Тамырына терең үңілсек, еңірегенде етегіміз жасқа толатын ұрпақ қасіреті қозғалды.
Сахнада әке мен бала ғана!
Баласы «Махамбет деген кім?» — дегенде, әкесі жанын қоярға жер таппай есеңгіреді, жүрегі қан жылады! Осындай сұрақ қоятын бала әр үйден табылып жатса таңғалмайтын кезеңдеміз.
«Әкеден ұл тумай ма?
Әке жолын қумай ма?» демекші, өмірдегі нағыз әке жолын қуған ұлды сахнадан көрдік. Әке — Бекжан, бала — Мағжан, өз аттарымен бүкіл халықтың қасіретін сомдап шықты. Осындай саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған азамат халқына қандай өсиет айтса да жараспай ма?!
Бекжан Тұрыс халыққа қанша жақын болса, халық та актерге соншалықты жақын. Арада ешқандай алшақтық жоқ.
Халықтың құрмет қошеметінен асқан қандай байлық болуы мүмкін! Екеуін сахнадан жібермей қол соққан халықты көргенде риза болдық.
Жаны қазақ!
Қаны қазақ!
Жүрегі қазақ!
Сөз төркінін түсінетін, азаматын ардақтайтын еліміздің барына қуандық. Кейде тіпті, халықты жинап алып, сахнада не айтылып жатқанын түсінбей қарнымыз ашып қайтатын күндеріміз де аз емес.
Қойылымның соңына қарай әкенің жүзіндегі қуанышты көріп, қалбалақтап барып атқа мініп жатқанда еріксіз жанарыма жас алдым.
Сағыныштың жасы болар?!
Атты да, сағындық!
Әкені де, сағындық!
Ата-салтымызды да, сағындық!
Қайран, тойға ғана ерттеп мінетін тор жорға мен ертұрмандай-ай! Өзіміз бала күнімізде соның бәрін көріп өстік. Жайлауды да көрдік. Жайлаудағы «төс» тойды да, көкпарды да бәрін көрдік. Еске түскен жүрегіміз тайдай тулайды, өрекпейді! Енді міне сахнадан көріп сағынып отырмыз. Негізі сахнадағы өмірдің бәрі жалған дейміз ғой. Ал біз бүгін, шынайы әке мен баланы көрдік. Елім деп еңіреген елді көрдік.
Театр құдіреті осылай болуы керек. Ол — рух, ол — сезім, ол — сағыныш!

Манапова Гүлбану

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.