ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.ТОҚАЕВҚА
АШЫҚ ХАТ

ҚҰРМЕТТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ!
Қазақ халқында Ұлыстың ұлы күні саналатын әрі жылдың жаңаруымен тығыз байланысты Наурыз мейрамы әлі күнге өзінің мерекелеу келбетін орнықтырған жоқ. Наурыз мейрамының аталып өту деңгейі ойдағыдай емес: орныққан атрибуттары жоқ, бар болғаны этнографиялық еске алу күніне айналып кетті. Бұл мерекенің өтілуі турасында қоғамдық пікір жағымсыз қалыптасып отыр.
Мәдениеттанушы ретінде бұл тақырыпты қаузағаныма 10 жылдан асты. «Нау мен ырыс» зерделеу еңбегім жарыққа шықты, «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасы» дәйектелді, оның бергі жағында аталмыш ұлық мерекені жан-жақты зерттеп, ақыры «Наурыз-фест» жобасы әзірленді, сынақтан өтті. Бұл жоба алғаш рет 2013 жылы Шымкент қаласында 9 күн бойы мерекеленді. Шымкентте сол жылы арнайы Наурыз алаңы дүниеге келіп, 2015 жылы елбасы Н.Назарбаев Наурыз салтанатына қатысып куә болумен бірге, төл мейрамды 9 күн бойы мерекелеуді қолдады. Бірақ орталық билік тарапынан бастама жалғасын таппады.
Өкінішке орай, бұл бастама өңірлік деңгейлерде әрбір әкімнің түрліше қолдауымен әртүрлі сипат алып, бүкілхалықтық ауқымда ортақ келбетке ие бола алмай-ақ қойды. Наурыздың бүгінде барлық деңгейдегі атрибуттары мен дәстүрлерін қалпына келтірдік, жыл сайын насихаттаумен келеміз. Бірақ ресми түрде мемлекеттік сипат пен мазмұнға 30 жыл өтсе де ие болмай келеді.
Осыларды ескере келіп, Сізге Наурыз мерекесін биылғы 2020 жылдан бастап 14–22 наурыз аралығында елдік ауқымда фестиваль түрінде атап өтуді ұсынамын. Бұған ғылыми деректер мен дәйектер жеткілікті. Қазақтың он екі жылдық мүшелі 14 наурыздан басталады. Тіпті Иранда да Наурыз мейрамы 14 наурыздан бастап мерекеленеді. Ал біздің этнографиямызда 14 наурыздан бастап жұртшылық бір-бірімен көрісіп, «Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа!» деген тілекпен мерекені бастайды. Осыған байланысты 23 наурыздағы ешбір негізделмеген мереке күнін 14 наурызға әкелуді ұсынамын. 14 наурыз «Наурызбасы күні» болып аталғаны мақұл.
Сізден өтінерім, Наурыз мерекесін лайықты мемлекеттік мейрам деңгейіне көтеруге ұлттық әрі мемлекеттік мәртебелі шара ретінде қарауды сұраймын.

Құрметпен: Серік Ерғали, мәдениеттанушы, «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасының» авторы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз