Тағы да тіл туралы жайсыз хабар. «Айқайға сүрен қосудан» аулақпыз. Бірақ шапқа ши жүгіртіп, өзім білерге салатын басшыларға айтарымыз бар. Осыдан бір апта бұрын Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов әкімшілік аппаратының кезекті отырысын өткізіп, онда қала әкімдігін трансформациялаудың екінші кезеңін талқылапты. Бұл туралы әкімшіліктің ресми веб-сайтында жазылды.

Әкімшілікті трансформациялауға сәйкес, әкімшіліктегі бірнеше басқармалар біріктірілетін болыпты. Атап айтқанда, қоғамдық даму істері, мәдениет және спорт, тілдерді дамыту және арxив ісі басқармалары біріктірілмек. Сөйтіп, Астанадағы тілдерді дамыту басқармасы жабылып, жаңа басқармаға кіріктірілмек. Қала әкімінің бұл әрекеті қазақтың қасиетті тілі үшін күресіп жүрген азаматтардың ұйқысын қашырып отыр.
Шынын айтар болсақ, Тілдерді дамыту басқар-масының бұған дейін жасаған орасан зор еңбегіне берілген баға осы болса, жетіскен екенбіз. Иә, ақша үнемдеу үшін, басқа да шығындарды қысқарту үшін басқармаларды біріктіру баяғыдан бар. Бірақ бұл жолғы біріктіру, қазақтың тілін «тұншықтыру» секілді болып тұр. Өйткені «тілдің жыры» әлі біткен жоқ. Оны болып-толды деген адам нағыз ұлттың дұшпаны! Егер «бірігудің» ішіне сіңіп кетсе, онсызда «жалаң қылыш» ұстаған қалқансыз Тіл басқармасы, «қоршауға түсіп», аттандамақ түгілі, өз атын атауға зар болар.
Жақында құрылған «Отандастар» қоры төрағасының орынбасары, журналист Мәди Манатбек те бұл жайлы Фейсбук парақшасында былай деп жазды: «Астанада тіл басқармасын жабу не үшін керек болды, бұған кім араша түсе алады?! Елді ойлайтын ертеңшіл әкім деп мақтаған Бақыт Сұлтановтың бүгінгі шешімі шынымен жаға ұстатты. Елордамызда мемлекеттік тіл мәселесі шешіліп қойғандай, енді тіл басқармасы дербес мекеме ретінде жұмыс істемейтін болыпты. Бұл әкімнің де тіл дегенде тіксініп қалатынын кім білген». Журналисттің ойынша, қазақ тілінің қолданыс аясы үлкен аймақтардың өзінде тіл басқармалары жұмыс істеп тұрғанда, енді қазақшалынып келе жатқан Астанада тіл басқармасының жабылуы бұрыс шешім. «Сондықтан Сұлтановтың бүгінгі шешімін асығыс жасалған қадам деп санаймын. Басқада үнемдесек те тілдік, ұлттық мәселеде үнсіз қалу арға сын!. Әсіресе әлеуметтік мәселелер ушыққан қазіргі кезеңде. Тіл — ұлттың сүйенетін түп тамыры. Ендеше тілдерді дамыту басқармасын дербес мекеме ретінде сақтап қалуға әлі де болады деп сенемін» дейді Мәди Манатбек.
Бұған біздің алып-қосарымыз мынау. Өз елінде, өз жерінде әлі тұсауы кесілмеген баланың кебін киіп жүрген қазақ тілі — дәл бұлайша құйысқан арасында кетуге тиіс емес. Жеке дара айқайлап, даланың қожайыны екенін көрсетіп, тіліміз мәртебесі өсіп тұрмаса, тәуелсіздігіміздің де қадірі кеткені емес пе?

Нағашыбай Қабылбек 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз