“Халық және президент” айдарына 3 пікір

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов Мемлекет басшысына жаңа қоғамдық бірлестік – Ақсақалдар сенаты жайында айтып беріпті. 

Сонымен айтар ойыма оралайын. Президентпен кездесу барысында денсаулық сақтау саласын дамыту және ұлттық тағам түрлерін насихаттау, қоғам мен билік арасындағы диалог, сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері талқыланыпты. Дұрыс – ақ! Ақордаға барса жеке басының шаруасын айналсоқтап айта беретіндерге үлгі боларлық тағылымды іс екен!
Сол кездесуде академик Төрегелді Шарманов қоғамды ұйыту, елдің бірлігін арттыру және жас-тар тәрбиесіне қатысты өз ойларымен бөлісіпті. Бұл да ақсақалға тән қасиеттің бірі. Ынтымақ пен бірлікті сөз ету, ел болашағына алаңдаушылық құптарлық қадам.
Әйтсе де, көпшілікке әлі бейтаныс, бәлкім біреу білер, біреу білмес Ақсақалдар сенаты жайлы сөз қозғағаны бізге онша ұнамады. Себебі, елімізде 10 мыңдаған қоғамдық ұйым бар, олар үн-түнсіз, аттандамай – ақ жұмыстарын істеп жатыр. Оны азсынсаңыз, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі бар. Онда небір ығай мен сығай жүр. Оның төрағасы Парламентте отыр. Бұл тақияға тар келіп тұр ма?
Енді келіп, «Бүйректен сирақ шығарғандай» Ақсақалдар сенатын құру томпақтау нәрсе. Абайға жүгініп қаттылау айтсақ, «Бас басына би болған өңшең қиқымның» кебін кигелі тұрмыз! Себебі, өзіне дейінгіні мойындамау, олармен бірікпеу – қарияның емес, ауылдағы берекесіз шал-шауқанның әрекеті. Жұдырықтай жұмылып іс етудің орнына, барға қанағат қылудың орнына «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеннің кебі келіп тұр?!
Президент қабылдауында болған Академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, Ақсақалдар сенаты үш адамнан құралған. Олар: Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов және Мұрат Әуезов. «Біз жасы ұлғайған, өмірлік тәжірибесі мол адамдар ретінде Ақсақалдар сенатын құрып, елімізде болып жатқан түрлі жағдайлардың мән-мағынасын ұғып білуге өз ақыл-кеңесімізді бергіміз келеді. Қандайда бір түйткілдер пайда болған кезде қоғамда белгілі бір пікірлердің ығында кетіп қалушылық болмай тұрмайды. Ал ол моральдық тұрғыдан өте зиянды», – депті кездесуде Т.Шарманов.
Иә, Шарманов мырза дұрыс айтады. Елге сыйлы қария – түбі терең дария секілді ғой. Көргені де көп, көңілге түйгені де орасан! Алайда Шарманов мынаны білуі керек еді. Республика көлемінде елді улатпай-шулатпай жұмыс істеп жатқан «Ардагерлер ұйымы», «Ақсақалдар алқасы» т.б толып жатқан бірлестіктер, жастарға ақыл – кеңес беруден кенде емес. Олар да елдің дамуына, тұрақтылығына мұқтаж. Түйткілді проблемаларды айналып та өтіп жатқан жоқ. Қайта онымен бетпе бет келуде. Және оның ығында кетіп қалудан да аулақ. Алысты көретін жіті көз, болашақты болжайтын көреген ақсақал өзіне дейінгілерді жоққа шығарып қандай мұратқа жетпекші? Қайта солармен бірігіп, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса» ұлы мақсат жолындағы күрес сол емес пе? Олай болса Шармановтың «Америка ашқандай» болып, данагөйсіп сөйлеуіне жол болсын!
Ендігі әңгімем, Шарманов құрған ақсақалдар сенатындағы «үштік одақ» жайында болмақ. Үштік одақта Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов және Мұрат Әуезов бар. Бейнелеп айтсақ, кешегі өткен үш биіміз– Төле би, Әйтеке би және Қазыбек би еске түседі…
Неткен ұқсастық десеңізші? Бұл кездейсоқтық па, жоқ әлде…
Бірден айтайық, бұл ақсақалдар дүние жүзіне танымал азаматтар. Бірақ, Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ ұлттық құндылықтарын дамытуға қандай үлес қосты екен? Еңбектерін жоққа шығармақ ниеттен аулақпыз. Бар! «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» демекші, дуалы ауыздан шыққан сөз, көптің көңілінен шықты ма? Мәселе сонда ғой.
Ақыл айту оңай, үлгі көрсету жағы тағы бар. Мысалы «Ардагерлер сенатын» құрмас бұрын өздері аты-жөндерін «қазақыландырып» алса қандай жарасымды болар еді? «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік». Үштік одақтың «тең төрағасы» Олжас ағамыз кезінде Ресей болмаса Қазақстан өмір сүре алмайды, орыс тілінсіз бәрінен мақұрым қаламыз деп жанайқайға басқанын өзі ұмытса да, қалың жұрты ұмыта қойған жоқ әлі. Сол ойынан анық айныды ма? Айнымаса, Олжас ақсақалдың ұрпаққа ақыл айтуға моралдық құқы бар ма?
Мұрат ағамыз да бір кезде «Қазақ елі деген дұрыс емес, «Қазақстан» болсын, ол парсының сөзі ғой» деп, өз ойын өзі дәлелдеп, «Қазақ елі» сөзінен «үрейленгендердің» бір еді. «Қазақ еліне» қарсы болған адамның, қазақ елі жастарына дұрыс бағыт-бағдар көрсетеріне өз басым сенбеймін!
Шорманов ақсақал ұлттық тағамтануға біраз күш салды. Әлі де еңбектеніп жатыр. Әйтсе де ол өнімді қалың елі қазағы пайдалана алмай қиналып отыр. Себебі, өнімдері удай қымбат. Шынын айтайық, кез келген адамның калтасы котермейді. Егер қалың қазағының қамын жеген жан болса, Президент қабылдауында отырып, осы мәселені тігінен қоюы керек еді.
Сөз соңында айтарым, қазақта «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» деген керемет тәмсіл бар. Оны көкірек көзі ояу қариялар жақсы білуге тиіс. Қоғамдық Ақсақалдар Сенатын құру, оған үш қайраткердің сайланып алуы – көзге қораш, әрі күлкі шақырар қылық. Заманында үш биді – халық сайлады, олар сенім үддесінен шыға білді. Ал бүгінгі «билер» өзі айтып, өзі сайлай берсе, өзін дана, өзгені бала көре берер болса талғамның құны қаншалықты төмендеп кеткенін бажайлай беріңіз.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз