Адамзат ұйқы кезінде көретін түстің құпияларын ашуға өмір бойы тырысып келеді. Қазір тіпті онейрология деп аталатын түсті зерттейтін арнайы ғылым да бар. Ал эзотерикалық ғылымды таңдаған адамдар өз түстерін әртүрлі түс жору кітаптарына сәйкес жоруға тырысады және олар болашақты болжайды деп сенеді. Бірақ, психологтар түс біздің қазіргі күйіміздің нақты көрінісі деп пайымдайды және бұл біз үшін өте маңызды нәрсені жеткізуге мүмкіндік береді. Негізінде барлық адамдар үшін ортақ түс болады. Олар әрқайсымыздың түсімізге кірген. Бұл түстер біздің бұрынғы түйсігіміздің әсерінен, ата-бабаларымыздың тәжірибесінен және жеке тәжірибемізден туындайды. Түсті зерттеуші белгілі маман, психолог Патриция Гарфилл: «Олар «әмбебап түстер». Әр адам қуырдақты әр түрлі етіп жасайды, бірақ бәрі оны еттен әзірлейді. Түс те дәл сол сияқты. Әркім әртүрлі түс көреді, бірақ олар ортақ сюжеттерге негізделген. Олар адамзаттың өзі сияқты ежелгі»,— дейді. Енді қандай түстерді ескермеуге болатынына келейік.

1. Түсіңізде бір нәрседен құлап бара жатсаңыз. Есейген шағымызда бізге ұшып жүргенімізден гөрі, құлап бара жатқанымыз әлдеқайда көп кіреді. Психолог Иэн Уоллестің айтуы бойынша, түсінде құлау бақылауды жоғалту қорқынышын білдіреді. Мысалы, сіз өз өміріңізде бір нәрсені бақылай алмайсыз, мүмкін өміріңізде сіз дайын емес өзгерістер орын алды және аяқтың астынан жерді жұлып алған сияқты болады. Сол кезде өміріңізде қандай күйзеліске ұшырағаныңызды немесе қай өмір саласында өзіңізді осал сезінетініңізді (жұмыс, қарым-қатынас, қаржы, денсаулық және т.б.) сезінесіз және оны қалай түзеу керек екенін ойлаңыз. Ал кейбір ғалымдар түсте бір нәрседен құлап бара жатуды қарапайым физиология деп түсіндіреді. Дене ұйқыға кетіп, жүйке жүйесі тыныштала бастағанда, қан қысымы мен жүрек соғу жылдамдығы төмендейді және біздің ұйықтап жатқан миымыздағы бұл физиологиялық ауысым өлімнің келе жатқанын қауіп ретінде қабылдап, содан адам бірден ұйқыдан шошып оянып кетуі мүмкін. Бұл түстің қарсы нұсқасы – ұшу. Ол ауыр жүктен босау, еркіндік сезімін білдіреді.
2. Түсіңізде емтихан тапсыра алмай қалсаңыз немесе көпшілік алдында сөйлей алмасаңыз. Мысалы, сіз түсіңізде емтихан билетін алып, кенеттен білгеніңіздің бәрін ұмытып қалғаныңызды түсінесіз немесе үлкен аудитория алдында тұрып, бір ауыз сөз айта алмай қаласыз делік. Мұндай түстер тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, сондай-ақ, оқуды баяғыда бітіріп кеткен адамдардың да түсіне кіруі мүмкін. Бұл сіз ұйқы алдында стрессті бастан кешірген кезде, бір нәрсе туралы қатты алаңдағаныңызда кіруі мүмкін. Бұл жағдайда үзіліс жасап, демалу керек.
3. Қолайсыз киіммен немесе киімсіз жүрсеңіз. Түсіңізге қоғамдық орындарда жайсыз киіммен немесе мүлде киімсіз жүргеніңіз кірсе, түсте сезінген сезімдерге назар аудару керек. Мұндай түстер көбінесе ұят және ұялу сезімімен үйлеседі. «Демек, сіз шын өмірде өзгелер сіздің әлсіз және кемшілік тұстарыңыз туралы біліп қояды деп қорқасыз, жаңа жұмыста немесе қарым-қатынаста өзіңізді осал сезінесіз», – дейді психолог Иэн Уоллес. Бірақ, егер сіз түсіңізде ұялмай, керісінше өзіңізді мақтан тұтсаңыз, бұл керісінше мағына береді. Мүмкін, шын өмірде сізге өзіңізді мойындағаны, басқалардың сізге таңданғандары, көздеріне іліп, көргендері жетіспейтін шығар. Егер сізге жақында бір маңызды оқиғаға бару керек болса және түсіңізде сол күнгі жиында өзіңіздің немесе танысыңыздың жайсыз киімде жүргенін көрсеңіз, бұл сіздің оқиға туралы күмәніңіз бар дегенді білдіреді. Мысалы, үйлену тойының қарсаңында қалыңдыққа күйеу жігітінің сайықмазақтың костюмінде жүргені кірсе.

Дайындаған — Ермек Назым

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз