Рухани жаңғыру деген мәселе, ілгері даму, өркениетке ұмтылу, имандылыққа бетбұру, жаңашылдыққа, жасампаздыққа қарай қадам басу. Мәдени мұраларымызды, рухани құндылықтарымызды қалыптастыру. Бұл жерде науқаншылдыққа ұрынбай, Елбасы үлкен мақсаттарды алға қойып, қадап-қадап айтқанындай, сол міндеттерді жүзеге асыру деп білемін. Осыны ұлы Абай ойларымен сабақтастыра қараған дұрыс.
Есімізде, сонау 1995 жылы Хакім Абайдың 150 жылдығы барынша аталып өтті. Сол жолы өзінің туған өңірі Семей өңірінде 2000 қазақ үй тігіліп, аста-төк той болып, алыс-жақын шетелдерден меймандар шақырылып, Тәуелсіздігімізге небәры бес жыл толғанда Қазақ елін ұлы Абай арқылы әлемге танытқан игі шара жұрт назарын аударды. Осылайша кемеңгер Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде бүкіл әлемге кеңі¬нен паш етілді.Ширек ғасыр бұрын ол өте маңызды іс еді. Сол жолы Ұлы Абай шығармалары басылып, кеңінен тарады. Шетелдерден көптеген қонақтар келді. Ғалымдар, абайтанушылар құнды баяндамалар жасалды. Той өтті, сонымен іс бітті. Ал одан кейінгі 25 жылда не істелді? Алда Абайдың 175 жылдығын қайтсек дұрыс өткізу керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Ол науқан да өтер, кетер. Енді соның маңыздылығын назарға алып, тың пікірлерді Мемлекеттік комиссияға ұсыну керек. Абайтану пәнін мектеп оқулықтарына енгізу, жалпы гуманитарлық білімді іргелендіру мәселесі аса маңызды. Ең алдымен жас жеткіншектерімізді ұлы Абайды оқуға тәрбиелеу кемшін тұр. Әліппеде алдымен«А» – Абай деп тұратын. Ал қазір ол жоқ. Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы кітапханада қыркүйек айынан бері студенттер бірде бір кітап алып оқымапты. Бұл туралы университет ректорының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Мақсат Жақауов тілге тиек етті. Бүгінгі жастар әлеуметтік желіге байланған. Ал Польшадағы Варшава жастары кітапхана, мұражайлардан шықпайтын көрінеді. Нұрсейіт Көшіровтың айтуынша бізде де өз заманында ұзатылған қызға Абайдың кітабын сыйға тартқан жақсы үрдіс болған. Демек, соңғы кезде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру кемшін деген сөз.
Данышпан Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.
Хакім Абайдың мерейтойы Елбасының Рухани жаңғыру идеясымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мәселенің маңыздылығы сол – ұлттық бағытымызды, яғни кодымызды сақтай отырып, сананы жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы жаңа менталитет қалыптастыру. Абайдың дана сөздері, әйгілі Қара сөздері құндылығын жоғалтпақ емес. Өзектілігін жоймай келе жатқан Абай тағылымдарында ұлттық болмысқа, халықтық тәлім-тәрбиеге қатысты ой-пікірлердің молдығы баршамызға аян. Осыған орай, Абайдың қара сөздері бүгінгі Рухани жаңғыру мәселесімен үндесіп жатқанын айқын аңғарамыз.
Бүгінде адамзат баласының алдында руханиятты дамыту, бейбітшілікті нығайту және табиғатты қорғау сынды зор міндет тұр. Бұлардың бәрі де біздің тіршілігіміздің қайнар көзі. Бірін-бірі толықтырып тұрған ұғымдар. Осы тұрғыда кемеңгер Абайдың әйгілі Қара сөздеріне тоқталмай кету мүмкін емес. Мысалы, Абайдың «жиырма бесінші» қара сөзіндегі «сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашық болады» деген ойы «Рухани жаңғырудың» «Сананың ашықтығы» басымдығындағы Елбасы ойларымен тығыз үндеседі.
Абай «отыз үшінші» қарасөзде дүние табу үшін қолөнер үйренбек керектігін айтады. Мал жұтағанмен, өнер жұтамайды. Ақын адал еңбекпен нан тауып, қолөнерді әрмен қарай жетілдіруді және ашқан кәсіптің ауқымын арттыруды меңзейді. Ғұлама Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім», – деген сөзі мінез-құлықты жөндеуге тәрбие жұмысының үлкен мәні барлығын көрсетеді. Яғни, бағдарламалық мақаладағы біздің өркендеуімізге жол ашатын эволюциялық даму мен аумалы-төкпелі заманда сананы ашықтыққа бағыттап, қоғам және әрбір адам өзгеріске дайын болуы керектігін айтуға болады.
Абай шығармашылығы сананы серпілтіп, ойды тереңдете түседі, жаныңды тазартуға жол ашады. Алаш қозғалысының көрнекті басшыларының бірі, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп атауы тегін емес. Сондай-ақ, Әлем әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов абайтанудың негізін қалады.
Абайдың әр сөзінің терең астары мен мағыналы мәні бар, сондықтан бас ақынымызды толық зерттеп білдік деп айтуға болмайды. Біз Абайды бүгінгінің көзімен көруіміз керек. Өркениеттік тұрғыда оның шығармашылығына үңіліп, астарын ұғып, соны жеткізуді мақсат етуге тиіспіз.
Абай өз халқын керемет қадірлі көргендіктен де, кемшіліктеріне күйіне отырып ащы сынайды. Әйтпесе оның өз жағдайы жақсы болатын, мұқтаждық көрген жан емес, бір өлеңінде «жарлы емеспін, зарлымын» деп жазғаны да бар. 1903 жылы орыс ғалымы Галкин жазбаларында Абайға: «Он весьма состоятелен» деп керемет мінездеме берген. Оның мың жылқысы, екі мыңдай қойы, басқа да малы болғандығы айтылады. Демек, Абай өзін ойлап алаңдаған жан емес, ол келелі толғамдарын елінің қамын жеп жүріп жазған.Әуелі адам болып алып, яғни рухани жаңғырып барып, содан соң ғана білікті маман болғанымыз абзал.Өзі өте білімдар Абайдың үш әйелінен туған жиырма баласын оқытып, білім беріп, кітап, газет-журналдармен қамтамасыз еткен. Бұл бір есептен оның демографиялық мәселені де оңтайлы шешкенін көрсетсе керек.Осыны бүгінде орта кәсіпкерлікті қалыптастыру ретінде қарастыруға болады. Мемлекеттік қызметте би, болыстық правитель болғаны мәлім.
Жалпы біздің дамуымыздағы негізгі басымдықтар ретінде ең әуелі рухани құндылықтарды атауы осындай ойларға жетелейді. Заманында Абай философиялық трактаттар жазғанын ұмытпайық. Абай бүкіл шығыс ғұламаларының философиясын оқыған, зерттеген, аударған. Осы арада ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты үстіміздегі жылы Рухани жаңғыру бастамасын ұлы Абай ойларымен сабақтастырып, Абай арқылы халық санасын өсіру секілді аса ауқымды шараларды жүзеге асырады.

Саясат
Бейісбай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.