Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаға

0
404

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Бұл күндері Армения, Қырғызстан, Ресей елдерінен автокөлік әкелген Қазақстан Республикасының азаматтары сергелдеңге түсіп, қиналып жүр. Қазақта «Арқада қыс жақсы болса, арқары ауып несі бар?! » демекші, егер де, елімізде сапалы, әрі арзан көлік сатылатын болса, халқымыз шетел асып, көлік тасып несі бар?! Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанға 175 мың-200 мың арасында шетелдік көлік әкелінген. Көбі Армения елінен келген көліктер. Орташа бағамен, бір көліктің құны 3 миллион теңге болса, 200 мың көліктің құны 600 миллиард теңге екен. Қазақстан азаматтарының 600 миллиард теңгесі көлік шығармайтын Армения сияқты елдерге түсіп, сол елдердің экономикасын көтеріп, халқының жағдайын жақсартты. Біздің елде неге солай жасамасқа, бәріміз де сол кедендік одақтың мүшесі емеспіз бе?
Еліміздегі құрастырлатын жаңа көліктер өте қымбат, халықтың алуға мүмкіндігі жоқ. Сонда халық не істеу керек?
Қарапайым халықтың көбі үкіметке қол жаймай, сол әкелген көліктермен такси болып, бала-шағасын асырап жүр.
Халықтың көлігін арзан бағаға заңдастырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік номерін беруге не кедергі? Заң ба? Заң халық үшін шықпай ма? Халықты қинайтын заңның, өз халқымызға тиімсіз кедендік одақтың бізге не керегі, қандай қажеті бар? Халық маңдай терін, табан ақысын, төгіп жүріп қаржы жинап, жетпеген жеріне банктен несие алды. Адал еңбегімен алған көлігін заңсыз деп жүргізбей қамап қойса, халық ашынбағанда, кім ашынады? Халық көшеге шықпағанда, кім шығады? Елімізге 200 мың көлік кірді, әр үйде 5 адам болса, 200 мың үйде 1 миллион адам тұрады.
Сіздер, көршіміздің көңіліне қараймыз деп, бір миллион адамның жеп отырған нанын тартып алып, өз халқыңызды сенделтіп қоймақсыздар ма?!. Халық ашынбаса, қаңтардың қақаған аязында көшеге шығып несі бар? Кейбір шенеуніктер: «Бұл жағдайға халықтың өзі кінәлі» деп ақталуда. Біздің үкімет бәрін біліп, көріп отырып, шетелден әкелінген көліктің саны 10 мыңға, 20 мыңға жеткенде неге тоқтатпады? Неге, заңсыз деп сол кезде тыйым салмады? Сол көліктерін біздің әкімдер де, полиция қызметкерлері де әкелді емес пе? Халық соларды көрді, соларға сенді ғой.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз банкте несиесі бар 500 мың қарапайым халықтың қарызын жауып, елді бір қуантып едіңіз, енді өз халқыңыздың шетелден әкелген көліктерін заңдастырып, оларға Қазақстан Республикасының номерлерін беріп, 1 миллион халқыңызды тағы да қуантыңыз!..
Біз сізге сенеміз!
Алла бізді сенімнен, Сізді абыройдан айырмағай!
Тәуелсіздігімізді мәңгі, халқымызды бақытты болғай!

Құметпен, Ұлттық кеңестің мүшесі Жәнібек Қожық
20.01.2020. ж

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.