Президент отандық өнім сапасына оң баға берді

0
1579

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айының ортасында Көкшетау қаласында іс сапармен болып, қаладағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен жүздесті. Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасаған болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында Көкшетаудағы өндіріс ошақтары «Новопэк», «Бижан» ет өндеу зауыты және «Ақай» тігін шеберханасынан тыныс тіршілігімен танысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа полипропилен бұйымдарын жасайтын «Новопэк» серіктестігінің директоры Рүстем Османов : – Зауытта 940-тан астам адам жұмыс істейді. Өнімдеріміз әлемдік стандарттарға сай . Өнімді Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортқа шығарамыз. Жұмысшыларымызға арнап 600 орындық жатақхана және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша саламыз, – деп серіктестік жұмысымен таныстарды.
Мәртебелі мейман өңірдегі ет өнімін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі «Бижан» ет өңдеу зауыты, «Ақай» тігін шеберханасының жұмысымен танысып, өнім сапасына оң баға берді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ақмола облысын дамыту жөнінде өткізген кеңеске қысқаша тоқталсақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiмет мүшелерi мен облыс активiнiң алдында сөйлеген сөзiнде Қазақстанның Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тарихи еңбегiн атап өтiп, көреген көшбасшылығының арқасында елiмiз әлеуметтiк-экономикалық дамуда, сондай-ақ, халықаралық аренадағы өз орнын нығайтуда елеулi табыстарға қол жеткiзгенiн атап өттi.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Үкіметтің, Парламент депутаттарының, облыс әкімдерінің міндеті – Елбасының ұзақ мерзімді Стратегиясын, Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны іске асыруға барлық күш-жігерін жұмсап,жоспарларды іске асыру үшін жалаң есеп емес, салмақты талдау, тиімді іс-әрекет ету. Солндықтан, аталған лауазым иелерінен халықтың маңызды талап-тілектерін қанағаттандыруға арналған тиімді жұмыс күтемін, – деді.
– Мемлекет басшысы облыс экономикасындағы өнеркәсіп өндірісінің үлесі артқанына қарамастан, өңірдің республика көлеміндегі үлес салмағы 2,5 пайыздан аспай отыр.
Масал кен орнындағы тау-кен металлургия кешенін Тау-кен металлургия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кешенді жоспардан және республикалық индустрияландырудың картасынан алып тастау мәселесіне назар аударды. Жоба кен өндіруден бастап болат прокатын шығаруға дейінгі технологиялық желіні құрап, 1 миллион тоннаға дейін өнім өндіруді көздеген болатын. Президенттің айтуынша, бұл кешен Жарқайың және Есіл аудандарының тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, облыс экономикасының өсуіне сеп болатынын атап, Үкіметке «Самұрық–Қазына» қорымен бірлесіп, аталған жоба бойынша нақты шешімге келіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Президент еңбек өнімділігін арттыру, оның ішінде, ауыл шаруашылығы – өңір экономикасын өркендетудің басты факторы, осыған баса мән беру қажет. Елдің үш ірі астықты облысының ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмен екенін, олардың үлесі 5 мыңнан 8 мың доллар болса. Бұл көрсеткіш Ресейде 17 мың, ал дамыған елдерде 80-90 мың долларға дейін жетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін ұлғайту үшін жетекші отандық әзірлемелер енгізу. Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпін алуы тиіс. Егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет, – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы егістік алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу жөніндегі өз тапсырмасына тоқталды.
– Менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді, – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы туризм саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік салаға байланысты ескертулер жасап, тапсырма берді.
– Туризм саласы аймақтың жалпы өнімінің 0,5 пайызын ғана құрап отырғанын баса айтып, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылы елімізде аталған көрсеткішті 8 пайызға жеткізу қажет.
– Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңі шеңберінде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырамын. Қазақстанның Туризм картасында Зеренді демалыс аймағы да бар. Аталған аймақты экологиялық және балалар туризм саласына бейімдеу керек.
– Жол бойы сервисінің сапасы мен қызмет көрсету деңгейі төмен, сервисті тиімді дамытудың жолдарын қарастыру қажет.
– Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттап, инфляцияның алдына түсіп кетті. Кей жағдайларда екі есеге дейін жеткен. Инфляцияның жалпы деңгейі 5,3 пайыз, ал баға 9 пайыздан асып кетті. Бағаның көтерілуіне жол бермеуді, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбаттатпауды ескертемін, – деді. Президент облыстың соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысының қарқыны (900 мың шаршы метр) және қаланың көше-жол жүйесінің 880 шақырымы жақсарғанын атап, өңірдегі инфрақұрылымдық мәселелерге, оның ішінде Сарыарқа магистральді газ құбыры бойына салынатын газ тарату желісінің құрылысына да тоқталып төмендегі түйткілді мәселерді шешуді тапсырды.
– Үкімет, облыс әкімдігімен бірлесіп, 2020-2021 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарында газ тарату желісін салу.
Үкімет халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Ақмола облысында ЖЭО салу мүмкіндігін қарастырсын.
– Бұл шамамен 200 миллион долларды құрайды. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс беріңіздер. Біз Көкшетау қаласында міндетті түрде ЖЭО салуымыз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстың агломерациялық аймағының инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешуді жеткізіп, Қосшы ауылын мысалға алды.
– Қосшы ауылындағы халықтың санына қатысты үш түрлі дерек бар: нақты есеп бойынша 52,5 мың халық тұрады; үй шаруашылығының тіркеу дәптеріндегі тұрғындар саны – 34 мың; көші-қон қызметі ресми түрде 16,5 мың адамды тіркеген. Бұл—келеңсіз жағдай. Жақында халық санағы болады. Тұрғындардың саны мен олардың өмір сапасы жайын нақтылаған жөн.
– Аймақты дамытуда кешенді басқару тәсіліне көшіп халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат. Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктері іс қимылдарын үйлестіріп жаңаша серпін жасау қажет – деді, Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық Форумын өткізуге қажет дайындық жөнінде тапсырмалар жүктеп өңір еңбеккерлеріне табыстар тіледі.

Дахан Шөкшир

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.