Газетіміз әкім мен халықтың арасында алтын көпір болып, әрдәйім бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес. Биыл да осы мәселеге тағы да мойын бұрып, әр облыстағы басылымымыздың жанашырларына, меншік тілшілерімізге сауын айтып, өңірдегі көкейтесті мәселелерді сауал ретінде ұсынуды өтініш еттік.
Мінеки әрқашанда әкімі де, жұртшылығы да белсенді Маңғыстау өңірінен сауалдар келіп жетті. 10 сауал! Бүгін оларды мұрнынан тізіп жариялап отырмыз.

1 сауал: Маңғыстау облысы мұнайлы өлке. Əрине, мұнай Тəуелсіздік жылдарындағы ұлттық өндірісіміздің негізгі қаржылық көзі. Мұнай өндірісінің пайдалы жақтарымен қоса, экологиялық тұрғыдан зиян тұстары да бар. Мысалы, “ҚОШҚАР АТА — УЛЫ КӨЛІ”. Аталмыш көлде ядролық радиациялық қалдықтар өте көп. Дəл жанынан тұрғындар үй салып, өмір сүріп отыр. Маңғыстауда рак (қатерлі ісік) ауруы аса көп дəрежеде жайылған. Жас балалардың арасында да бұл дерт көрініс тауып тұр. “ҚОШҚАР АТА — УЛЫ КӨЛ”-ін көмуге, зиянсыздандыруға қаржы бөлініп, мəселе көтерілгеніне 30 жылдан аса уақыт болды. Бұл Кеңес өкіметінен бері қарай ақпарат жүзінде айтылып, халық үмітін үзбей келеді. Бірақ нақты түбегейлі жасалынған шара жоқ. Белгілі уақыттан кейін қайта-қайта қаржы бөлдіріп, бұл мəселе “бизнес”-тің көзіне айналып кеткен жоқ па?! Осылай созуға бола ма? Ол жабылмады. Улы шаңды ел жұтуда. Көл иісі тұрғындарды тұншықтыруда.

2 сауал: Мұнайлы өлкеге Каспий теңізінің жағасынан рак (қатерлі ісік) ауруларын емдейтін, зерттейтін республикалық не болмаса халықаралық дəрежедегі медициналық орталық емдеу, шипагерлік ғимаратын неге салмайды? Бұл аурудың дені сол жерде ғой. Маңғыстау тұрғындары Астанада, өзге қалаларда емделеді. Осы ауруларға байланысты медициналық факультеттер неге ашылмасқа? Мамандар мен ғалымдардың тұрақ жайлары неге шешілмейді?

3 сауал: Маңғыстау тарихи ескерткіштерге бай өлке. Ақтау қаласындағы “Алтықұлаш” əулиенің сəулеттік ғимаратын жөндеуді, салуды “Qazaqstan zamany” газеті ұсынған. Облыс əкімшілігі жауап берген. Қазіргі таңда қандай жұмыстар жасалып жатыр? Біздің естуімізше басталған жөндеу жұмыстары саябырсып тоқтап қалған сыңайлы.
Бейнеу ауданындағы “Атағозы мен Лабақ батыр” жөніндегі жақсы, сүйіншілі хабарларыңызға да қанықпыз. Ризамыз! Ол жайында не айтасыз?!
4 сауал: Маңғыстаудан Қашаған Күржіманұлы атындағы айтыс мектебі қашан ашылады?!

5 сауал: “Адай жылқысы” əлемге танылды. Бұл сала неге енді дамымай отыр?! Құжаттары жасалынды ма, не кедергі?!

6 сауал: “Адай Ата — Отпан тау” этно мəдени орталығы (авторы: Сабыр Адай). Республикаға мəлім ұлттық танымның кеңістігі мен тұғырнамасына айналған жер. Елбасы өзі құттықтап Отпан тауды ерекше қорғалатын жүз орынның қатарына енгізді. Ол жерден “Түнек үй” салуға уəде бергенсіз. Бұл мəселе неге жолға қойылмады? Адай Ата тарихта болған адам. Адай батыр, Құдайке, Келімберді батыр жөнінде бізде өз газетімізде жарияладық. Осылардың бəрін қолға алатын уақыт жеткен жоқ па?

7 сауал: Маңғыстауда өндірістік еркін аймақ бар. Маңғыстау ұлттық салт-дəстүріміздің ордасы, ошағы. Руханияттық тұрғыдан да Маңғыстауды еркін аймаққа айналдырып неге қатынас хаттарымен, құжаттарды, жиналыстарды, жалпы мемлекеттік барлық тірліктерді тек қана Қазақ тілінде жүргізуге шешім қабылдамайсыздар? Бұл өзге аймақтарға қуат берер еді, әрі үлгі болар еді.

8 сауал: Маңғыстаудың табиғаты өте нашар. Кеңес Үкіметінің тұсында халыққа сол үшін үстеме ақы төлейтін. Тəуелсіздік жылдары ол көмек ақы жойылды. Бұл игі істі қайта жандандыруға болмай ма? Маңғыстаудан мұнай айыру зауыты неге салынбай, тоқтап қалды?! Бұл мəселе бірнеше рет көтерілген.

9 сауал: Əр шағын ауданда кітап сататын, əлде, жастарды кітап оқуға қызықтыратын ұлттық бағыттағы ағарту орындары қаншалықты дəрежеде қамтылған? Жастарға жер орын жəне үй беру мəселесі күн тəртібінде бар ма? Оларды жұмыспен қамту мəселесі әлі де шешілмей тұр. Жеке балабақшылар ашылуда бірақ олар қымбат. Қолжетімді қылудың шаралары жасалынып жатыр ма?

10 сауал: Жемқорлық мəселесі, онымен күресудің жаңаша жолдары, ұлттық сананы ояту, яғни, рухани жаңғыру қалай жүруде? Дəстүрлі дін мен салт-дəстүр жəне оның сабақтастығы қаншалықты дəрежеде?

Сәуле Мешітбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.