Ұлттық кеңес елге не берді? не бермек?

0
232

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы уәделерінің бірі еді. Өйткені халық арасында түрлі деңгейдегі қарсылықтар, көпбалалы аналардың талап-тілектері қайнап тұрған кез болатын. Сол үшін де қоғамның пікірін есту өте маңызды – тын. Еліміздегі саясатта, экономикада, әлеуметтік тіпті мәдениет саласында қандай өзгерістер керектігі де андыздап алдан шыққаны жасырын емес сол кезде. Ұлттық кеңес осы сұрақтарға жауап беру үшін халыққа танымал, елге сөзі өтетін азаматтар үшін құрылған болатын..

Кеңеске артылар жүк ауыр

Қуанарлығы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне әр қарастырылып жатқан заң бойынша қажетті мамандар тартылды. Әр мәселе бойынша жұмыс топтары құрылды. Сол жұмыс топтары аймақтарға да шығып отыруға, аймақтарда сарапшылармен, қоғаммен кездесуге, жалпы әртүрлі форматта жиын-кездесулер өткізуге мүдделі – тін. Осындай кездесулердің, жиындардың нәтижесінде түрлі мәселелер бойынша нақты-нақты шешімдер қабылданатыны да айтылды. «Келісіп пішкен тон келте болмас», – дейді халық. Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшелері азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды да қарайтыны белгілі болды. Сондай-ақ, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында байланыс күшейтіліп, халықтың талабы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы жететіні де қалың бұқараны бір қуантқан.
Алайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі билік уәде еткен межеге жете алды ма? Халықтың талап-арызы құзіретті органдарға ой салып, оларды бетбұрысқа, жаңашылдыққа бастауға қауқарлы ма? Не өзгерді, не көгерді? Қандай жағымды жаңалық бар? Жарты жылда екі рет өткен кеңестің пайдасы көп пе, зияны басым ба? Ұлттың жүгін көтеріп тұрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мемлекеттік тіл мәселесі қай деңгейде? Жалпы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен үкілі үміт бар ма? Осы тектес сан сауалдар бірдің емес, мыңның ойында жүр! «Айтылмаса сөз жетім» дегендей, айтылмаса ой да жетім емес пе!
Сонымен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына қатысқан президент Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі жайлы өрелі ой қозғады.
«Мәселе кириллицадан латынға жай ғана көше салуда емес. Қазақ тіліне реформа және жаңғыру қажет. Беделді ғалымдардың пікірін күтіп отырмыз. Қайталап айтам, біз тек қазақ тілін ғана реформалаймыз!» – деді президент. Негізі латын әліпбиіне көшу Елбасы Назарбаевтың кезінде басталып, үлкен талқыға түскен. Кейін экс-президент көп нұсқаның бірін қабылдаған еді. Күзде Тоқаев латын әліпбиін жетілдіруді тапсырған. Содан бері латын әліпбиі үнемі «қозғалыста».
Президент Тоқаев жасаған баяндаманың ішінен іліп алар бір жаңалық бар. Ол – парламенттік оппозиция. Осыған дейін сарапшылар Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ деп келгені ешкімге жасырын емес. Қайтейік, өздерін оппозиция санайтын партиялар, бірімен бірі қырқысып ақырында халықтың сенімінен жұрдай болғаны бар. Кейбірі қой терісін жамылған қасқыр құсап билікпен ауыз жаласып кетті. Кеудесін ұрған оппозиция нақты іс көрсетпеді. Талас-тартыс оппозициялық партиялардың атын дардай қылғанымен, атағын бордай үгітіп жібергелі қашан?
Парламенттік оппозиция деген сөз биліктің кезекті саяси ойынына көбірек ұқсайды. Мәселен, келесі жылы парламент сайлауы делініп отыр. Соған дейін саяси партиялар туралы заң өзгерсе онда билік ауысқаннан кейін пайда болған кейбір оппозициялық сипаттағы күштер саяси партияға айналуы мүмкін. Онда бұл биліктің ауысуына дейін алдын ала жоспарланған саяси қойылым болып шығады. Және де қазіргі парламенттегі саяси партиялардың кейбірі өзінің ұмытылған оппозиция дейтін атын қайта иеленіп, аяқ астынан оппозицияға айналып шыға келуі әбден мүмкін. Бұл әрине болжам.
Хош, сонымен бұл жолғы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бірінші отырыста айтылған қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты биліктің шешімін есту үшін жиналғандай әсерге бөледі көпшілікті. Сонымен халық талабын билік қалай қабылдады. Нені ескерді? Нені тексерді?

Кеңесте қандай мәселе көтерілді?

1. Митингтер туралы жаңа заң, рұқсат сұрайтын жүйесінен жай ескерту жүйесіне көшуге тиіс.
2. Саяси партиялар туралы жаңа заң, партия ашу үшін 40 мың емес, 20 мың мүше жеткілікті болады.
3. Парламенттік оппозиция туралы арнайы жаңа заң болмақ.
4. Қылмыстық кодексінің 174-ші бабын гуманизацияландыру.
5. Бұл баппен отырып шыққан адамдарға жұмыс жасауға рұқсат беру. Бүгінге дейін бұндай рұқсат болған жоқ.
6. Қылмыстық кодексінің 130-шы бабын (жала жабу, сөздің еркіндігі) кодекстен мүлдем алып тастау.
7. БҰҰ Екінші саяси протоколына қосылу.
Биліктің халықпен ымыраға келуге талпыныс жасаған бұл шешімін кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан оқып берді. Айтылғандардың бәрі де әзірге тек уәде, сөз жүзінде. Нақты қашан іске асатыны белгісіз.
Біз тараптан айтар уәж
Халықтың атынан сөз алған әр азамат сол халықтың тілінде сөйлеуге тиіс. Әйтпесе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің беделі мен берері күмәнді? Себебі халықтың атынан сөз алып тұрып, Ресейге қарап «мөңіреу» сатқындықпен пара –пар! Ал латын әліппиі – қазақ қоғамындағы орыс тілінің ықпалын азайтады дегенге келсек, қуанудан күмән басым. Өйткені мұның да жалтақтық пен жалпақ тілге сүйенері көп. Нақты шешім шығып, латын әліппиіне тұтас мемлекет көшпей, санамыздан құлдық «мөрі» өшпейтіндей көрінеді!…

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.