Алматы қалалық әкімшілігінің назарына

«Бәрін айт та бірін айт, бірдеңенің жырын айт» демекші, Алматы қаласындағы қаптаған сауда үйлері мен базарларындағы автотұрақтар мен әжетханалардың сапасын салыстырар болсақ жер мен көктей айырмашылықтарды, кемшіліктер мен артықшылықтарды байқауға болады. Барахолка атанып кеткен қара базар жиынтығына кіретін түрлі атаулармен аталатын базарлардың көшеге көрінетін жақтарынан бірнеше метрге шегеріп, жылтырақ материалдармен қаптап қойғаны болмаса, көбінің сапасы бұрынғыдай. Қыста барсаңыз, аралап болғанша қатып қаласың, автотұрағы да нашар, ақысы қымбат. Қызмет көрсету сапасы өте нашар. Ал әжетханаларының бір жолғы пайдалану құны удай қымбат, тазалығы соған сай емес. Өте лас, жиіркенішті. Мұндай көріністерді қала ішіндегі «Сары арқа», «Арыстан», «Никольский», т.б. шағын базарлардан да көруге болады. Автотұрақтардан орын табу мүлдем қиын. Ал көлігіңізді жол шетіне қойсаңыз, МАИ-дың қармағына түсесіз. Тазалығы сын көтермейтін сасық әжетханаларына бара қалсаңыз, босағасында бетін бүлкілдетіп, «жүрек жалғап» отырған «қожайын әйелдерге» тиісті теңгесін берген соң барып жолыңыз ашылады. Біздерді қойыңызшы, анда-санда бір келеміз ғой. Ал сол базарларды жалдап жұмыс істейтін қыз-келіншектер мен ер адамдар да теңгелерін сылдырлатып таңертеңнен кешке дейін «әжетхана королінің» қапшығын кәдімгідей толтыратын сияқты. Абай атамның «Есектің артын жу да мал тап» деген мақалын сәл өзгертіп, «базарға келуші адамдардың табиғи парызын өтеу құқын өзіне сат та — мал тап» деп өзгертсек, қаладағы осындай тағы базарлардың әкімшілігінің ұятсыз, сараң қылықтарын толық ашатын сияқты.
Байыпқа сала қарасаңыз, аталмыш базарлардың қожайындары сауда орындарын жалға алушылар мен базарға келуші тұтынушылардың есебінен шаш етектен пайдаға кенеліп, тасы өрге домалап тұрған жоқ па?! Олардың ақшаға құныққандары сондай, автотұрақтары мен әжетханаларын да табыс көзіне айналдырып отыр! Ал сапасына келсек, мүлдем сын көтермейді. Ең болмаса ірі байлар ашқан «Меga», «Maxsima», «Sputnik» т.б. сауда орталықтарындағы аталмыш қызмет түрлерінің сапасына, бағасына байланысты тәжірибе алмасуға болар еді ғой. Мәселен, осы аталған сауда орталықтарына бара қалсаңыз, әрине арзан болмаса да автотұрақтан орын іздеп бас ауыртпайсыз. Сауда үйлерінің павильондары, жеделсатылары, эскалаторлары, буфеттері мен балаларға демалуға арналған алаңқайлары, әжетханалары заманауи стандарттарға сай жұмыс істеп тұр. Келушілерге ең қажетті орын — әжетханаларын, қол жуатын орындарын пайдалану тегін. Бұл да болса сауда үйіне келуші азаматтарға көрсетілген шағын комфорттың белгісі десек қаталеспейміз. Әрине болашақта автотұрақтары да су тегін болып немесе ең төменгі тарифпен, сағатына емес, бір реттік төлемі 100 теңге көлемінен аспаса деген көпшілік атынан айтар тілегіміз бар. Қарапайым халық та ірі байлардың есебінен арзан комфортты талап етуге құқылы шығар. Байлардың кейбіреулері халықшыл болып, жеңілдіктер жасауды қолға алса, өзгелеріне де үлгі болар еді. Мұның бәрін ұйымдастыру, бастама ретінде жасау — қалалық әкімдіктің еркіндегі іс.
Алматы қаласы күн сайын қанат жайып қарқынды түрде өсіп келе жатқан алып мегаполис. Мұнда келіп кетушілердің саны да аз емес. Қаладағы басты кемшіліктердің негізгісі — кез келген компания, мекеменің автотұраққа дұрыс көңіл бөлмеуінде болып тұр. Мәселен, күн сайын түрлі жұмыстармен әртүрлі компанияларға баруға тура келеді. Ал сол жерге жетуін жеткеніңізбен, көлігіңізді қаңтаратын тұрақ таппай тыпырлайтын кездер жиі орын алады. Себебі, мекеме жанындағы автотұрақтың орын саны талапқа сай емес, өте аз. Қазіргі заманауи талаптарға сай жерасты автотұрақтарын көбірек салуды қалалық әкімшілік арнайы қолға алатын кез келген сияқты. Рұқсат етілмеген жол бойындағы орындарға қаңтарылған көліктерді айыптұрақтарына эвакуаторлармен лезде тасымалдауға бейімделген МАИ қызметкерлерінің есебі түгел. Бұған бұрыш-бұрыштарда самсаған бейнекамераларды қосыңыз. Қарапайым халықты тырп еткізбей ұстауға әбден машықтанған әкімдік жүйеге, немесе билікке қарапайым халықтың да айтары бар екенін ескерткіміз келеді. Айналайындар, сіздер біріншіден, қаладағы мекемелер, емханалар, халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелер, тұрғын үйлер ауласы, мектеп, балабақша, жоғарғы оқу орындары сияқты тұрғындар көп жиналатын жерлердегі автотұрақтарды қазіргі заман талабына сай, мәселен жерасты автотұрағы, бірнеше қабатты автотұрақтар, т.б. жоба бойынша жасақтап, тегін пайдалануға жағдай жасаңыздар. Ал төлемді ақылы болуға тиісті деп шешсеңіздер, оның ең арзан жолын қарастыру керек сияқты. Өйткені қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде қарапайым халықтың қалтасына орынсыз түсе беру де дұрыс емес. Біле білсеңіздер, мемлекеттің ең басты байлығы — қарапайым халық екенін сөз жүзінде айтатын да сіздер. Билік қашанда халық құқының қорғалуына кепіл болуға тиісті емес пе?! Ал халқына қамқорлық жасауға дағдыланған биліктің ғұмыры да ұзақ болары сөзсіз. Ендеше ел боламыз десек, қаламыздағы автотұрақтар мен әжетханаларды заман талабына сай түзетейік! Биліктегі жауапты мырзалар, сіздерге айтамын, компаниялар мен базарлардың басшылары сендер де тыңдаңдар! Ұлтқа, халыққа құрмет көрсету осындай қарапайым қажеттіліктерді дұрыс жолға қоюдан бастау алатынын ұмытпайық.

Жаңабек
Тойбазаров

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз