ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРА…

0
740

Азабы ауыр жан алар,
Қайран жоқ оны жаба алар.
Жанымды жеген жегідей
Жүрекке түскен жара бар.

Төндірген ұлтқа түнегін,
Құм болған көріп тілегім…
Сол жара – күн-түн сыздатқан,
Бүгінде Қазақ жүрегін.

Дей ме ұлтты сорлы «жер етем!..»,
Кеткен күн болды-ау берекем…
Ұятсыз, арсыз, намыссыз,
Бейшара малғұн көп екен.

Бір-бірін арсыз күндей ме?
«Тек» сөзін – мүлдем білмей ме?
Қытай ма, шүршіт, негір ме,
Салдақыларға бірдей ме?..

Қайрылмайды енді, бір кеткен,
Іздеме ұят кір беттен?
Айтуға аузым бармайтын
Жүгенсіздік еді бұл неткен!

Түбіне ұлттың жете ме?
Жоқ болып әлде кете ме?
Кәпірден бала тапқанын,
Арсыздар мақтан ете ме?..

Әзірейіл ме екен жан алар?
Күн жақын ба екен жау алар?
Жанымды күн-түн қинайды.
Ұлт жүрегіндегі жаралар…

Бұл сұмдыққа кімдер өзі кінәлі?
…«Ол сылқым қыз, биыл өзі нешеде?
Не айтарсың қарамайтын шешеге?
Пәленшенің қызы ана қалада,
Сөйтеді екен…»-деген өсек есе ме?..

…«Бұдан дағы жақсы еді оның өлгені,
Күн бе өзі ол шіріктің көргені?..
Бұл сұмдық қой, берме Қыұдай ешкімге…»,-
Деген сөздер гу-гу етер елдегі…

Бұл сұмдыққа кімдер өзі кінәлі,
Жіберген кім, бетіменен мынаны?
Ыржаң қағып, мынау неге күледі,
Сықсың қағып, анау неге жылады?..

…Бір кездегі текті ұлт едік расы,
Жараса ма тектілікке мынасы?
Ол несіне жетіседі жыртыңдап,
Аузында әне, темекісі, сырасы…

Бұл жағдайдан ұлтым нені күтеді,
Өсек сөзді жүндей кімдер түтеді?
Қай ұлттың да әйелдері бұзылса
Ондай ұлттың өзі құрып, бітеді…

Деген сөз бар келе жатқан көнеден,
Терең еді мағынасы не деген?
От қылышы бір күн кесіп түсе ме,
Тәңірінің төніп тұрған төбеден?..

Күндіз-түні көзім жасын бұлайым,
Бұлайым да, қайта-қайта жылайым…
Мына бетсіз, бәлелерден қалай да,
Сақта ұлтымды, өтінемін, Құдайым?!.

Қашан ұлтым тек-әулетін тектейді?
Бұл арада арзан сөзің өтпейді…
Қазақ үшін бұл таңдағы ақырғы –
Ащы шындық!
Бұған түк те жетпейді!!!

Зор қайғыдан ұлттың белі бүгілді,
Бетсіздердің беті қалай тілінді…
Айтам, өтің кетсе дағы жарылып,
Міне, осы,
Ащы Шындық бүгінгі!..

Жұмаш Кенебай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.