстандық. Ал бертін келе «алдымен саясат, содан соң экономика» деген ұстанымға көштік. Менің ойымша, ең алдымен, мәдениет болу керек. Мәдениетсіз адамды үлкен саясат пен үлкен экономикаға араластырмау қажет. Мәдениет министрлігі маңызды министрліктердің қатарына енуі міндетті. Ол ұстанымдары мен қызметін түгелдей өзгертуі тиіс. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Мәдениет» атты жалғыз телеарна жабылып қалды. Бұл нені білдіреді? Көрсететін дүние жоқ дегені ме? Адамдарды кітап оқуға әкелу керек. Бразилияда жұмысшыларға кітап оқу үшін ай сайын 250 доллар шәкіртақы бөлінеді. Онда түрмеге қамалған тұтқындар кітап оқитын болса, олардың жазасын өтеу мерзімін қысқартатын арнайы заң бар»,–деп, сол шетелдік тәжірибені біздің елімізге әкелуге үндейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысынан кейін Кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар Президент Әкімшілігі мен Үкіметте өткен жиындарда талқыланып, пысықтау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Жуық арада кейбір заңнамаларға енгізілетін өзгерістерді пысықтау керек. Содан кейін Ұлттық кеңестің екінші отырысы шақырылады»,–деді.
«Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев Президентке ішкі және сыртқы туризм саласындағы кейбір қордаланған проблемаларды шешу жолдарын, қазақ күресін халықаралық аренада ұлттық бренд ретінде қалыптастыру жайындағы толғандырған дүниелерді айтты. Қоғам қайраткері Айдос Сарым Қазақстандағы гуманитарлық ғылымның даму жолдары, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне оның тигізер әсері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен идеологиялық саясаты сынды мәселелерге қозғау салды. Саясаттанушы: «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі келелі мәселелермен айналысады. Осындай кездесулердің, жиындардың нәтижесінде түрлі мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданады. Дана халқымыз «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Ұлттық кеңес мүшелері азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды да қарастырады»,– деді.
Халық не дейді?

Әрине, қоғамның пікірін есту өте маңызды. Сол пікірді естуге мұрындық болатын Ұлттық кеңестің құрылғаны нұр үстіне нұр болды. Ол – біздің елімізге «саясатта, экономикада, әлеуметтік тіпті мәдениет саласында қандай өзгерістер керек?» деген сұрақтарға жауап берерлік мықты орган. «Мен үшін бұл – билік қоғаммен диалог жүргізе бастағанын көрсету үшін пайдаланғысы келетін жалған құрылым. Бірақ кеңес құрамында азаматтық пікірі айқын, ары таза, қоғамды өзгерткісі келетін бірнеше азамат та бар»,– деп саясаттанушы Досым Сәтпаев кеңеске қатысты көзқарасымен бөліседі. Ал тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралина: «Ұлттық кеңестен зор үміт күтеміз. Қоғамдағы белгілі саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер қоғамдық белсенді пікір білдіріп жүрген азаматтар көкейтесті мәселелердің шешімін табады деген сенімдеміз»,–дейді. Сонымен қатар қоғам белсендісі Жұлдызай Орынбасарова: «Ұлттық кеңес – болашақта билік пен халықтың арасын берік қылатын көпір. Ол қазіргі кезде көптің талқысына түссе де, кейін бәрінің сенімін ақтап шығар деген ойдамын»,–деп кеңеске деген сенімін білдіреді. Журналист Жанболат Мамай: «Ұлттық кеңестің конституциялық статусы жоқ, ол тек қана консультативтік-кеңесші орган. Кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар болуы мүмкін, бірақ оларды әрі қарай жүзеге асыруды билік өзі шешеді»,–деген еді бір сұхбатында. Иә, аталмыш кеңестің конститутциялық статусы жоқ екендігі рас. Алайда қазіргі Ұлттық кеңес дер кезінде құрылып отыр. Онда ұлттың сөзі сөйленеді. Мемлекет пен қоғам арасында дәнекер болатын кеңестің келелі мәселелердің шешімін табатындығына халық сенім артып отыр. Дәл қазір Қазақ елі үлкен бір өзгерісті бастады. Сол өзгерістің себепшісі болған Ұлттық диалог – қазіргі қоғамдағы наразылықтарды тоқтатудың жолы.

Ақнар Қазезова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.