«Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген қанатты сөздің астары бүкіл саналы ғұмырын әскери салаға арнап, бойындағы бүкіл күш қабілетін елінің игілігіне жұмсаған намысшыл нар тұлға, бәтуалы ой айтатын, батагөй ақыл қосатын абыз ақсақалымыз Ким Серікбайұлына бағытталғандай болып көрінеді. Ол кісі «Әскердің жаны тәртіп» атты қағидаға өзін сонау албырт шақ бала кезден дайындады. Қиялымен әскери шен киген сымдай тартылған сыралғы жігітті көз алдына елестетіп, жанары нұр шашып кететін. Оның көңіл түкпірінде жатқан бұла арманын көкке көтеріп, ойын қияда жүздірген бірден-бір жан Темір есімді ауыл ағасы еді.

Жетімді жетелеген Темір ұстаз

Сұрапыл соғыстың қан майданында бір аяғын беріп, мүгедек болып оралған Темір мектепте денешынықтыру сабағынан дәріс беріп жүрді. Бойына ойы, келбетіне кемелдігі үйлескен батыр ұстазының жіптіктей тұлғасы, ширақ қимылы, байсалды, салиқалы түр-тұрпаты бала Кимге көрген жерден қатты әсер етті. Мұғалімінің әр жүріс-тұрысын бағып, әсерлі әңгімесіне елтігені соншалық әскери қызметкер боламын деген түпкілікті мақсат қойды. Сөйтіп, белін бекем буды.
Әрбір адамның тағдыры әртүрлі. Әр пенде пешенеге не жазылады, соны көретіні хақ. Біреу өмірде бақытты күй кешеді, біреу қайғы-қасіретке душар болады. Аяғын апыл-тапыл басқан сәттен бастап, әркімнің өмірінде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Біреуді үміттендіреді, біреуді сүріндіреді. Біздің кейіпкеріміздің басындағы хал де осындай.
Олай дейтінім Кимнің балалық балдаурен шағы оңай болған жоқ. Жетімдіктің қамытын киіп, жоқшылықтың тауқыметін тартып өсті. Тұлымшағы желбіреп енді-енді жетіліп келе жатқанда он төрт жасында әкеден айырылды, араға бір жыл салып анасы да дүниеден озды.
«Қаз бен үйректің панасы — көл,
Жетім мен жесірдің панасы — ел» демекші, тұл жетімнің қасіретіне ұшыраған жасөспірімнің далада қалмауына сеп болған қалың жұртшылық қолынан келген көмектерін жасап, балалар үйінде тәрбиеленіп, интернатта білім алуына мұрындық болды.
Алайда тағдыр тауқыметі, жоқшылық, жетімдік баланың психикалық дамуына қатты әсер ететіні белгілі жәйт. Ет жақыны ата-анасынан айрылып, интернат жағдайына түскен кез келген жеткіншектің психикалық жағдайы төмендеп, тәрбиесі бұзылып, жабырқау күйге шалдығатыны әлімсақтан белгілі. Содан барып бүлдіршіннің өмірге құштарлығы жоғалып, өзіне-өзі сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билеп, эмоционалдық-танымдық талпынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежелетіні айтпаса да түсінікті.
Алайда Кимнің талпынысына ұстаздары таң қалысты. Әу бастан әскери боламын деген ізгі мұратын ту еткен ол темірдей тәртібімен, біліктілігімен, оқуға деген ынтасымен, зерделілігімен көзге түсті. Арманы бар адамның алдында жанар мұраты, бойында қайнар қуаты болады деген осы шығар? Ол күн өткен сайын шар болаттай шыңдалып, буыны бекіп, қатая бастады. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына риза болысқан ұстаздары «қара да тұр, түбі бұл бала бір жерді жарып шығады» деп өзара күбірлесіп қоятын.
Араға жылдар салып, Ақтөбе қаласындағы №56 сол кездегі жалғыз қазақ оқу ордасын ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін, Алматыдағы заң институтына оқуға түседі. Әйтседе осы мамандыққа деген көңілінің хошы болмады. Одан қалды санасын тұрмыс билеп, қысқа жіп күрмеуге келмейтін тапшылықтың зардабы оқуын тастауға мәжбүрледі.
Желі тұрған оңынан.
Жеті өзеннен өтеді,
Жеті таудан өтеді,
Арманына жетеді, — тәмсілі бекерден-бекер айтылмаса керек. Әскери мамандықтың ағашқы іргетасын бекемдеу мақсатында, өмірлік кәсібінің бірінші кірпішінің қалануының үлгісі ретінде бозбала кезден діттеген мақсатына қол жеткізді. Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы әскери училищені үздік тәмәмдап, лейтенант шенін иемденіп, офицер болып шыға келді. Ел аузында «Офицер-батыр мамандық» түсінігі қалыптасқан. Өйткені, «Офицер» ұғымы жоғары ар-абыройымен Отанға қалтқысыз қызмет етумен өлшенетіндігінен. Сондай-ақ, офицерлер дәстүрінде жоғарғы интеллект, терең таным адамның айнымас серігі болуы басты шарт болып саналады.

Магаданнан басталған офицер жолы

«Атаққа да шығаратын, апанға да құлататын мамандық» демекші, сүйікті кәсібің үшін қандай қиындыққа болса да төзуге міндеттісің. Әсіресе, әскери адам үшін бұл аксиома. Отанды қорғау абыройлы міндет болғандықтан қайда жұмсаса сонда барасың. Кимнің бұл саладағы алғашқы еңбек жолы сонау қияндағы Чукоткада басталды. Сөйтіп, жұбайы Райса екеуі қазақы пайыммен айтқанда жердің түбі Магадан облысынан бір-ақ шықты. Бұл жерде жалғыз қазақ отбасы болды. Взвод командирі бола жүріп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен талай жаудың меселін қайтарған батыр елдің ұланы емес пе? Әскери саланың қыр-сырын толықтай меңгеруімен қатар, біліктілігімен, ептілігімен, қайсарлығымен жақсы командир бола алатындығын талай мәрте дәлелдеді. Сол себепті де, әбден ширығып, шыныққан офицерге зор үміт жүктеліп, Батыс Украинаға қарасты Прикарпатье әскери округіне жаңа қызметке ауысады.
Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен,
Менде ар бар, менде ой бар
жан тебіренткен.
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен, — деп толғанған батыр Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі қамшы болғандай қайсар елдің ұланы екенін әріптестеріне мойындатумен қатар жер қорғауды да, ар қорғауды да да білетін баһадүр бабалардың тұяғы екенін көрсетті десе әсірелегендік болмас.
Қарапайым ғана взвод командирінен мотоатқыштар батальонының штаб бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп полк командирі міндетін атқарып, подполковник шені жұлдызын иығына қадады. Дивизия құрамында 12 мың сарбаз мен сардар қызмет етсе, соның арасында «арпа ішінде бір бидай» болған жалғыз қазақ Ким еді.
Ал әскери салада басшы болу біле білген адамға ең қиынның қиыны әрі екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты іс. Солай бола тұра Ким Серікбайұлы «Қайрат етер кезінде жүк көтере нардай бол, ақыл айтар кезінде жүз жасаған шалдай бол» дегендей туған топырақтан жырақ жүріп өзінің қуаттылығын да, іскерлігін де, даналығын да көрсете білді. Еселі еңбегі, төккен маңдай тері зая кеткен жоқ. Мұқым дивизия ұжымы мойындаған мықты көшбасшының суреті даңқ алаңындағы құрмет тақтасында табаны күректей он бір жыл бойы ілініп тұруы оған деген қошеметтің қазақ халқының қаһармандық рухын тағы бір жалау еткенінің нышаны болса керек.
Жасыратыны жоқ, әскери адамның барлық алтын уақыты жұмыс бабымен түзде өтетіні ақиқат. Отбасымен бірге арқа-жарқа әңгіме дүкен құрып, дастархан басында қауқылдасып отыруға да мұршасы келе бермейтін. Кейде балаларын бауырына басып, әкелік мейірімін төгіп елжіреуге де уақыт таба алмайтын. Керек десең апталап, үйдің бетін көрмейтін кездері жиі болатыны рас. Оны періште көңіл балалары қайдан түсінсін. Әкелерін сағынып, жүректері сыздап кеткен сәтте тұла бойы тұңғыш қызы Елена сіңлісі Гүлнарды қолынан жетектеп «Әкемізді көріп қайтайықшы» деп құрмет тақтасында ілулі тұрған суретке келіп ұзақ қарап тұрып мауықтарын басып кетеді екен.

Әскери өнерімен әлемді таңғалдырған

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деп Александр Македонский айтқандай, Ким ағамыз ұлтымыздың қайсар перзенті Б.Момышұлын ұстаз санап, сол кісіден рухани күш алған адам. Әскери саладан кетіп, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін Алматы қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатты басқарып, батыр есімін ұлықтауға көп еңбек сіңіріп, осы білім шаңырағының даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының атымен аталуына қол жеткізді. Қолына қалам алып «Менің өмірімдегі Бауыржан Момышұлы» деген кітап та жазғанын білеміз. Бір әңгімесінде: «Бауыржан Момышұлын пір тұтқан адаммын. Тірлікте онымен қоян-қолтық араластым, жақын жүріп сырластым, жанынан табылдым деп өтірік көлгірси алмаймын. Әлі есімде 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебінде әскери кафедра бастығы болып бара жатқанымда Бауыржан ағамыз: «Сен келешегің бар азаматсың, бірақ, мына жерде көп отырып қалма», — дегені бар деп ішкі сырын ақтарып еді.
Өзі де ұзақ жылдар белесінде Б.Момышұлы сияқты ұлы тұлғаның мұраларын зерттеумен шұғылданды. Екінші дүниежүзілік соғыста дивизия басқарған қолбасшының өшпес із қалдырған әскери стратегиясы, ұрыс тактикасы жөнінде жас буын сарбаздарға әңгімелеп, олардың ерік-жігерін жаныды. Батырдың көзі тірісінде Кубаның Президенті Ф.Кастро, латыноамерикалық революционер Че Гевара арнайы қонақ ретінде шақырып, оның терең біліміне, шеберлігіне тәнті болғаны баршаға аян. Сонда жас армияны тәрбиелеуге ұстаздық етуге ұсыныс жасап, құдайы мейман етіп «Бостандық аралын» дүрілдеткені бар.
Керек десеңіз соңғы жылдары Ресей Федерациясының Президенті Путинмен Израйль елінің басшысы Б.Момышұлына зор баға бергенінің куәсі болдық. Мақтандық. Бойымызды қуаныш кернеді. «Тусаң ту қазақтың қайсар ұлы» деп масаттандық. Елдің даңқын асқақтатар осындай батыр ұлы барлығына шүкір дедік.
Екі ел басшысының арасындағы әңгіменің мәні былай еді. Израйль армиясының қатарын толықтыратын жас офицерлер әскери академияны тәмәмдап, куәлік алып, ант беретін салтанатты жиында оларға қарумен қоса жазушы А.Бектің Б.Момышұлы туралы жазылған «Волоколамское шоссе» атты кітабы табысталуы дәстүрге айналды. Бұл дегеніміз тек өз Отанында ғана емес, аты дүние жүзіне мәшһүр ірі әскери басшыға берілген лайықты баға еді. Міне, осы бағытта терең зерттеу жұмысын жүргізіп, үлкен еңбек жасаған Ким Серікбайұлының үлесі қомақты.
Расында Б.Момышұлы майданда жүргенде жауға 27 рет жойқын шабуыл жасап, 5 рет жау қоршауын тас-талқан етіп бұзып шықты. 1944 жылы №9 гвардиялық атқыштар дивизиясын қабылдап алды. Осы тұста Баукеңнің әділдігі, шыншылдығы, турашылдығын паш ететін тағы бір оқиғаны тілге тиек ете кетейік. Аталмыш дивизияда Әділгерей Ғалиев деген қазақ жігіті болыпты. Оның ерлігі, қайсарлығы еленбей, ешқандай марапатқа ұсынылмай, көзден таса елеусіз қала берген екен. Баукең командир болып келе салысымен жаңағы жігіттің ерлігіне тәнті болғаны соншалық 6 бірдей мемлекеттік марапатын табыстап, кеудесіне қадапты. Әрине, «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген, қандасы ғой, қанына тартты деп әркім ойлауы мүмкін. Алайда Баукеңнің мына бір сөзі еріксіз ойға оралады: «Қандастық, туыстық деген ешнәрсеге татымайды, егер рухани туыстық болмаса» деген екен. Бұдан аңғаратынымыз ол кісі адамды еңбегіне қарай бағалаған.
Батыр ағамызды Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанда: «Сен фамилияңдағы «ұлы» деген сөзді алып таста, тым болмаса «геройды» иемденгенге дейін уақытша «ов» болып жүре тұрсай», — деп «ақыл» айтушылар да болған. Сонда Баукең: «Мен өскен ауылда сиырды «ов, ов» деп шақыратын. Енді батыр боламын деп, сиыр болатын жағдайым жоқ», — деп ұтымды жауап беріп, беттерін қайтарып тастаған көрінеді. Тізе берсек Баукең жайлы ғибратты әңгімелер жетерлік. Жаужүрек ағамыз туралы бүге-шігесіне дейін зерттеп, жазып жүрген Ким ақсақалды тұңғыш бауыржантанушы деуіміздің де сыры осында жатса керек.

Отандық әскери доктрина авторының бірі

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміздің іргесі мықты, халқымыздың тыныштығы жақсы болуы жолында да жарғақ құлағы жастықққа тиген жоқ. Егемен елдің әскери қуатын күшейтуге де атсалысты. Отандық әскери доктринаны жазуға қатысып Қазақстан Қарулы күштерінің негізін қалаушылардың бірі емес, бірегейі атанып, ұлтының ойлы, нағыз ер азаматы екенін көрсетті. Осы орайда: «Біз қазақпыз, сондықтан доктринаға ең алдымен ата-бабамыздан бері қарай келе жатқан ұлттық дәстүрімізді кіргіздік. Ата-бабамыз ешкімнің жерін жаулап алған жоқ, ешкімнің жеріне көз алартқан жоқ. Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған өз жері өзіне жетеді. Соның бәрін әдемілеп тізбелеп келтіріп, қазақ әскері бізге байырғы ата-бабамыздан қалған жер мен байлықты қорғау үшін керек ой түйдік» деп тереңнен толғанғаны бар. Мемлекеттік Қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті аппараты мен Министрлер Кабинеті жанынан құралған қорғаныс бөлімінің жетекшісі қызметтерін де асқан жауапкершілікпен, абыроймен атқара білді. Сол себепті де біз оны әскери саланың майталман ұстазы, әскери ғылымның қыр-сырын толық меңгерген тұңғыш ғалым деп білеміз. Қазіргі заманғы әскери ғылым мен әскери білімді жетілдіру жолдары мен тәсілдерінің ерекшеліктері жайлы докторлық диссертация да қорғаған.
«Жақсы адам қартайса, жазып қойған хатпен тең» деген ғой. Сексен бестің төріне шықса да баяғы әскери тәртіп қалыптастырған сымбатына сын түсіріп көрген емес. Сол ширақ қимыл, асқақ мүсін күні бүгінге дейін сақталған. Ағамыздың сексен бес жасқа толған торқалы тойында бойын тік ұстап ортаға шыққанда сүйсініп қол соқтық.
Сән-салтанаты жарасқан ерекше бір той болды. «Жақсыны көрмек бар» дегендей еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтардың қарасы өте көп болды. Алқа-қотан жиналған жұртшылық ақ тілектерін жаудырды. Әсіресе, Ким Серікбайұлының тамылжыта салған әндері салтанатты жиналыс көрігін қыздыра түсті. Үш ән орыс, екі ән қазақ тілінде айтып, қалың қауымды бір серпілтіп тастады. Ол кісінің тек қана әскери емес, өнерге де бір табан жақын екендігін аңғардық.
Иә, ол сөз жоқ ел намысын жеке басынан жоғары қоятын данагөй ақсақал. Оның дара жолы ұрпаққа үлгі-өнеге екені ешқандай дау тудырмайды. Сонымен қатар, сапалы білім, саналы тәрбие, адал еңбекке итермелеп, отансүйгіштікке баулитын еңбектері жастарды тәрбиелеудің басты темірқазығы болмақ. Өйткені ол арманшыл, мақсатшыл жан. Өмірдің ащысын да, тұщысын да татқан қадірменді ақсақал. Әлі де туған халқына қызметін адал жасап бізді сүйсіндіріп жүрген қайсар елдің ұланы.

Өмірзақ Озғанбаев,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз