Елімізде әдеби жарнама деген түсінік бар ма?

0
1417

Жарнама сөзін түсінбейтін түйсікті жоқ. Ал жалпы елімізде әдеби жарнама деген түсінік бар ма? Әдебиеттің жарнамалану деңгейінің жоқтың қасы болып тұруына не себеп? Әлде ұлт әдебиеті жарнамасыз да жетіле бере ме? Төменде осы сипатты сұрақтар төңірегінде ой қозғайтын боламыз.

Көшеде аяңдап келе жатып, көз сүрінетін жарнама тақтайшаларына қарадым. Сыраны сімірген, өзгелерді де өзіндей «шөл басуға шақырған», одан қала берді газды-газсыз сусындардың жарнамасы жер жарып тұр. Үйге келіп, теледидарды қосқанымда да сол баяғы әуен. «Албени» шоколадын «ал!!!» деп шыңғырған, «табиғи пайда» деп көрерменін тамсандырған шайлардың, шаш бояуларының, түрлі иіссулардың жарнамасы ұзағынан көлбеңдей берді. Телеарналар ұзақ-сонар жарнамалар ұсынып, тек ара-тұра жаңалық, кино беруге көшкендей. Бағдарламаларды онлайн түрде бір шолдым. Мұнда да сол шегіртке шырыл. Әншілердің бақайынан шашына дейін жарнамасын қыздырыпты. Соңғы кездері әншілер қауымы шығармашылық жаңалық айтудан қалып, гардеробтарын, ішіп-жемдерін жарнамалауға көшкен. Қазір кімнен сұрасаңыз да, жарнаманың арқасында Қайрат Нұртастың түскі асты неше теңге мөлшерінде ішетінін, Шәкизаданың топлиі қанша тұратынын жатқа біледі. Бұған шоу-бизнестің ұсақталып кеткен күйкентай жарнамасын үзбей көретін көрермен ғана айыпты емес. Осындай арзан, атың шықпаса жер өртенің керін келтіретін жарнамасымақтардың тым көптігі кінәлі. Бүгінде олардан қашсаң да құтыла алмайтын халге жеттік. Енді осы әнші-бишілердің тек өз атағын асыруды ғана көздейтін жарнамаларын әдеби бағыттағы жарнамалармен ауыстырсақ не болар еді? Жә, жарнама нарығында «төңкеріс» пен «таңданыс» жасамай тұрып, көрші елдердің осы тұрғыдағы тәжірибесін бағамдап көрейік.
Көрші Ресей өз әдебиетін әлінше қорғаштап, дамытып-ақ отыр. Олар үшін әдеби агенттік, әдеби агент терминдері сіңісті болып кеткен. Арнайы «Лит клуб» деген ғаламторда тарайтын телеарналары да бар. Онда біздегі әншілерді қалай дәріптесе, қазіргі ақын-жазушыларын одан бетер асқақтатады. Қазіргі әдебиеттің тынысын оқырманына жеткізіп, оқырманын жазушымен, сыншымен қауыштырып, көзайым етіп отыр. Ал қайсыбір жылдары біздегі жоғары билік «Германияда жыныстық тәрбие пәні балабақшадан бастап оқытылады» деп өздерінше «үлгі» алған еді. «Жыныстық тәрбиені ерте кезден бастаған Германия қалай жетіліп кеткенін көріңдер!» — деп көп даурыққандары ел есінде. Ал дәл осы Германияда әдеби агенттіктер шоғырының көптігімен де, әдеби жарнамалардың жүйеге түсуімен де көз тартады. Бір қаламгердің бірнеше агенті жұмыс жасайтыны бұл ел үшін үйреншікті дағдыға айналғандай. Ал жаңадан шыққан кітапты олар біздегі сыра жарнамаларындай барлық жерде көзге ұрып тұратын жарнамалар беріп, оқырман көңілін қытықтайды екен. Автобус аялдамалары, дүңгіршектер, көше бойындағы тақтайшалар, осылардың барлығында дерлік жаңа кітап жайлы жарнама көз арбап, оқырманның оқымасына амалын қалдырмайтын көрінеді. Аталған осы әдеби жарнама жүйесін неге үлгі етпейміз? Неге өзгенің жаманын ғана жиіркенбей алып, жақсысынан үркеміз?
Өзімізге қайтып оралайық. Біз өзгелердің өнімін жарнамалауға әбден етіміз өліп кеткендей. Оған бір мысал: 31 арнаның жаңалықтары сөздерінің соңында «Махаббатым, кеш мені» телехикаясын көрермендеріне майын тамыза жарнамалап, тіпті фильм кейіпкерлерінің тағдырына қатысты әлденелерді болжап, көпшілікті қызықтырып қояды. Осы тұста көңіліме бір сұрақ келіп, жауабын жетімсірей күтемін. Сол екі-үш сөйлеммен қазақ үшін берер берекесі жоқ телехикаяны әспеттегенше, неге соңғы шыққан бір автордың кітабын тілге тиек етпеске? Әр жаңалық шыққан сайын, бір автордан құлаққағыс етіп отырса, көрермендердің басында құлағы үйреніп, кейін қызығушылықтары оянар еді ғой. Бұл үшін, әрине, телеарна қазіргі әдеби үдерісті қалт жібермей бақылап отыруы тиіс. Шетелдің телехикаясының жарнамасын дақпырттағанша, өзімізде бар байлыққа береке таптырса қайтер еді? Ал бұған керісінше белгілі бір әдеби жүлделердің салтанатты рәсімдері ел арналарында толық көрсетілмей, тек жаңалықтар қызметінде ғана шолтаң ете қалады. Онда да автор жайлы түсінік бермей, жалаң атай салады немесе жеңімпаз қаламгерлердің санын тізе салатыны да бар. Бұдан көрермен ешбір ақпарат алып, сол су жаңа әдеби туындыларға деген құлшынысы оянып үлгермейді. Ал көрші Ресейде дәстүрлі әдеби бәйгелер телеарналардан толық көрсетіліп, бүге-шігесіне дейін мадақталады. Тағы да сұрақ туады: неге әдебиетті ауыз толтыра танытудан сараңдық танытып келеміз?
Әдебиеттің бабын келтіретін жекелеген интернет жобалар, сайттар мен порталдар баршылық. Бірақ олар әрқайсысы өз қазанында ғана қайнайды. Ел көлемінде тұрақты жұмыс жасайтын әдеби агенттіктер туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ұлт әдебиетін «тұйық» халде қашанға дейін тұншықтырар екенбіз?
Иә, жарнама-бизнес көзі, анау айтқан өнімдердің иелері жарнамаға қанша ақша шашса, еселеп қайтарары сөзсіз. Әншілер де… Ал әдебиеттің жарнамасын жасайтын уақыт келіп жеткенін әлі де аңдамай еш қамсыз жүрміз. Бұл дел-сал күйден қашан арыламыз? Ресей жасап жатқан ірі әрекеттерге өреміз жетпей ме? Германиядағыдай кітаптарды барлық жерде дабырайтпасақ та, әлсін-әлсін жылтыңдатудың реті келмес пе екен? Ол үшін, әлбетте, жарнама беруші ақын-жазушы болмақ. Бүгінгі қаламгердің жарнама бермек түгіл, қаламақы алатын да мәртебесі жоқ. Сондықтан бұл жүйе жақын уақыттарда жұмыс істеп кетуі күмән тудырады. Десек те өзге нұсқаларда әдебиетті әрлеуге болар еді ғой. КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» жалаңаштанудың сайқымазағы Айжан Байзақованың «құпияға толы өмірін» жыр қылғанша, қалыптасқан бір қаламгерге неге бір шығарылымын арнамайды? Әлде жалаңаш Байзақованың қазаққа берер «тәлімі» терең бе? Оралымды істердің қолдан келсе де, ойға келмейтіні өкінішті-ақ.
Түйін: «Кітап оқылмайтын қоғамның мүшесіміз» деп жылаймыз келіп. Бірақ жұбанар жол іздемейміз. Бар жолды көрмей, жанымызды әлем-жәлем заттармен, жілігі татымсыз дүниелермен жұбатқан боламыз. Қашанғы сыра ішіп «семіріп», «чип-чиппен» еліре береміз? Рухани жоғымызды түгендеп, ішкі болмысымызды бедерлейтін шақ әлдеқашан туған. Ұрпағымыз мүлде жалаңаштанып тастамасын десек, әдеби құндылықтарға тисінше, тіпті қажет болған жағдайда заңмен қорғап, жүйелі де қарқынды жұмыс жасауымыз керек. Қазаққа жалаңаш Байзақовалардың келтірер кесапаты көп, ал қаламгерлердің рухани ашаршылықты жеңетін туындылары жетерлік. Әрине, осы көтеріп отырған мәселеге Қазақстан Жазушылар одағы мұрындық болуы керек қой. Ал олар үнсіз…

Айзат Рақыш

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.