«Jastar Sammiti — 2019» жастарды қызықтырған жоба

0
1370

 

  Жақында Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар жылы аясында «Jastar Sammiti — 2019»  шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш саммиттің мақсаты — көшбасшы жастардың қоғамдағы танымалдылығын арттыру және жас ұрпақты мақсат-мүдде жолындағы айқын әрекеттерге шақыру әрі ынталандыру. Алты панельдік сессиядағы кездесу 300-ге жуық қатысушының назарын аударған. Оның ішінде: жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, блогерлер және коуч-тренерлер бар.

Ашық жүрек

  «Jastar Sammiti — 2019» 6 тақырыптық локацияларда 25 жас көшбасшының басын қосты. Жалпы саммит «SmArt.Point» коворкинг орталығында өтті. Аталмыш шара аясында жас кәсіпкерлер, ғалымдар және қайырымдылық қорларының өкілдері студент жастармен кездесті. Өз саласы бойынша жоғары жетістікке жеткен мамандар табысты бизнес-жобаларымен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту және еріктілер ұйымдарын құрудағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастар тарапынан қызығушылық тудырған барлық сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты. Спикерлер қатарында Алматы қаласындағы «Болашақ» бағдарламасының түлектері қауымдастығының директоры Қымбат Абдикеримова, “Болашақ” бағдарламасының түлегі, жас химик-ғалым Диас Тастанбеков, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов, “Keremet Catering” негізін қалаушы Әділет Бағдат, Алматы технологиялық университетінің Жастар саясаты бөлімінің жетекшісі Ержан Абдешов және т.б. болды. “Қазақстанның еріктілер лигасы” қоғамдық қорының үйлестірушісі Аружан Меирхан жиналған жастарға “Ashyq Júrek” жобасын таныстырды. Бұл шарада еріктілер аса белсенділік танытты, олар қоғам қайраткерлері мен блогерлердің саммиттің 6 бағыты бойынша жүргізілген шеберлік сабақтарын құлақ түре тыңдады.

 

Саммитті ұйымдастырушылардың бірі, «Jastar Uni» Жастар қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі Ақнұр Тәуекел:

«Айтулы шараға біз қаладағы барлық 39 жоғары оқу орны мен колледж студенттерін шақырдық. Бүгінгі ашық алаңға 500-ден астам адам қатысып отыр.

«Jastar Sammiti – 2019» шарасына кәсіпкерлер, «Болашақ» еріктілер қозғалысының адамдары келді. Олардың дәріс сабақтарын тыңдаған студенттер өздеріне қажет деп тапқан ақпаратты түртіп алып, пайдаға жаратса деген ойымыз бар. Бұл еріктілік болсын немесе «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту жоспары болсын, басты мақсат – жастарымызға қозғау салу. Аталмыш шараға университет пен колледждерден бөлек қала тұрғындары, 14 пен 29 жас аралығындағы адамдар атсалысып жатыр.

Саммиттің мақсаты – қаладағы белсенді жастарға дем беріп, оларды ынталандыру. Жас буын өз ісін жақсы білетін нағыз мамандардың кеңестерін тыңдап, талаптанса екен дейміз. Сонымен қатар мәслихат депутаттарына, кәсіпкерлерге студенттер өздерінің жобаларын таныстырып, ақыл-кеңестерін алады. Алдағы уақытта солар қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді. Жастардың инновациялық түрлі жобалары жетерлік, алайда олар оны қайда апарып таныстырарын білмей дал болады. Ал бүгін соған таптырмайтын мүмкіндік туып отыр. Алаңға жиналған жас буын білікті мамандарға өз жобаларын көрсетіп, бағыт-бағдар алуда» , – деп шараның маңыздылығына тоқтады. Сондай-ақ ол әр студент өзіне ұнаған бөлімге қатысып, сол тақырыпта кеңес ала білді.

Еңлік Әбдіқадыр: «Арманға адал болсаң, ақиқатты табасың» 

   Жас ғалым-химик, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Диас Тастанбековтің тұщымды сөздері жастардың үлкен қызығушылығын тудырды. Ол –«Сөйлейтін қоқыс жәшігі», видеосәлемдеме, биологиялық ыдырайтын импланттар және т.б. көптеген ерекше жобалардың авторы. Диас Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия факультетін үздік дипломмен бітірген, «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратураны жақсы көрсеткішпен аяқтаған.

Төрт жылдан астам ол Назарбаев Университетінің ғылыми-зерттеу орталығында –Nazarbayev University Research and Innovation System кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс жасады. Содан кейін Д.Тастанбеков өз зертханасының меңгерушісі болды. Франция (Страсбург), АҚШ (Беркли), Англия (Шеффилд) елдерінде сынақ мерзімінен өтті. Қазір Диастың жеке командасы бар, олар өз жобалары бойынша жұмыс істейді. Жас ғалым бес тілде еркін сөйлейді: қазақ, орыс, ағылшын, түрік және неміс тілдерін біледі. Алдағы уақытта ол қытай тілін де үйренуге ниетті. Оның мүдделерінің әртүрлілігі мұнымен шектелмейді. Диас Тастанбеков: «Студент кезімде мен КТА-да ойнадым. Тіпті барабанда ойнауға да құмар болатынмын, үйірмелерде және корпоративті кештерде өз тобыммен өнер көрсететінмін. Мен өзімнің хоббиімді ұзақ уақыт жіпке тізгендей тізбектей аламын, бірақ барлық дағдыларым маған пайдалы болды», – деп жас ғалым сенімді түрде айтты. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы жастарға мүмкіндігінше білім алып, алға мақсат қойып, жарты жолда тоқтап қалмауға кеңес берді.

Bilimdi Urpaq ғылым мен білімде жетістікке жетуді қалайтындарды жинады. Журналист, «Бриллиант Леди» кітабының авторы Еңлік Әбдіқадыр адамдардың армандарын қалай жүзеге асыру керектігі жайында былайша әңгімеледі: «Кішкентай күнімнен өзімнің сара, дара жолым болатынын білетінмін. Өзімді бизнес-леди ретінде  қалыптастырғым келді. Әрине, журналист болу – арманымның алды. Ал арманға деген адалдық  мені осы күнге жеткізді. Біле білсеңіз, арманға деген адалдық өмірге деген құлшынысты оятады. Қанаттандырып, шабыттандырып қана қоймай, қашан әрекетке кіріскенше жаныңды қоярға жер таппай аласұрасың. Күйзеліске, баз кешуге, көлеңкелі тұстарға көңілсіздік танытып отыруға мұрша бермейді. Арманға адал болсаң, ақиқатты табасың. Сол арманға жету жолында адам бойында «сенімділік» деген қасиет болу керек. Ол әр адам баласына қона бермейді. Ол туа бітті даруы мүмкін немесе өзіңізді сол жолға тәрбиелейсіз. Сенімділікті игеру үлкен өнер!

Адам өзін-өзі жақсы көрмесе, бағасын білмесе, бойынан кемшілік іздесе, өзгелерден өзін төмен санап, тартыншақтап тұрады. Осылайша, санасына «салыстыру» бағдарламасын орнатады. Міне, сенімсіздік «дерті» осыдан пайда болады. Осы «опасыз» ойдан түбегейлі құтылуға асығыңыз. Сіз ешкімге ұқсамайсыз! Сіз жалғызсыз! Сіз дарасыз! Сіз бөлексіз! Алла жаратқан бар болмыс-бітіміңізді қабылдасаңыз, сыртқы келбетіңіз бен  ішкі сұлулығыңызда керемет үйлесім орнайды. Сіз әлдекімнің көшірмесі болуға тиіс емессіз», – деп жастарға арманға жету жолында алға қандай мотивация қою қажеттігін айтты. «Болашақ» стипендиясын алу туралы сұрақтарға «Болашақ» түлектерінің Ассоциациясы Алматы қаласы бойынша директоры Қымбат Абдикеримова жауап берді.

Жақсылық жасауға асығайық!

  Smart Point кеңістігінің амфитеатрында қаланың еріктілер қозғалысына арналған «Ashyq Júrek» талқылауы қызу өтті. Бұл тақырып – өзекті, өйткені келесі жыл Қазақстанда «еріктілер жылы» деп жарияланады. Мұнда спикерлер өздерінің бастамалары туралы, бизнес-жобаларды не мақсатпен жасайтындығы және еріктілер қатарына қосылғысы келетін жастар туралы сөз қозғады, түрлі әлеуметтік жобаларды құрудың құралдары жайлы да әңгімеледі. Мәселен, «Aсар үме» қайырымдылық қорының белсенділері мейірімді қазақстандықтардың, соның ішінде кәсіпкерлердің көмегімен баспанаға мұқтаж отбасыға пәтер сатып алу үшін тоғыз миллион теңге жинаған. Еріктілердің арқасында 80 шаршы метр тұрғын үйдің кілті жеті баланың анасына табысталған. Белгілі болғандай, бұл – жас еріктілердің жалғыз жетістігі емес.

«Біздің қордың құрылғанына небәрі жеті ай, бірақ осы уақыт ішінде біз 50-дей баласы бар 10 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Біз оларға баспананы тегін бердік. Мұның бәрі халықтың ақшасына алынды. Еліміздің барлық өңіріндегі қайырымды жандар мүмкіндігінше көмек қолын созды.

Ұйымдастырушылық мәселелерде негізгі жұмыстарды жастар атқарды. «Жастар жылы» өте жақсы нәтижелер көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жастарымыздың белсенділігі, игі істер жасауға ұмтылыстары, әрбір қайырымды іске өз үлестерін қосқысы келетіндері қуантады. Алда – еріктілер жылы, біз келер жылы жас ұрпақтың осы қозғалысқа деген қызығушылығы одан сайын артады деп күтеміз», – дейді қор директоры Асхат Нұрмашев. Оның айтуынша, қазір «Асар үме» қорының тағы бір бағыты – жас отбасыларды нығайту және оларға отбасылық құндылықтарды сіңіру.

Бүгінде отбасын құратын жастар отбасылық құндылықтарға үлкен жауапкершілік ретінде қарамайды. Мұны ескерген аталмыш қор ғаламторда көптеген адамдардың қилы тағдыры жайында ой салатын бірнеше әлеуметтік мотивациялық бейнероликтер жасаған. Бұл тақырыпты ерікті Светлана Захарова жалғастырды. Ол – «Саналы ата-ана» қайырымдылық фестивалінің бастамашысы, онда жастар алдында әр түрлі спикерлер – отбасылық психологтардан бастап мұғалімдерге дейін сөйлейді. Фестивальдің барлық тақырыптары жас отбасыларды нығайтуға және бала тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ Светлана – Алматыдағы «Жақсы істер» еріктілер қозғалысының ұйымдастырушысы. Оның сөзінше, кез-келген игі іс идеяға және басқаларға көмектесуге деген ниеттен басталады. «Біз аз қамтылған отбасыларға және жалғыз басты зейнеткерлерге азық-түлікпен көмектесеміз. Бала кезімізде отбасымыз дағдарысты бастан кешірді, біздің де бір үзім нанға зәру болған кезіміз болды. Бірде бізге бейтаныс адамдар азық-түлік әкелді. Содан бері мен басқаларға көмектесуді өзімнің парызым деп санаймын және айналамызда біздің қозғалысқа қуана қосылып, азық-түлік әкелетін, себеттерді мекен-жайға жеткізуге көмектесетін еріктілердің барына өте қуаныштымын. Алайда бір әттеген-айы бар. Еріктілеріміздің қатарында ер балалардан гөрі қыздар басым. Қыз балаға баспалдақпен бірнеше қабатқа көтеріліп, салмағы ауыр азық-түлік жәшіктерін пәтерлерге тасу, әрине, оңай емес. Сол себепті біз ұл балаларды өз командамызға шақырамыз», – деп ерікті С.Захарова ер адамның күші әрдайым жетіспей тұратындығын баса айтты. Осылайша отбасылық құндылықтар тақырыбы «Jas Otbasy» бөлімінде жалғасты.

Жатақхана жөнінде оң өзгеріс бар

Бизнесті қалай бастау, стартап жүргізу және жеке жобаны іске асыру туралы «Kasipker Jas», «Techno Jastary», «Jalyndy Jas» алаңдарында қарастырылды. Ашық алаңда студенттердің сұрақтарына мәслихат депутаты Ерболат Қасымов жауап берді. Ол – «Достық» ықшам ауданындағы үйлері тілсіз жаудың құрығында қалған отбасыға көмек қолын созып, баспанамен қамтамасыз еткен қайырымды жанның бірі. Е.Қасымовтың тағылымды әңгімесін тыңдауға құмартқан жастар қатары көп болды. Олар өздерін алаңдатқан маңызды мәселелерге депутаттың ойын біліп, жауап алуға асықты. Білім алушыларды мазалайтын проблемалардың бірі – студенттік жатақханаларда орын жетіспеуі. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе қала әкімшілігінің бақылауында және біртіндеп шешілуде.

«Келесі жылы бұл проблема толығымен шешілмейді, бірақ оң өзгеріс болатыны сөзсіз. Мәселені мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында қаланың жоғары оқу орындарымен бірлесіп шешу қажет», – дейді кәсіпкер. Сондай-ақ депутатқа «Сіз өзіңіз жасап жүрген игі істермен араласатын ортаңызда бөлісесіз бе? Өзгелерді жақсылық жасауға шақырасыз ба?», «Бүгінде студенттерге жоба жасау үшін қаражат табу қиын. Идея көп, алайда қаражатпен қамтамасыз ететін демеуші жоқ» және т.б. көптеген сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Ерболат Қасымов «Қазақстан – 2050 даму стратегиясын» қолдай отырып, мегаполис ретінде қаламыздың әлемдегі ең жақсы шаһарлардың біріне айналатынына сенім білдірді. Алматы тұрғындарының 46%-ын 30 жасқа дейінгі адамдар құрайды. Бұл әсем қала Алматының жастар қаласы екендігін айғақтайды.

  «Бауыржан» қайырымдылық қорының жоба менеджері Майра Альжанова:

«Биыл «Бауыржан» қорына 15 жыл. Біз үшін бұл айтулы мереке. Аталмыш қор 2014 жылы құрылған болатын. Бұл қорды көбі Бауыржан Байбектің қоры немесе Бауыржан Момышұлының қоры деп шатастырып жатады. Жоқ, бұл – қарапайым адамның идеясына негізделіп ашылған қор. Қор – жекеменшік, яғни мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Біз жобаларымызды компаниялармен серіктес бола отырып жасаймыз. Қордың алғашқы жобасы – «Алтын жүрек». Ол 12 жыл қатарынан жүргізілді. Бұл жобаның басты мақсаты – қайырымды жандарды халыққа көрсету және олардың санын көбейту. Ерболат Қасымов атап өткендей, қайырымдылықпен айналысатын адамдар қоғамда баршылық. Осындай жүрегі мейірімге толы жандар «Алтын жүрек» символына ие болады. Бұл – Орталық Азиядағы қайырымды істермен айналысатын жалғыз жоба. 2007 жылы аталмыш жобаға 50 өтініш қана түссе, ал 2018 жылы 455 өтініш түскен. Яғни жақсылық жасауға ұмтылғандар саны 10 есеге өскен. «Алтын жүрек» аясында 8 аурухана және 16 «Достық» мектептері ашылды.

Екінші ең үлкен жобаларымыздың бірі әрі бірегейі –  «Kitap fest» жобасы. «Kitap fest» 7 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жобаның мақсаты – кітапсүйер қауымды көбейту, жалпы жастарға тәрбие беретін, рухани азық болатын кітапты насихаттау. Біз еріктілермен тығыз жұмыс жасаймыз. Жасаған жобаларымыздың барлығы еріктілердің көмегімен жүзеге асады. Олар – біздің басты қолдаушымыз», – деп өзінің қорын таныстырып, ерікті жастарға алғысын білдірді.

 

Jastar sammiti жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

«Бұл Саммит жастар үшін өте маңызды. Себебі өз саласында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген адамдар студенттермен тәжірибе алмасу үшін спикер ретінде келді. Саммитте 6 платформа және 6 тақырып ұсынылды. Қатысқан жастар өздерін қызықтыратын тақырыптар үшін орынды таңдай алды, ашық жерлерде олар мамандармен тікелей қарым қатынас жасады. Мен ерікті болғандықтан, айналадағыларды жақсылық жасауға, үлкендерді құрметтеуге шақыратын «Ashyq Júrek» алаңын таңдадым», – деді ерікті Гулнәр Ниеталиева. Ол өз сөзінде: «Үш күн қатарынан қалада түрлі іс-шаралар, соның ішінде қайырымдылық және экологиялық науқаны ұйымдастырылды, оған мен белсене атсалыстым. Маған мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, қолдау көрсеткен ұнайды. Көптеген адамдар «Сізге ақша төленбейді, уақытыңыз босқа кетіп жатыр ғой» деп айтып жатады. Бірақ мен оған мән бермеймін. Себебі әркім өзінің жүрек қалауымен жүруі қажет. Егер сізге басқаларға көмектесу, біліміңізбен бөлісу ұнайтын болса, неге мұны жасамасқа? Уақытыңызды пайдасыз нәрселерге жұмсағаннан гөрі мұқтаж жандарға көмектескен жақсы емес пе? Қол ұшын беру арқылы мейірімді бола түсесіз, басқаларға қуаныш пен күлкі сыйлауға үйренесіз», – дейді. Гүлнәрдің айтуынша, қалалық жастарды осындай қайырымды іс-шараларға белсенді түрде тарту керек, өйткені мұндай жерлерде олар басқа еріктілермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Жастарға арналған осындай платформа қажет әрі пайдалы.

Саммит соңында ұйымдастырушылар ерекше ықылас білдірген тыңдармандарға бағалы сыйлықтар дайындады. Саммиттің тарихында алғаш рет бас жүлде – планшетке ең жас және белсенді қатысушы – №8 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Серафим Пирогов ие болды. Бала спикерлерді қызықты сұрақтарымен және бизнес тақырыбындағы ойларымен таң қалдырды. Серафим: «Бүгінгі саммитте мен табысты адамның үш ережесін түсіндім: өзіңе ұнаған нәрсені істеу, отбасыңа қамқор болу және қоғамда не істеуге болатынын дұрыс бағамдау. Мен 9-шы сыныпқа миллионер болып аяқ басқым келеді. Дәл қазір қандай бизнес бастауға болатынын білмеймін, алайда бұл пайдалы нәрсе болуы керек екенін түсіндім»,– дейді арманшыл жас.

Алты бағыт бойынша өткен саммит барысында жастар арасында 6 планшет, 6 смарт-сағат және 6 фитнес-браслет ойнатылды. Ұтыстың шарты бойынша, жастар жақсы сұрақтар қойып, әлеуметтік желіде осы саммит туралы  креативті жазба қалдыру керек.

Айтулы шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй, ашық диалог және ізгі ниет сыйлады. Еске салсақ, Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы бағытта жастарды қолдауға арналған түрлі шара әлі де жалғасын тауып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілік — жастардың әлеуметтік лифтісі» атты Қазақстан–Ресей жастар ынтымақтастығының форумында 2020 жылды еріктілер жылы деп белгілеген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Президентіміз өз сөзінде: «Еріктілердің ар-ожданы таза емес және арам ойлы адамдар бола алмайтынына терең сенімдімін. Волонтерлер — нағыз патриот, олардың елді жақсарту ниетін құрметтеймін. Белсенді өмірлік ұстаным, армандарды жүзеге асыруға ұмтылу, үлкен жеке жеңіске, жеке табысқа жол ашады деп санаймын», – деп түйіндеді. «Жастар жылы» жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, табысты жобаларымен есте қалды. Осы орайда ұйымдастырылған «Jastar Sammiti — 2019» соның дәлелі. Енді келер жылға да осындай үміт артамыз. Себебі Қазақ елінің болашағы – жастардың қолында.

Ақнар Қазезова

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.