«Он үште отау иесі» дегенді қалай түсінеміз?

0
450

«Мүлгіп жатқан ел не жойылады, не құл болып оянады».

Кемал Ататүрк.

Ата-ананың көпшілігі, бәрі десек те болады, баламызды тек материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді, әсіресе әлпештеуді, жиырмадан асқанша, тіпті отызға дейін бесікке бөлеуден басқасын, яғни шаруаның бәрін жасауды бала тәрбиесіндегі басты қағидасы ретінде түсінеміз. Бұл түсінік өз кезегінде ата-бабалардан бізге жеткен «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он бес жасынан досыңдай сырлас» дейтін мән-мағынасы терең өсиетті, тәрбиелік-өмірлік маңызы зор ұғымды санадан түбегейлі шығарып алуымызға жеткізді.
Есті де текті, дана қазақ «Он үште – отау иесі» деп тегін айтпаған. Он үш жас – алғашқы мүшел жас. Ата-бабаларымыз бұл жасқа келгенді азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан. Осы жаста бабаларымыз әмеңгер атанған. Жетім бала, тастанды бала, жетім балалар үйі, қараусыз қалған қарттар үйі деген ұғымның пайда болуына жол бермеген. Ал бұларды бүгінгі қазақ санасына сыйдыра алмайды. Неге? Өйткені, әсіре балажандылық, балаға тап болуы мүмкін қауіп-қатерден туындайтын секемшіл сезім, басқа да қорқыныш сананы буып, жан-жақты ойлауға да, сараптап талдауға да, тіпті бабалардың сонау ұғым-түсініктің мәнісін терең түсінуге мүмкіндік бермейді.
Бала көзден таса болса, мазасыздық еңдеп, әлдебір қара ниетті адам ұрлап кеткендей шала бүлінеміз (бұны көшеде қауіп-қатердің ушығуына орай түсінісуге де болар), аулаға шықса, бір кеселге ұрынып қалатындай қалтырап-дірілдеп шектен тыс күйгелекті күйге түсеміз. Ақырында күйбеңдеп жанынан шықпай, сылап-сипап, байғұс баланы «бөлеп» тастаймыз. Мұндай ата-ана «Он үште – отау иесі» деген ұлы ұғымды санасына қайдан сыйдыра қойсын?
Он екі жастағы ұлды үйден таяқ тастам жердегі дүкенге жұмсай қалсақ, жік-жаппар болып, абайла деген сөзді сан қайталап, шығарып саламыз. Дүкеннен келгенде қатерлі қыл көпірден өтіп келгендей қарсы аламыз. Содан соң «Азамат болды деген осы» деп арқасынан қағамыз.
Бүгінгі он үштегі ұлымызды ана сүті аузынан кетпеген сәбише көретіндікті жоғарыда атап өттік. Бұл өз кезегінде көптеген ұл-қыздың он үшті былай қойғанда, отызға, отыз беске келгенше өмірден өз орнын таба алмауына, ата-ананың зейнетақысына телміріп, масыл болуына әкелетіндігі даусыз. Ұл-қызды ерте есейту, оң-солын ерте таныту өз қолымызда. Ол үшін ұрпаққа сенім арта білейік, шектен тыс өбектемей, бір сәт өз бетінше әрекет етуіне мүмкіндік берген абзал. Баланың болмыс-бітімі, мінез-құлқы орнығатын 13 жасқа келген сәтте сенім арта білген кешегі есті де текті, кемел қазақтың бүгінгі буыны 19-20 жасында отаудың, 25-30 жасында ел, ұлт, Отан жүгін мінсіз көтере білудің мақсатына баули білуге келгенде бәріміз де аса қатаң түрде жауапты екенімізді ұмытпайық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.