Ұлымды босанып, перзентханада жатқанымда қоғамдағы қарапайым адамдар арасында кездесетін келеңсіз жәйтті көріп, не күлерімді, не жыларымды білмей дал болған едім. Қазіргі таңда жаңа туған сәбидің төлқұжаты перзентхананың өзінде-ақ рәсімделеді. Яғни, бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұрып, уақыт жоғалтпайсыз. Бүгінде аталмыш құжатты жасауға перзентханаға халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары өздері келіп, балаға қатысты ата-ананың құжаттары мен өтініштерін қабылдайды. Тек бір апта өткен соң дайын құжатты алып кетуге ғана баратын болыппыз. Әрине, бұл да халыққа, әсіресе жас босанып отырған аналарға жасалынып отырған үлкен жеңілдік.
Менде өмірге келген сәбиiмнiң құжатын өткізуге перзентханада тиiстi қағаздарды толтырып отырғанмын. Жанымда тұрған мен секiлдi жас босанған ана осы құжат жайында маманнан өтініштің толтыру үлгiсi жөнінде сұрап жатты. Маман құжаттың толтыру үлгісінің барлығымен таныстыра келе, “ұлы” әлде “вич” деп толтырасыз ба, ерік өзіңізде деп соңғы шешiмдi қабылдауды құжат иесiнiң өзiне қалдырды. Сонда әлгi келiншектің ешбір ойланбастан “вич” бола берсiн деген жауабы маған ұнамағандай бірден жалт қарадым. “Қазақша толтырсаңызшы, бүгінде барлық іс-қағаздар қазақ тiлiнде толтырылып жатыр. -Ов, -ев, -овна, -евна, -вич-тардан құтылатын мүмкiндiкті неге пайдаланбайсыз?” — дедім. Ешқандай таныстығым болмаса да, менiң пiкiрiммен санасар, санаспасына да қарамай, ойымды ірікпедім. “Әкесiнiң құжатында да “вич” деп тұрғасын, солай қала берсiн дегенім ғой” — деп ақталды әлгi келiншек.
Әрине мен ешкімнің шешіміне араласа алмаймын, тіпті қарсыласуға да қауқарсызбын. Бірақ, адамдардың осыншалықты тілімізге, ұлтымызға деген немқұрайлықтарына жаным ауырды. Бәлкiм ол баланың әкесi дүниеге келгенде бүгiнгiдей қазақша толтыруға мүмкiндiгі болмаған шығар? Таңдау болмаған сол заманның ұрпақтары, яғни біздердің құжаттарымыз “овна” болып қала бердi. Бүгiнде өзгертуге болар, бірақ ол үшiн барлық құжаттарымызды ауыстыруға тура келгендiктен, артық жұмыстан қашатынымыз тағы рас. Шындығында таңдауы бар бүгiнгi уакытта осындай жайсыз жайттардың орын алып жатқаны, тілімізге деген құрметтің Отаннан емес, отбасынан басталмай жатқанына iштей налыдым. Тiлiмiзге өзге емес, өзiмiздiң қызығушылығымыздың жоқтығына қиналдым. Орыс тiлiндегi “вич” пен “овна”-ға қарағанда, қазақша атқа қазақ тiлiндегі жалғаудың жалғанғаны жарасары хақ.
Мен осындайларды аңдып жүремін бе, әлде өзіме мүлде тән емес мұндай жәйттер мен үшін ерсі көріне ме білмеймін, тура сол жолы тағы бір келіншіктің бір жәйсіз жайына куә болдым. Перзентханадан шығару қағазын рәсімдеп жатқан медбике жас босанған келіншекке “Баланы аман-есен қолыма алдым” деп қолхат жазуын сұрады. Екі ауыз қазақша жазуға қиналған әлгі келіншек қазақша мүлдем жаза алмайтынын, өзінің Ресейде туғанын айтып безілдеп қоя берді. Медбике: “Жаза беріңізші, қалай жазылатынын мен айтып тұрамын” десе де, жазуға талпынбайтын әлгі жас ананың ақ сүтін емген сәбиден ертең қандай ұлтжанды ұрпақ шықсын?

Түйін:
Қаланың қақ ортасындағы перзентханада осындай орыстілділердің ортасына түстім бе, әлде қазіргі қоғамның боямасыз бейнесі осындай ма, әйтеуір әлгі олқылықтар ұзақ уақыт ойымнан кетпеді. Басқасын былай қойғанда ұлтжанды ұрпақ ұлтын сүйген анадан тәрбиеленетінін ұмытпайық, ардақты аналар!

Кәмшат Айдарханова 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.