Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт коммунист Есіл қаласының вокзалынан түсе сала такси ұстамақ ниетпен зәулім ескерткіштің қасынан өте бергені сол еді.
– Жолдас Владик Осарев, сәл-пәл аялдасаңыз, — деген ежелден таныс, пір тұтатын дауыс селт еткізген. Аңырап артына қараса ешкім жоқ. Маңайын шолып шыққан, тірі жан көзіне шалынбады. Тастай қараңғы меңіреу түн. Бірақ өктем шыққан дауыс шыңылдап құлағында әлі тұр. Сөйткенше, тас төбесінен: «Жолдас Владик Осарев, еңсеңізді түзеп, жоғары қараңыз!» – деген дауыс қайта саңқ ете қалған.
Жалма-жан шалқайып аспанға көз салған. О, ғажап! Аппақ мәрмәр тасқа қашалған алып ескерткішке жан бітіпті. Қасқа басы жарқырап, қой көзі күлімдеп, ерекше мейіріммен өзіне қарап тұрған Владимир Ильичті көріп шалқасынан түсе жаздаған. Тәуелсіз қазақ жерінде күтімсіз қалғанына өкпелі ме, әйтеуір қабағанда сәл-пәл кейістік бар секілді көрінген…
Қарт коммунист еңсесін түзеп, есін жиғанша күн көсемнің үні жаңғырығып жетті:
– Ей, қарт большевик, Мені «Пайғамбарға» теңеген ақындар болған. Мені «Ай мен күнге балаған» қайраткерлерге толған қазақ өлкесінде басымнан бағым тайғаны ма? Неге бәрі үнсіз? Құрмет пен қошемет қайда кешегі?!
Ғұмыр бойы пір тұтып келе жатқан көсемінің зілді сұрағына не дерін білмей тұтыққан қарт коммунист:
– Ке – ші – р – і – ң – і – з, Владимир Ильич, алай-бұлай заман болды ғой… Қарағай басын шортан шалды ғой, — деп тамағы құрғап, әл-дәрмені құрып, екі аяғынан әл кетіп, екі көзі жасаурап отыра кетті.
– Ей, қарт коммунист, тұр орныңнан! Маған көрсеткен адалдығың осы ма? Алға ұмтыл, құлама, жылама! Көтер басыңды! Сенің сүрінгеніңді, жылағаныңды ешкім көрмеуі тиіс! Саған партия артқан міндет үлкен. Жауапкершілік зор!
Мына бұйрық араласқан, жігерге толы қуатты сөздер — жүрегіне жебедей қадалып, қарттық жеңген Владик үш ұмтылып орнынан әрең көтерілді.
– Большевиктердің қызыл қанымен боялған қызыл туы қайда? Кедей мен жалшының қорғаны — орақ пен балға неге көрінбейді? Ұрандатқан ұлы сөздер қайда? «Байлар мен молданы, қойдай қу қамшымен…» деген ақынның талабы неге іске аспай жатыр? Бай мен кедейдің арасы неге айшылық жол? Біздің мұратымыз осы ма еді?…
– Владимир Ильич, — деді Владик, ауып қалған есін лезде жинап, кінәлі кейіпте дауысы дірілдеп:
– Сіз білмейтін мәселе көп… Сізден кейін 70-ақ жыл дәурен сүрдік қой… «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды, даланы кезіп жүрген «коммунизм елесін» аңғармай қалыппыз. Бізді кешіріңіз, күн көсем? Бүгінде қоғам бөлек. Адам басқа, заң қасқа. Қандай жолмен болса да баюға жол ашылды. Ұры-қары көбейді… Бірақ сізге адал, әр сөзіңізге имандай сеніп келген большевиктер ғана туыңызды құлатпай, сеніміңізді «жылатпай» көтеріп келеміз! Санымыздың аздығына қарамай…
– Мені ештеңені білмейді, ештеңені көрмейді, ештеңені сезбейді десең қатты қателесесің, жолдас Владик! Алайда менің, маған имандай сенген революционерлердің әр ауыл мен қаладағы ескерткіштерінің саны азайғаны жаныма батады. Бірақ тәубә деймін, басқа одақтас республикалардағы секілді мойнымызға қылбұрау салып құлатып, үнімізді шығармай сұлатып тастаса қайтер едік?.. Әлі күнге атымызды жаңғыртып, ең жоғарғы заң шығарушы органнан депутаттық мандат беріп құтыртып отырғаны үшін қазақ билігіне алғысым шексіз! Біздің тәрбиемізді көріп, партиямызда шыңдалып, адалдығынан таймаған олар жасай берсін!
– Владимир Ильич, неткен сұңғыла едіңіз! Рақмет сізге! Ғафу өтінемін, мұрсат берсеңіз, ескерткіштер жайлы алаңдауыңызға байланысты айтарым бар еді?
– Құлағым сізде, жолдас Владик!
– Күні кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды… (сәл үнсіз қалды)
– Тоқтамаңыз, жолдас Осарев, айта беріңіз! Партбилетке адал жан ештеңені жасырмайды.
– Сұрақ-жауап барысында мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі ретінде Мәдениет және спорт министрі Арланбек Махамбетовке кеңестік дәуірден қалған ескерткіштерді сақтауға қатысты сауал жолдадық. Заң жобасында тек көне тарихи мәдени ескерткіштерді ғана емес, кеңестік замандағы ескерткіштерді де сақтау тетіктері болуы тиіс деген талап қойдық.
– Жарайсыңдар! Қырандарым! Жақсы жұмыс істеп жатқандарың байқалады! Осы беттеріңнен қайтпаңдар!
– Рақмет, Владимир Ильич! Сол жиында «Бізде кеңестік уақыттағы ескерткіштерді сақтау үшін қандай моральдық жауапкершілік қарастырылған? Лениннің ескерткіші қоқыста жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой. Ал бізде қоғам мәдениетіне жауапты Мәдениет министрлігі бар», — деп дөң-айбат көрсетіп қойдық.
– Партияға деген адалдықтарың үшін рақмет! Бірақ мінез көрсету, шектен шығу коммунистке тән қылық емес…
– Владимир Ильич, уәде береміз енді қайталанбайды!
– Сөзіңізді бөлейін, жолдас Владик Осарев, осы Мәдениет және спорт министрі қандай адам өзі? Біздің идеядан мақұрым, бертінде дүниеге келген «сары ауыз балапан» емес пе?
– О не дегеніңіз, Владимир Ильич, ол өзіміздің адам! Кеңестік жүйеде тәрбиеленген сарбаз. Әттеген-айы, қазір басқа партияның мүшесі… Әйтсе де, Сіздің кемеңгер ой-толғамдарыңызды оқып есейген басшылардың бірі.
– Ә, бәсе! Сөзге шешен! Нағыз біздің кадрлар секілді жалаңдап тұр… Тфә-тфә, тіл көзім тасқа! Оның кешегі Мәжілісте айтқан: Ленин өмір сүрді, өмір сүріп жатыр және өмір сүре береді», — деген әзіліне ішім әжептәуір жылып қалды…
– Дұрыс аңғарыпсыз, Владимир Ильич! Жалпы отырыста Арланбек Махамбетов кеңес тарихының ескерткіштерін сақтау бойынша жұмыс жүріп жатқанына сендірді. Және бізді өзіңіздің ескерткішіңіз орналасқан Алматыдағы Сарыарқа саябағына шақырды.
– Жайша ма?
– Владимир Ильич, сіздің туған күніңіз қарсаңында саябаққа барып, гүл шоқтарын қоюға. Және «22 сәуір күні біз бәріміз сол жерде болуымыз керек» дегені әзілге жақын болса да, шындыққа жанасатын ұсыныс деп қабылдадым.
– Жә, сене беруге болмайды, кекесін болып жүрмесін жолдас Владик Осарев. Тап дұшпандарының аражігін ажырытау қиын болып кетті ғой қазір! Айтпақшы, ұлы орыс тілінің тәуелсіз қазақ мемлекетіндегі хал-ахуалы қалай? Көңіліңіз тола ма?
– Тап баяғыдай деп айта алмаймын, Владимир Ильич! Қазақ тіліне жанашыр адамдар баршылық. Алайда биік мінберлер мен Министрліктерде, сондай-ақ Парламент секілді құзырлы органдар да ұлы орыс тілінің мәртебесі биік.
– Бұл да болса көңілге жұбаныш! Осы бағыттан таймау керек, Владик жолдас! Алыс жақындағы, әсіресе, Ресейдегі Коммунистік партиямен байланысты үзбеу керек. Керісінше, жандандыруға күш сал! Бар сенім өзіңде….
– Әрине, әрине, Владимир Ильич, — деп жаны қалмаған қарт коммунист Владик Осарев дәл қасына келіп тоқтаған жеңіл көліктің қатты «ысқырығынан», «өзімен сөйлесіп тұрған» «Күн көсемнің» басы мен иығына қонақтап отырған бір топ көгершіннің дүр етіп шошына ұшқанын көріп жүрегі шаншып кетті. Ырыс пен бақ бірге ұшқандай күйге түсті. Манағының бәрі құр елес екеніне сонда ғана көзі жетті. Өзі ырымшыл жан еді. Бұл көріністі жақсылыққа жори алмай, жеңіл көліктің есігін аша берді.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз