Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Д. Кисикова салауатты өмір салтын қалыптастыру және денсаулық сақтауды дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы мен салалық жол карталарын орындау бойынша медициналық ұйымдар басшыларының есептерін тыңдау мақсатында қала әкімдігінің ШЖҚ МКК «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы», «Наркология және психотерапия орталығы», «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» және қалалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының ұжымымен кездесті. .
Кездесу барысында, медициналық ұйымдардың басшылары 2019 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша есеп берді. ЖИТС орталығының директоры С.Абдраимов: “2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында АИТВ-инфекциясымен сырқаттанушылық шоғырланған сатыда. АИТВ-ның жыныстық жолмен таралуының ұлғаюына байланысты жүкті әйелдердің АИТВ-ны жұқтыруы салдарынан ауру саны артып келеді. Қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтыру деңгейі 85%-ға дейін жетіп, инфекцияны жұқтыру 25 жағдайға артты. Орталықта антиретровирустық терапияны 909 пациент алады, емдеу тиімділігі 73% құрайды”-дейді. Кеңес қорытындысына сәйкес АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды емдеу, балаларда АИТВ-ның алдын алу және АМСК-мен тығыз өзара іс-қимылды жетілдіру бойынша мақсатты жұмыстарды жетілдіре түсу арқылы неғұрлым тиімді көрсеткіштерге қол жеткізу керектігі жөнінде тапсырмалар берілді.
Нұр-Сұлтан қаласы «Жедел жәрдем» станциясының қызметі қала тұрғындары мен халқының денсаулығын тәулігіне 24 сағат бойы күзететін медициналық ұйымдардың бірі. Бүгінгі таңда станцияда 1100 қызметкер жұмыс ісейді, оның ішінде 750 медициналық қызметкерлер. Станцияға күніне 3500-ге жуық шақырту түссе, оның 2000-ға жуығына қызмет көрсетіледі. Жедел жәрдем қызметкерлерінің шақыртуларға тез жетуіне мүмкіндіктер жасалған. Соның бірі 2019 жылдың соңында станцияға 52 жаңа автокөлік алынған болатын. Қазір станцияда барлығы 116 автакөлік бар.
Наркологиялық орталық аталмыш патология бойынша тәулік бойы ургентті жүзеге асыратын бір ғана мамандандырылған стационар болғандықтан, Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық медициналық ұйымдармен тығыз өзара жұмыс жасайды. Бұған дейін стационарлық емдеуге орналастырудан бас тарту жағдайы болмаған. 2019 жылы тәулік бойы стационардағы емделген науқастар саны 11,4% -ға көбейген.
Қалалық №3 көпбейінді балалар ауруханасының басшысы Шаметеков Иран Маратұлы 2019 жылғы аурухананың атқарылған негізгі жұмыстары бойынша есеп берді. Жиын соңында барлық мекеме басшыларының есебін қорытындылай келе Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Д. Кисикова елордалық медицина ұйымдарының атқарып отырған қызметін әрі қарай заман талабына сай жетілдіре түсу керектігі жөнінде тапсырма берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз