Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауылдағы жастардың неліктен қалаға көшіп жатқаны туралы айтқан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов: «Біздің министрліктің қызметкерлері өңірлердегі ахуалды бағалау мақсатында үнемі аймақтарға шығып отырады. Атап айтқанда, қызметкерлеріміз өткен жылы көші-қон мәселесіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерде болды. Нәтижесінде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі таңда жастар ауылдан көптеп көшіп жатыр. Әсіресе, көршілес өңірлерде бұл мәселе өте өткір күйінде тұр. Жастардың айтуынша, жұмыстың тапшылығы, табыстың аздығы, үйдің жоқтығы осындай қадамға баруға итермелейді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда тұрақтамаудың тағы басты бір себебі – бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндіктің болмауы және мәдени ошақтардың жоқтығы. Өткен жылы аталған мәселеге байланысты арнайы Үкімет отырысы өтіп, онда әрбір өңірде 2017 жылға арналған жастардың бос уақытын өткізу туралы жоспар әзірленді. Ол жоспарларға сәйкес, елімізде 379 жаңа көп функционалды нысан мен 7 сауықтыру орталығы бой көтерді. Өңірлерде көптеген футбол алаңы, хоккей корты, street workout орталығы іске қосылды. Біздің министрліктің ұсынысымен әрбір шағын қала мен аудан орталығында жастардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, орталықтарды ашу мәселесі қарастырылуда. 2017 жылы еліміздегі жұмыссыз жастардың саны 92,8 мыңнан 83,7 мыңға азайды. Көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді. Яғни еліміздегі жұмыссыз жастардың саны 92,8 мыңнан 83,7 мыңға дейін төмендеді. Қазақстандағы жұмыссыз жастардың үлесі 4,1-ден 3,9 пайызға  дейін азайған. Ал NEET (экономикалық, әлеуметтік, саяси себептерге байланысты жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар буыны) жастарының үлесі 9,2-ден 8,7-ге дейін төмендеді. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтар 3,6 пайызға, суицид көрсеткіші 8,2 пайызға төмендеген. Біз осы сандарға қарап, босаңсымауымыз керек. Керісінше, суицидті болдырмау үшін еңбектену қажет. Бұл сандар жастардың есейгенін көрсетеді»,— деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз