Қазақ тілі – ұлттық құнары жоғалмаған асыл тіл

0
1284

Елордада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын графикасына көшу туралы Жарлығы шыққалы бері еліміздің тіл жанашырлары, ғалымдар мен түгел көзі қарақты қоғам дерлік жаңа альфавит төңірегінде пікір айтып, көзқарасын білдіруден қылыс қалып жатқан жоқ. Осы дүрыс-ау деген латын графикасындағы жаңаша емле халық талқысына ұсынылып, қызу пікірталасқа ұласып жатқаны белгілі. Аракідік латынға көшкеніміз дұрыс па, неге қазақтар ғана альфавит ауыстыруы керек, түріктің қолданып жүрген латыншасына көше салсақ болмай ма, қазақы қаріптерімізден айырылып қалмаймыз ба деген сан сауал айтылып, биліктің құлағына жетіп жатыр.   Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға әліпбиді реттеу бойынша тапсырма берген болатын. Сөйтіп, қазіргі уақытта бүгінге дейін бекітіліп, тіпті жазу үлгісі қолданысқа ене бастаған альфавитті қайта өзгерту туралы мәселе күн тәртібіне шыққан болатын. Конференция барысында Ш. Шаяхметов атындағы тіл-қазына ұлттық ғылыми практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан жаңа әліпбидің артықшылықтары мен оның негізіндегі мақұлданған емле ережелерінің олқы тұстарына тоқталды. Анар Фазылжан: –«Бекітіліп қойған емлені жөндеу өте қиын. Ал енді мақұлданған емлемен жазып-сызу барысында емленің де, әліпбидің де олқы тұстарын анықтап алу, артықшылықтарын байқау өте қолайлы. Сондықтан біз бір жыл бойы жазып-сыздық. Бұл нәрсені жоққа шығарып, «бәрі босқа кеткен дүние» деген пікір білдіріп жатқандар да бар. Бірақ мен оларға қарсы айтарым емле мен әліпбиді тексерудің бір ғана мықты жолы  – практика»,- деді.
Ал, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов:  «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарияланып, қарқынды жұмыстар жүргізілген болатын. Өздеріңізге белгілі, сол уақыттан бері латын графикасына көшіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. ҚР Үкіметінің жанынан Ұлттық комиссия, тиісті ведомстволардың жанынан олардың жұмыс топтары құрылып, жаңа әліпби мен емле ережелері зерделенуде. Жаңа әліпбиге көшу мәселесінің жалпы жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсуі де мәселенің өзектілігін айқындап отыр», – деп, латын графикасы төңірегінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді асықпай талқылаға салу ешқашан артық болмайтынын атап айтты.

 Жаңа әліпби әуезді тіліміздің ұлттық бояуын сақтауы керек

Сонымен қатар, «Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін үйренудің әдістемелік бағыттары» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Таңат Аяпова: «Тілде халықтың бүкіл өмірі берілген. Олай болса латын әліпбиіне көшеміз деп, ұлттың тіліне қиянат жасауға болмайды. Ата-бабамыз «ң» деп қолданды ма, демек біз соны сол қалпы қолдануымыз керек. Ағылшын тіліне, не басқа тілдің ыңғайына бейімделіп, ата-бабамыздан мұраға қалған тілді бүлдіруге болмайды», – деді. Осыған орай, қайта ұсынылып отырған альфавиттегі «ң», «ы», «і» әріптерінің таңбалануы мен қазір түріктер қолданып жүрген альфавитті қабылдай салу ыңғайлы еді» деп көпшілік ортада жауапсыз қалып келе жатқан сауалға Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекқызы: «Түрік альфавитінің де өзіндік кемшіліктері бар. Олар әлі күнге төл дыбыстары «қ»-дан айырылып қалдық деп өкінумен келеді. Түріктің қазіргі әліпбиі жазу кезінде түріктің барлық ұлттық сөйлеу бояуын таңбалай алмайды. Сондықтан, олар бізге, әсіресе тіл төңірегіндегі ғалымдары біздің қателігімізді қайталамасаңыздар екен деп тілектес болумен келеді. Негізінен түркі тілді халықтарының ішінде қазақ тілін лексикасы мен фонетикасы жақсы сақталған, ұлттық құнарын жоғалтпаған асыл тіл деп бағалайды. Сондықтан, біз оларға емес, керісінше олар біздің тіл ерекшелігімізге көбірек назар аударады. «ң»–ның таңбалануына қарсылар бар, бірақ бұл әліпби әлі бекітілген жоқ, Жоба ғана. Біздің мақсат жаңа әліпби жасау емес. Ахмет Байтұрсынов жасаған бір ғана әліпби бар. Біз сол әліпбиге аз ғана жаңашылдық енгізіп, лексикамыздың бұзылуына жол бермеуіміз керек. «І»-ні өзгерту қарастырылып жатыр. Ұлтымыздың сөлеу мәнері мен әуезді үнімізге қылдай қиянат жасауға болмайды»,– деді.
Демек, секциялық мәжілістерде сарапқа салынған әліпбидің әдістемелік мәселелері, латын әліпбиін енгізудің халықаралық тәжірибесі туралы ғылыми пікіралысулар мен конференция аясында Министрлікке ұсынылған нұсқалар төңірегіндегі талқылаулардан үміт зор. Тағы бір айта кетерлік мәселе Ескендір Тасболаттың, Манас Сапарбаевтың, Нұрлан Түлтебаевтың, Абзал Дәуренбекұлының Министрлікке ұсынған жобалары бойынша Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері, ғалымдар Жантас Жақыпов, Қарлығаш Сәрекенова, Зейнеп Базарбаева, Жанар  Жұмабаевалар «екі өлшеп, бір рет кес» қағидасына сай тағы да ғылыми сараптама жасады. Сондай-ақ, бұл әліпби жобаларына Ақпараттық сүйемелдеу және техникалық жетілдіру жұмыс тобының мүшелері ІТ мамандары Рымбек Ізғали, Аршат Ораз, Нартай Әшімдер өздерінің ойларын айтты. Конференция аясында географиялық атаулар мен кісі есімдерінің жаңа әліпбиде жазылу ережелері де мәжіліске жиналған ғалымдар арасында кеңінен талқыланды.
Бетті дайындаған – Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.