Реті келгенде айтып та жүрмін, жазып та жүрмін біздің қазақтай пейілі кең, баспақшыл, көнімпаз, сабырлы, шыдамды, іргенің беріктігі мен жердің бүтіндігін, ұрпақтың амандығын ойлайтын саналы ұлт жоқ шығар. Сәуле апайдың «Атақтың қадірін ақша қашырған заман-ай…» (№04,31.01.2019 ж) мақаласын оқып, талай жайттар ойыма орала берді, орала берді. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», — деп сәуегей ата-бабамыз ежелден айтып кеткен ғой. Сондықтан қоғамды ірітіп, шірітуге айналған жемқорлықтың сала-салаларда ежелден қалыптасып, заңдастырылған бір түрінің шымылдығының шеті ашылғаны да көңілге дәт!

Қазіргі заманда атақ жарыс пен орынтақ жарыстың тұлпары «көкқағаздың» күшімен ғана оқ бойы озып мәреге жетеді. Қай адамның аузына қақпақ боласың, қоғамдық пікірді тыңдасаң салың суға кетіп, жүйке ауруына ұшырай жаздайсың. Жемқорлық індет негізгі «күлшелі» тармақтың барлығын шырмауықтай шырмап алған. Оңай олжа, мал тапқыштардың қарасының азаятын түрі жоқ. Төменнен жоғарыға дейін, жоғарыдан төменге дейін жемқорлықтың баспалдағы баз баяғы да қаланып қойған. Онымен жығылмай-сүрінбей жүріп өту үшін қалың қалтаң мен тамыр-танысың мықты болу керек. Қағаз бетіне жазылмаған «ережемен» өмір сүргендердің дәуірі жүріп тұр. Адамнан айла артылған ба? «Ұсталмаған ұры емес» деген қағида бүгін ортамыздан ойып тұрып орын алған.
Сондықтан қара халықтың көпшілігі «әділет бар» деген ертегіге сене бермейді. Тіпті кішкене ғана ауданның әкімінің командасындағы қызмет орынтақтарының өзіндік «жарнасы» бар. Оны да қитұрқы тәсілдермен жүзеге асырады. Өз қызметін атқарып отырған қатардағы маманды реті келсін келмесін қудалау басталады. Бұл барыста аппарат басшысы деген әкімнің «көлеңкесі» үлкен роль атқарады. Қызметтік бөлмесінен шықпай көп жағдайда «тығылып» отыратын «крышалы» әкімге кеңсе дәлізінен бастап, қалада, далада не болып жатқанын жеткізіп отыратын бұл «сыбырлақ» кісінің ролін білмегендер қасіретке ұшырайды.
Қудаланған маман одан әрі қызметін жалғастыру үшін «ымды» түсініп, белгілі мөлшердегі «жарнасын» әкеліп бермесе жарық күні қараңғы түнге айналады. Әрине одан кейінгі сызба жол белгілі. Күнбе-күн көрсетілген қысымның арқасында ол «өз еркімен» арыз жазып қызметтен кетуге мәжбүр болады. Өсемін деген маманның өшуі де осылай аяқталады. Бәрі тып-тыныш, бәрі дұрыс, Шырақ жағып іздесең де кінәрат таба алмайсың. Ол кеткен күннің ертеңіне әлгі маманның орынтағы қайта «саудаға» түседі. Жұмыс істеймін деп құлшынып талай сы-нақ, сыннан жас маман өтіп келсе де қызметті «бесплатно» ала алмайды. Әрбір орынтақты көзінің қарашығындай «күзеткен» аппарат басшысы оның «жарнасын» төлегенге ғана береді. Бұл да қазіргі жаңа «бизнестің» бір түрі. Ащы да болса, ақиқат осы. Осы жасқа келгенімде өтірік айтып, бәйге алайын деп отырған жоқпын. Осындай жемқорлықтың шылбырын тартпай, індетті өршітіп, ауруды «емдей алмай» жүргендерге өкпем қара қазандай. «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» деген де сөз бар. Сондықтан әділеттілік, шындық, іскерлік, абырой деген олар үшін құны бес тиын сөздерді бұл жерде айтудың өзі әбестік болар. Халықтың қырағы көзінен ештеңені жасыру мүмкін емес. Қысылтаяң күн туа қалса берген атын сұрап мініп бөгде елге қаша жөнелетіндер арамызда жүр ме деген күдігім де жоқ емес.
Бұл өмірінің 40 жылын мемлекеттік қызметке арнаған адамның сөзі. Ол — менмін. Мен барлық астарлы ақиқатты сыртынан емес, тонның ішкі бауындай жақсы білемін. Айтқанымның барлығы дәл қазір «Тауға тас атқандай» болатынын, мұны тоқтату, алдын алу, жүйткіп жүріп бара жатқан жүрдек пойызды тоқтатқанмен пара-пар екенін түсінемін. Жемқорлықтың пойыздың тоқтататын дүлей күшті біз енді таба алар ма екенбіз?
Менің бағымды жандырған кеңес дәуіріндегі партия екенін айтқым келеді. Ол кезде жас кадрларды қызметке дайындау екі-үш жылға созылатын, орындаушылық қабілеті, әрбір пікір, ұсыныстар сарапталатын. Қызметке тағайындалған адамның ең алдымен халық алдындағы абырой-беделі ескерілетін. Қарапайым жұмысшының, колхозшының, көпба-лалы отбасының ұл-қыздарына сара жол ашылатын. Кеңес үкіметі тарап, әкімдік құрылғанда мен де талай рет репрессияға ұшырай жаздағаным бар. Шаруаның барлығы дөңгеленіп кетсін деген қағидамен кейбір жауапкершілікті түсіне бермейтін жас кадрларға тілімде тиіп кеткенін жасырмаймын. Әрбір жаңа әкім ауданға келген сайын мені «жамандау» шарасы кең етек алатын. Оның жалғандығына басшының көзі жеткенше біраз жүйкемді жұқартатынмын. Бірде басқа қызметке кетіп бара жатқан әкімге «Сәт сапар!» айтуға кірсем, ол кісі шегі қатып күледі.
— Айтып кетейін. Сені ана бір «жанашыр» ағаң маған келіп талай рет жамандады. Осы бір әйелді неменеге қызметте ұстайсың? Ары қарай кез келген теріс сөз тізбегін қоса беруіңізге болады, — деді.
— Сіз не дедіңіз? — дедім мен де күліп,
— Мен ол кісіге былай дедім. Мен кеттім бір жаққа, сен кеттің бір жаққа, біз кетсек, олар да (командасын) кетеді. Сонда тәулігіне 14 сағат қызметте тапжылмай отырып, барлық шаруаны біздің бар-жоғымызға қарамай атқаратын адамды мен қайдан табамын? Мен осындай өзіне жүктелген қызметін адал атқаратын адамнан айырылатын ақымақ емеспін, — деп жауап бердім.
Ия, ол кез өтіп кетті. Кеудемізге медаль, орден тақпасақ та, атақ алмасақ та абыройлы, беделді, жауапты деген жақсы марапат-мінездеме қызметтен алып шықтық. Халық кімнің кім екенін бергі жағынан емес, арғы жағынан жақсы біледі. Қазіргі шенеуніктердің әрине барлығы емес, халықтың алдында беделі жоғары деп айта алмаймын. Өйткені олардың бір талайы «маңдай терлерін төгіп әрең қол жеткізген» орынтақтарынан айырылып қалмау жағын ғана көбірек ойлайды. Олар биліктің тұтқасын яғни адал жолмен емес, харам жолмен келіп ұстағандар. Өздерінің шыққан шығындарын толтыру үшін жанталасқа түсіп, жұмырт-қадан «жүн қырқа-тындар». Қоғамдық пікір дегенді олар қапер-леріне де ілмейді. Жоғарғы жақтың «көңілін» тапса болды.
Арасында халықты болсын, толсын деп жүргендері де бар әрине, алайда күдік пен күмән жетерлік. Бұған нақты дәлелдер іздеудің де қажеті шамалы. Әй, халық бәрін біледі, әй бәрін біледі. Ақты ақ, қараны қара деп айта алатын халық пайғамбардан бір-ақ жас кіші екенін кейбір адамдардың білмейтіні жаман-ау.

Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз