Жаңа Түркістан жастар көзімен

0
2691

Биылғы жыл елімізде «Жастар жылы» деп бекітіліп, болашақ ел тізгінін қолға алар азаматтарға ерекше назар бөлінуде. Елбасымыз бір сөзінде «болашақ жастардың қолында» деп атап өткен болатын. Расында, бұл күнгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Өткен жылы Тұңғыш Президентіміз Түркістан облысын құрып, Оңтүстік өңірдің орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғандығы баршамызға аян. Бұл тарихи шешімді жұрт қуана құптап, көпшілік разшылығын білдірді. Дегенмен, алдағы 15-20 жылдықта орныққан Түркістан бұл күнгі өскелең ұрпақтың игіліне жарап, соларға аманаттар құнды байлығымызға айналарын да ұмытпаған абзал. Осы орайда, үкілеген үмітті арқалаған белсенді де дарынды жастарымыздан «Жаңа Түркістан» туралы ой-пікірін сұраған болатынбыз.

Олжас Сүлеймен, кәсіпкер.
Global Procurement Company компаниясының негізін қалаушы, бас директоры, «Болашақ» қауымдастығының, БҰҰ жанындағы жас көшбасшылар қауымдастығының мүшесі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
Жаңа Түркістанды түлетуде
жастардың маңызы зор

Түркістан – тек қазақ халқының емес, жалпы түркі дүниесінің рухани ордасы. Алғашқы мыңжылдық кезеңінен бері бастау алатын терең тарихы бар көне шаһардың қойнауы қазынаға толы. Әр тасы өткен күннен сыр шертіп, келер күнге бағыттап тұрғандай сезім сыйлайды. Түркістан төрткүл дүниеге аты шыққан, жер жүзі мойындаған әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр Әл-Фараби дүниеге келген жер. Мұнда ислам дінінің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Яссауи мекен етіп, дүние салған соң, Темір династиясының негізін салған Әмір-Темір ұлы тұлғаға арнап кесене орнатқан. Жүздеген жыл өтсе де, тек сәулет өнерінің озық нысаны ғана емес, халқымыз тамсана баратын мәдени-рухани ортаға айналған кесене халқымыздың мәдени мұрасы саналады. Мұнан бөлек, бір ғана Фараб қаласыннан шыққан 33 ғұлама-ойшыл тарихта өшпес із қалдырды. Көне Ұлы Жібек жолы бойында сәулет құрған қала бірнеше елдің сауда-саттығы түйіскен мекен атанған. Хандарымыз ордасын тігіп, сән-салтанат құрған ордада халқымыздың батпалдай азаматтарының белгісі жатыр.
Бүгінде облыс орталығы атанып, жаңа дәуірге қадам басқанына да бір жыл толып отыр екен. Аз ғана уақыт ішінде біршама істер атқарылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Жаңашыл нысандар бой көтеріп, тарихи ғимараттар қайта түрленуде. Бастысы шаһар өз бейнесін жоғалтпай, Шығыстық сәулет өнерімен ұлттық нақышта салынбақ екен. Бұл көңіл қуантады. Себебі бұл тарихқа құрмет, ұлтымызға мәртебе деп білемін.
Жалпы Түркістан қаласын дамытуда жастардың маңызы зор. Себебі көз тоймас кереметті көпке көрікті етіп, оны алыс-жақын шет елге насихаттауда жаңашыл бастама мен тың ойлар қажет. Ал жастар – жаңашылдықтың бастамасы, жаңа дәуірдің иелері емес пе? Тек қана бірлескен әрекеттер арқылы ғана киелі өңірді әлем қаласы атандырып, жұрт тамсанар мекенге айналдыра аламыз және бұл жастарды жастарымыз даяр деп ойлаймын. Сондықтан да болашақта «Жаңа Түркістанда» жігерлі жастардың ізі қаларына сенімім мол.

Нұрсұлтан Құрман, тележурналист,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
Түркістан – Түркі жұртының
алтын қазығы

Түркі дүниесі көне мәдениеттің алтын сарқыншағы. Оның тарихы да, мәдениеті де бай. Әр дәуірде өз заманының даму барысында ерекше әсер еткен бұл жұрт бүгінде ондаған елден құралады. Ал осы бір түркі жұртының алтын қазық ордасы – Түркістан қаласы болып саналады. Бүтін бір ұлтымыз үшін мұндай құнды жәдігердің біздің байтақ даламызда орын алуы – біз үшін үлкен мақтаныш деп білемін. Жалпы, Түркістан көне дәуірден бері сауда-саттықтың қайнаған қазаны атанған. Кезіндегі Жібек жолы кезеңінен бері осы күнге дейін саяси-экономикалық тұрғыдан аса маңызды аймақ болып табылады. Өзім осы Түркістан облысының тумасы ретінде бұл жердің қасиетін сезініп өскенмін. Отырардың жырын оқып, Фарабилердің еңбектеріне таңдай қағып, даңқты батырларымызға қызығып өстік. Содан болар сондай елдің топырағын аунап, суын ішіп өскен азаматтар осы күні де ел алдында беделге ие, мәртебесі асқақ болып жүр. Жиырма жасында Олимпті бағындырған Бекзат Саттарханов ағамыздың өзі бір төбе емес пе?
Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл жаңалыққа ел болып қуанып, жылы қабылдадық. Себебі мұндай шешім арқылы бабаларымызға құрмет танытып, халқымыздың абыройын еселедік деп ойлаймын. Алдағы уақытқа межелеген міндеттер де аз емес. Нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екен. Керемет нысандар бой көтеріп, ерекше ажар бермек. Көне шаһарды жаңа дәуірдің озық қаласы атандыруда жастардың да белсенділік танытқанын қалар едім. Қарапайым әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, насихаттап отырса, оның өзі тамшыдай болсын үлес болар еді. Осы орайда, сол бір мекенде туып-өскен әрбір азаматты Түркістанды бірге түлетіп, жаңашыл бейнеде танытуға шақырамын.

Ілияс Түстікбаев, «Қазақстан студенттер альянсы» РСҚ көшбасшысы:
Болашақ бастауындағы Түркістан

Өздеріңізге белгілі болар, бір жылдан астам уақыт бұрын ғана Оңтүстік Қазақстан облысын өзгерту туралы жарлық шығарылып, еліміздің рухани астанасы – Түркістан облыстық орталық ретінде мәртебе алып, дамудың жаңа бағытына беттеді. Арнайы мәртебе беру арқылы ежелгі ордамызды экономикалық және тарихи жағынан дамыту қолға алынды.
Ежелгі ордамыздың көне ұлылығын қайтару мақсаты алға қойылды.Бұл қала бұрынғы кезде де маңыздылығы бойынша Мекке мен Медине сияқты қалалармен теңестіріліп, діни және рухани қажылық ордасы болған. Қала Орта Азияны Еуропамен байланыстыратын дала керуен жолдарының қиылысында пайда болды. Оның құрылу уақыты 1-ші мыңжылдықтың ортасына сай келеді, Ясы қонысы ежелгі Күлтөбе қонысында пайда болған. Уақыт өте келе ауыл өсіп, ауданның орталығы болды және Ұлы Жібек жолындағы Шымкент пен Сығанақ арасындағы негізгі сауда «өткелі» атанды, бірақ XII ғасырдың басында ұлы софы Қожа Ахмет Яссауи дүниеге келіп, өмір сүріп, ілім қуалаған шақтаерекше мәртебеге бөлінді.Ескі күндердегі Түркістанның өмірі көптеген шежірелермен баяндалады. Мұнда көрші мемлекеттердің елшіліктерімен үнемі маңызды дипломатиялық кездесулер өтіп тұратын, жоғары шенділер бас қосып, маңызды мемлекеттік мәселелер шешілетін. Дәл осы Түркістан қаласында көптеген көрнекті тарихи тұлғалардың – Абылай ханның, Есім ханның, Қазыбек би, Хан Әбілқайырдың, Сұлтан Бегімнің қасиетті қалдықтары орналасқан. Сондықтан да мемлекеттілігіміздің қалыптасу дәуірі Түркістан қаласының дамуымен тікелей байланысты.
Түркістан ешқашан елеусіз қалған емес. Ол – ескерткіш қала, ежелгі жердегі ежелгі қала. Енді тек тарихи шындықты қисынды қалпына келтіре алсақ, бізді алда Түркістанның қайта өрлеу дәуірі күтіп тұр.
Бір жыл ішінде елеулі өзгерістер орын алды. Қаланың келбеті өзгеруде. Жаңа құрылыс нысандары пайда болып, ірі жобалар іске асырылып жатыр. Тыныш қана қаладан көп ұзамай әлемнің төрт бұрышынан туристтерді қызықтыратын көзтартарлық шығыс орталығына айналатынына күмән келтірмейміз.Келешек алда, сеніміміз де мол.
Өңірде жастарға деген қолдау ерекше. Еліміз үшін осындай шешуші уақытта озық ойлы һәм белсенді жастарды жұмылдыру да өте маңызды. Осы мақсатта Жастар жылы аясында «Қазақстан студенттер Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы «Жастардың өзін-өзі басқару органдарының жүйесін дамыту» әлеуметтік жобасын бастап отыр. Бұл бастама Түркістан облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырып және кеңінен насихаттап, облыс көлемінде дамуына үлес қосу арқылы қаланың жастар қаласы ғана емес, мәдениет ордасы ретінде көрінуіне септігін тигізетіні анық.Ендігіде рухани орданы үлкен өзгерістер күтіп тұр. Қала одан сайын дамып, гүлденіп, онымен бірге біздің тарихымыз да қайта жанданбақ.

Набира Рақымжан, «Қазақ аруы-2018» байқауының жеңімпазы:
Түркі жұртының рухани ордасы Түркістан жайлы пікір өрбіту оңай дүние емес.

Жүздеген жыл тарихы бар қасиетті мекен тек қазақ халқының байлығы саналмайды. Күллі түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы, төрткүл дүние көз тіккен жәдігер болып табылады. Қойнауы қазынаға толы аймақ әр дәуірде еліміз үшін шешуші рөлді ойнаған. Хандар ордаларын тіксе, билер төреліктерін айтқан. Батырлар қан төгіп қорғап, жыршы-ақындар әуезді әнін әуелеткен. Сондықтан Түркістан туралы жалпы ой қозғау өте қиын іс. Бергі шеті барша жұрт аузында жүрген Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі мен мол мұрасы, арғысы Әбу Насыр Әл-Фараби бастаған 33 ойшыл шыққан Фараб қаласы, көне Отырар мен «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Қасиетті Домалақ ана мен Үкаша ата кесенелері сынды көптеген көне орындар адамзат тарихының кесектей бөлігін алып жатқан алтын кезеңдерінің бөлшегі деп білемін.
Баршамыз білетіндей, өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан облысын құрып, орталығын Түркістан қаласына көшірген болатын. Бұл тарихи шешімді, біз, жастар да ерекше ынтазарлықпен қабылдадық. Себебі, өткенмен сабақтасқан шаһардың келешек келбетін келістіріп, оны алдағы ширек ғасырда әлем қаласы қылу біздің қолда. Бүтін бір ұлтымыз үміт артып отырған кезеңде біздерге артылған сенім тіпті сол өңірде де ерекше байқалады. Оның айқын бір дәлелі түрленген Түркістанда бой көтерген алғашқы ғимарттар қатарында Облыс жастар орталығын атауға болады. Барлық заман талабына сай жасақталып, салынған мекеме жастардың зерек ойларын ұштап, алғыр істерін ілгерілетуге мүмкіндік беруде.
Түркістан – тарихи шаһар болғанымен, оның болашағы жарқын. Облыс орталығы атанып, қайта аталуы өңірге жаңа серпін беріп қоймай, өркениет көшінде топ ілгері жылжуға да мол мүмкіндік ашарына сенімім мол.
Ерғазы Әзімханұлы, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ Жастарды дамыту орталығының жетекшісі, танымал блогер:
Жастар – қай уақытта болмасын елдің қозғаушы күші саналған.
Әр дәуірдің атақты қолбасшылары мен сардарлары жан беріп, жан алысқан кезде ұланғайыр жерін, жаулаған яки қорғаған байтақ даласын келер ұрпаққа аманаттап отырған. Аллаға шүкір бүгінде біз бейбіт күнде өмір сүріп, жауға аттанар кезеңдерден аулақпыз. Бүгінгі біздің басты міндетіміз сапалы білім алып, еліміздің дамуына үлес қосып, бабаларымыз аманаттаған қасиетті жерімізді сақтап қалу.
Түркістан – сол бабадан қалған, ұлтымыздың тарихымен етене сабақтасқан қасиетті мекен. Қаншама батырларымыз қызғыштай қорғап, хан-сұлтандарымыз ордасын тіккен құтты аймақ саналады. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Әрине, көптен бері айтылып, талқыланып жүрген мәселе еді. Дегенмен, соңғы нүктесін қойып, батыл бастаманы қолға алған Елбасы шешімі көпті қуантып, халық ризашылығын алды. Себебі Түркістан тек халқымыздың емес, түркі дүниесінің рухани ордасы, мәдени шаһары саналады. Ғасырдың үнін шертіп, ұлтымыздың айрылмас бөлшегі аталатын қаланы жаңаша түрлендіріп, өзгеше образда танытуда біздің де міндетіміз бар деп есептеймін. Үкімет пенен әкімдік бірлескен істері арқылы шаһардың бас жоспарын қайта бекітіп, тыңғылықты шаруалар атқарғанымен, көпшілік арасында оны жарнамалап, жүрген жерімізде насихаттап, тек еліміз емес, алыс-жақын шет елге таныту бізге артылған міндет деп түсінемін. Сөзсіз, жаңа инфрақұрылым, керемет нысандар менен көздің жауын алар ғимараттар ерекше сән бере түспек. Бірақ сол кереметті көруге ынтазар топ құруда біздің үлесіміз болуы шарт.
Осы орайда, жастардың сүйіктісі атанған жас танымал жұлдыздарды да, әлем мойындаған атақты аға-әпкелерімізді де Түркістанды қайта жаңғыртып, жер жүзіне танытуға шақырамын.

Бекарыстан НҰРЛАНҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.