Жер асты байлығы кімге тиесілі?

0
413

Қазақ Елі төлқұжатын қолына тигізу үшін жүздеген жылдар бойы күрескені тарихтан аян. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының, Алаш арыстарының, Кеңес империясының қитұрқы саясатымен арпалысып өткен Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов,Тәшенов, Ермеков, Рысқұлов, т.б. арыстардың арқасында қазіргі Қазақстан Республикасы деп аталатын алтын ұямыз, қасиетті Отанымыз әлем картасынан өзінің орнын ойып тұрып алып, көк байрағын биіктен желбіретті.

Алайда ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақыттың ішінде Алтай мен Атыраудың арасында созылып жатқан бәленбай Англия мен түгенбай Франция сыйып кететін ұлан-ғайыр Ұлы Даланың бүгінгі мұрагері «Қазақ Елінің» қазба байлықтары неге жедел түрде жекешеленіп кетті деген сауал әрбір қазақты, әрбір қазақстандықты мазалайтыны рас!Жекешелендіргіш пысықтар соншама қайда асықты екен?

Өткенде «Forbes» журналының қазақстандық бөлімшесінде орыс, қазақ тілдерінде бір мақала жарияланды. Оқып отырып таң қалғаным соншалық,өз пікірімді сіздермен бөлісуді жөн санадым.Қазақстандағы жер асты мен үстіндегі қазба байлықтардың 55 пайызын бар-жоғы 162 адам иемденіп алған екен.Яғни, жеріміздің асты-үстіндегі қазба байлықтардың барлығы 162 адамның меншігіне өтіп кеткен!Онымен қоймай сол 162 адамның ішінде саусақпен санайтындай бес-алтауы «супер байлар» деп жазады аталмыш журнал». Биліктегілер мұны біле ме, білсе не дер екен?» деген ойда болдым. Сонда қалай,ғасырлар бойы қан төгіп, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған хандар мен батырлардың кешегі алаш арыстарының асыл арманы қайда қалды?! Менің ойымша олар осыншама байлықты аздаған адамдар үшін емес, барша қазаққа мұра қылып қалдыруды армандап ,сол жолда шейіт болып кетті! Ендеше, аталар аманатын аяққа таптап, халықтың бар несібесін бауырларына басып, бір-бірлерімен ырылдасып жатқан қазіргі заманның қорқауларын жөнге салып, халықтың еңсесін көтеруге жол көрсететін көсемдер мен шешендер бар ма екен?! Қазіргі жас ұрпақ өкілдері бұған не дейді? Біздер сияқты аға ұрпақ өкілдеріне «сіздер қайда қарадыңыздыр?» деп сауал тастауы да мүмкін ғой… Мен сол кейінгі жас буын өкілдері үшін ұяламын…Өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қорында жинақталатын қаражаттың барлығы халықтың құзырында, халықтың несібесі дегенді айтты… Қаншалықты шындыққа жанасады, оны уақыт көрсете жатар. Ал, солтүстіктегі, Скандинавия түбегінде орналасқан Норвегия мемлекетінде де дәл осындай Ұлттық Қор бар екен. Бір қызығы сол, мемлекет тек қана мұнайдан түскен пайданың белгілі бір бөлігін халқына белгілі бір уақытта жеке есепшоттары арқылы дивидент ретінде аударып отырады. Себебі біреу: ол мемлекетте Конституция бойынша жер асты, үсті қазба байлықтардың негізгі қожайыны қарапайым халық болып табылады… Менің пайымдауымша, айналып келгенде бәрі ел басқарып жүрген көсемдер мен көсемшелердің ниет-пиғылына байланысты ғой деп ойлаймын. Алланың бұйрығымен ата-бабадан мұра болып қалған аста-төк халық несібесін жоқтау, түгендеу, қайда кетті, кімдердің уысында қалды деп сұрау – әрбір қаны да жаны қазақ адамның азаматтық парызы екені рас! Ал, оны кім қалай түсінеді, қалай талқылайды, ол – басқа әңгіме… Біздікі – тек сіздерді тезге салар «салиқалы» ойлардың тізгінін ара-тұра жіберіп тұру ғана…

Жаңабек  Тойбазаров

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.